Өлең: Фариза Оңғарсынова (Шаңырақ)

Өлең: Фариза Оңғарсынова (Шаңырақ)



Бас қатырма баққа да, бұйымға да:
тірліктегі жұмағың үйің ғана.
Шатынап тұр, ал, менің шаңырағым –
келін жуас, қыз ойсыз, қиын бала.
Жабуға әзір қымтанып қақпаны ерте,
бірін-бірі менсінбей – жатқан ерке.
Бірлік жоқта байлық та берекесіз,
бауырмалдық болмаса, бақ та келте.
Атамыз да, деп жүрген жайда, мықты
пәтуасыз бір шалға айналыпты.
Ел құты еді баяғы қариялар –
бәрін бірдей қу заман қайда жұтты?!
Қырық рулы тобырдың күйі бізде,
қырқысқаннан табатын сыйымыз не?
Үлкендері – үлкенше, жасы – жасша,
жарасымды тірлік жоқ үйімізде.
Әулет едік қаймағы бұзылмаған,
сұқ өтті ме, тіл-оқ па ызыңдаған –
бір үйлі жан ашыған айрандаймыз,
құлқымызды бұзды ма құзыр-заман?!
Бақ құсы кеп басыңа қонса – күндік.
Бақ үйіңде жұмақтай болса тірлік.
Түндігінен тамшы аққан ошағымды
қалқалаймын жанымды қолшатыр ғып.

* * *
Жан дегенің немене?
Жақсы көру, жек көру…
Қиял бір күн келе ме?
Түбі әйтеуір – текке өлу…
Ішім толған бір дауыл,
шыдатпайды жартасы.
Айтқан сөзім – кіл жауыр,
ойларымның қаңқасы.
Бұрқанысын жанымның,
сезімімнің селдерін
ұғар, көрер бәрін кім?
Қалай шығар мендегі үн?
Жан дүнием бір әлем,
сыртым – соның елесі.
Айтып тұрған мына өлең –
мұқалған бір жебесі.
Ішкі әлемін адамның
көрсете алар күш бар ма?
Тұңғиыққа қамалдым,
осы ойларым қысқанда.
Жан ағысын берерге
жетпес тілдің шамасы.
Бұл дүлейді жеңер ме
адамзаттың баласы?


Комментарии для сайта Cackle