Аспаздық қызмет (8 сынып, II тоқсан )

 Аспаздық қызмет (8 сынып, II тоқсан )

Пән: Қазақ тілі
Ұзақ мерзімді жоспардың бөлімі: Кәсіп пен еңбек. Болашақ мамандықтары
Сабақтың тақырыбы: Аспаздық қызмет
Осы сабақ арқылы іске асатын оқу мақсаттары: (оқу бағдарламасына сілтеме) 8.1.4.1. мәтінде көтерілген мәселені (тұрмыстық, әлеуметтік) талдай отырып, негізгі ойды анықтау.
Сабақтың мақсаты:
Оқушылар:
• Мәтін мазмұнын түсінеді;
• көтерілген мәселені анықтайды;
• мәтіннің құрылымдық бөліктерін ажыратып, тақырып қояды.
• мәтіннің түйінді ойын таба алады.
Сабақ барысы: Мұғалім оқушыларға аспаздың суретін көрсетеді. Сол бойынша осы мамандық иесінің ерекшеліктері туралы ойланып, шағын топта талқылауды ұйымдастырады.
• Көп уақытын қайда өткізеді?
• Жұмыс күні неден басталады?
• Оған қандай талаптар қойылады?
• Нені өте жақсы жасауы керек?
• Сырт-келбеті қандай болуы керек?
• Сенің ойыңша, олар қандай сөздерді өте жиі қолданады?
Талқылаудан соң, сабақтың тақырыбын анықтайды, оқу мақсаттары мен бағалау критерийлерін талқылайды.
Тыңдалым/айтылым алдындағы тапсырма.
Болжам жасау.
Мұғалім оқушыларға тыңдалым мәтінінің бірінші және соңғы сөйлемін оқиды. Оқушылар мәтіннің не туралы екеніне болжам жасайды.
Тыңдалым/айтылым тапсырмасы.
Мұғалім оқушыларға С.Мұқановтың «Аспаз» әңгімесінен алынған үзіндіні тыңдалым мәтіні ретінде ұсынады. Оқушылар мәтінді тыңдайды, тыңдалым бойынша тапсырмаларды орындайды. Мұғалім мәтінді дауыстап, екі рет оқиды.
Тапсырма.
1. Мәтінді тыңдап, мәтін бөліктерін ажыратып, тақырып қойыңыз.
Кіріспе бөлім
Негізгі бөлім
Қорытынды бөлім
2. Сұрақтарға жауап беріңіз.
• Мәтін не туралы?
• Әңгімеде қандай тарихи кезең туралы баяндалады?
• Бұл тарихи кезеңдегі кейіпкердің рөлі қандай болды?
• Тыңдалым мәтініндегі төмендегі сөздердің мағынасын, тыңдалымдағы қолданысын түсіндіріңіз.
Тау қараңғысынан тұру, «қазаншы қатын», тың игеру,диірменге үктіру,көзінің шырымын алмау, белуарынан келтіре салу,дәмділігі тіл үйіреді.
• «Туған жердің топырағына өскен дән өзге дәннен дәмді болады екен» деген кейіпкердің сөзін түсіндіріп көріңіз.
• Мәтіннің түйінін анықтап, айтыңыз.
Дескриптор:
• Мәтіннің құрылымдық бөліктерін ажырата алады;
• соған сай тақырып қояды;
• тыңдалым бойынша сұрақтарға жауап береді
• тілдік оралымдардың мәнін ашады;
• мәтіннің түйінін анықтайды.
Тыңдалым мәтіні.
Тау қараңғысынан тұру Дәметкеннің өмірлік дағдысына айналған еді. Келін кезінен «қазаншы қатын» атанған ол, биыл елу төрт жаста. Осы жиырма тоғыз жылдың ішінде, қандай жағдайда жүрсе де, оның атқарғаны бір ғана аспаздық қызмет. Оны таң қараңғысынан тұруға үйреткен кәсіп осы ғана.
Бүгін де ол дағдылы кезінде оянса, көшедегі қатты гүрілдеген тракторлардың дауысы естілді. Дәметкеннің есіне түсе кетті: тың көтеруге келе жатқан көп трактор, жуық арада осы тұстан өтетін, ол әуелі немересі – Күнжаннан, одан кейін МТС директоры Ержанов Байназардан естіген. Оның қызметі – осы ауылдағы МТС-тың тракторлар ремонтын жасаушыларға ас пісіру.
Елде тың игеру жұмыстары қызу басталып кетті.
- Комбайннан алғаш құйылған астықты, алғаш жиналған овощьты сізге әкеп берем, сіз содан тамақ жасап, туған жеріңізде өскен астықтың дәмін, бірінші боп татасыз, -деді оған Меликян.
Асыға күткен Дәметкеннің қолы ол күнге де жетті. Комбайнның шүмегінен грузавиктің жәшігіне алғаш құйылған бидайды Меликян совхоздың электр қуатымен жүретін диірменіне үктірді де, Дәметкенге жеткізіп берді. Сол күні асхана қасындағы тақтайдан уақытша жасалған сарайшыққа, екі грузовикке тиелген овощь та келіп түсті: оның ішінде капуста да, картоп та, сарымсақ та, сәбіз де, қияр да, помидор да бар.
Ол күні кеше кешке Дәметкен көзінің шырымын да алған жоқ. Ашытқы құйған тандырды ол үлкен екі бөшкеге белуарынан келтіре салды да, қабарып көтерілгенше, бетін жауып тастады. Содан кейін, овощьтарды аршып турауға кірісті.
Ол күнгі түстік, тыңда өскен жаңа овощьтан жасалды. Ас қайнап пісуге айналған кезде, ожаумен іліп ап дәмін көру Дәметкеннің дағдысы еді. Бірақ бұрын асықпай, астың пісер мөлшерін күтетін. Бүгін бұл дағдыдан Дәметкен айырылды. Ошаққа орнатқан қазан бусанбай жатып қақпағын ашып көрген ол, тезірек қайнауын тілеп, отты астына баса жақты.
Қазан шала қайнай бастаған кезде-ақ, Дәметкен қуанған кескінмен ожауды малып жіберіп, сорпаны іліп алды да, шетінен үрлей ұрттап дәмділігі тілін үйірген сияқтанған соң, қылқ еткізіп жұтып жіберді. Оның бұрын көрмеген қылығына қайран қалған қыздар, сорпаға құмарланған себебін сұрап еді:
- Туған жердің топырағына өскен дән өзге дәннен дәмді болады екен, - деді ол.
(С.Мұқановтың «Аспаз» әңгімесінен үзінді)
Тыңдалымнан кейінгі тапсырма.
Мұғалім жұптағы оқушыларға тоңазытқыштың суретін ұсынады. Оқушылар осы тоңазытқышқа шикі тағамдардың атауын жазады.
Осы жазбаны келесі жұппен ауысады.
Осы тізімдегі тағамдардан ас дайындайды. Астың дайындалу барысын түсіндіріп жазады.
Ол үшін тыңдалымдағы өздері мәтінін түсіндірген сөздерді орынды қолданады.
Тапсырманы орындап болған соң, оқушылар парақтарын қайта ауыстырады. Бір-біріне кері байланыс береді.
«Аспазға пікір»
• Тағамың өте дәмді көрінеді
• Тамағыңды жеуге асықпын
• Тағамыңа өзгеріс енгізуге кеңес беремін.
• Менің ойымша, тағамда дәрумендер өте көп
• Тағамдағы жемістер мен көкөністер маған аса ұнамайды
• Тағамның тамаша шыққанына сенімдімін.
• Тағам адам ағзасына өте пайдалы.
• Мен бұл тағамды кешкі асқа жер едім.
• Тағамды жеймін, бірақ кей қоспаларды басқамен алмастырар едім......


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 781



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!