Фариза Оңғарсынова (Жалғыздың малы құралмай)

 Фариза Оңғарсынова (Жалғыздың малы құралмай)

Жалғыздың малы құралмай,
шырқауға шалқып шыға алмай,
жалғыздықпенен күн кешер
шыңдағы жалқы шынардай.
Жалқының жайы - қараң жай,
жапанда жортқан тағы аңдай,
талықсып кеткен сәтінде
тіл қатар тұлға таба алмай...
Артықтау туған алаштан
данышпан болсын бағы асқан -
жалғыздық бірақ, жарығым,
Құдай мен Күнге жарасқан.
Жабығып жүрек жылардай,
жанымды жаның ұғар ма-ай.
Тұман ойлардың іргесін
түндерде жатам тұра алмай...
жұмыла кетсе жанарым,
сөнгенде солып Ана-күн,
Қалады-ау жалғыз жерде
сені ойлап жүрмін, қарағым!
Білесің ғой, онысыз
дүмпуіне шыдамай сағыныш-зардың,
жанымдағы жанартау-жарылыстардың,
көз аштырмас бір сезім дауылынан
жай таппай алып-ұшқанмын.
Ол жоқ жерде
таңдайдағы дәмімен бал үміттердің,
толқынына тұншығып, малынып шердің,
ештеңені, ешкімді көзіме де ілмей,
тек соған табынып, сендім.
Үзіліп қыршын, сонан соң...
өтетін болды жабырқау жеке кештерім...
Қайғым бар (білем басқалар бекер дескенін)
ол - өзгені сүйе алмай,
жалғыздықпенен
мәңгілік некелескенім.
Таппадым басқа
жаралы жанның бір емін.
Махаббат аңсар менің де балғын жүрегім...
«Кімді де болса, әйтеуір, сүйші,- деп,- жүрек»
жалындым, талдым, жүдедім...
Жаның жүдеп, қалқам-ай, жүр-ау сенің,
біраз жерге сен бұрын шыдаушы едің:
мүмкін өмір-толқын жеп жұқардың ба,
мүмкін сені алдаған шығар сенім?
Мен... өзіме өкпеледім:
өзім - досым,
сол еді тек сенерім.
Ондай адал, асыл жан жоқ деп едім...
Бортынан от кеменің
итерді, күтпеп едім:
ыза ма, кек пе,-
менің кеудемді ұрып,
жалғанға өкпеледім.
Ондай досым, білесің, көп пе менің?
Ес жия алмай, сене алмай,
«ол емес қой, басқа болар,
ол емес! Жоқ!»-деп едім.
Көзім шалды: сол -
бұрын дос дегенім.
Сонда өкініп ойладым
осындайда
жалғандықты бір тартар оқ керегін.
Мен өзімді, басқаны...
барлығын да
жиіркеніп жек көремін!
Сазың мұңды, нәзіктеу, үнің майда,
асқақ әуен, отты леп жырың қайда?
Тымырсықты талқандар арынды өлең
белең алған асаудай бұрылмай ма?
Өнер жолы -
алысып уақыт-селмен
тылсым теңіз түбінен жақұт терген.
Қай заманда ойлылар қайғы-мұңсыз
жүрді деп ең бақытқа батып белден?!
Түңілгенде тіреліп тас қамалға,
адастырмай арманың бастар алға.
Пасық ниет біреуден қалған көңіл
күдіктенгіш
сондай деп басқалар да.
Ұғынбастай жаныңды ешкім сенің
жалғыздықтың, тістеніп, кештің селін.
қанша сенің достарың, тілеулесің,
соңыңа ерген жанашыр жеткіншегің!
Ардағындай аялар сенген елің,
Қанша сенің жайдары жеңгелерің?!
Мақтан етер өзіңді ағалар ше -
сені қорғап тосатын желге демін?!
Солқылдамай, ендеше сынға, мұңға,
жырла шалқып - бел буып жырладың ба !
Күй күмбірлеп төгілсін асқақ әуен
махаббатты еліңнің құндағында!
Жүрмін, ана,
көп жаннан сағым сынып,
қиналамын кетердей жаным шығып.
Мен ешкімге зұлымдық жасамадым,
қайта, қолымды ұсындым барымша ұғып.
Болмысымды зерттеп ап ол ақырын,
тасаланып бастайды оқ атуын...
Біледі олар мені тек
жалғандықпен жаралауға,
жасқауға болатынын.
Адамдарға сендім мен.
Таңдамадым.
Өкінемін кейіннен,
алданамын.
Көре алмайды қатарға қосқандарым,
нысанасы болдым мен сан жаланың.
Алданбауға адамға
күлімдеген
сенбеуге де серт еткем, дірілдегем.
Тырыссам да,
өзімді өзгерте алмай,
содан, ана, қажыдым бүгінде мен...
Жыр қуған жас балаға
жұмақ түгілі, жетпей жүр баспана да
(сондай жандар алдыма көп келеді -
менде ешқандай бөгеттер жоқ дегені)
түспесін деп жаны гүл жасқа жара,
бардым
жайды айтуға жақсы ағаға:
жас баланың ойынша, мен - данамын,
мейірімім өзіндей кең даланың,
сөзім өтпес жер жоқтай бұл әлемде,
жырым барда -
бәрі бар мына менде:
қадірлейді, тосады ел де барын,
абыройым аспанда, жерде жаным.
Алдынан басшы ағаның
аласарып қалғандай асқақ әнім,
үміті өшкен жетімдей
шықтым жасып,
ешкім еместігімді ұқтырдьшшық.
Соғылғандай біржола тасқа жаным,
бұл мен үшін болды бір масқара күн.
Бәрін емес, айттым бір сырды ғана,
тауым талай шағылып, сындым, ана...
Қиын-қыстау жолдарда сен өрлеген
әділ болсаң, тамырың терең дер ем.
Жер бетінде қашаннан Адам шіркін
әділетке, шындыққа кенелмеген.
Халқың таныр тұлғасың бұл күнде сен,
шындығын айт өмірдің,
іркілме сен.
Сені өрлеткен елің де сырт айналар,
тура айтудан тайсалып, күңкілдесең.
Заманың да шуақты,
күнгей көшең,
жүрсің мүмкін көп жайды білмей де сен.
Сені үлгі еткен ұрпақтар алыстайды,
қаңылтыр мен алтынды бірдей десең.
Шындық жоқта армандай жыр ұшады,
абырой да басыңнан жылысады.
Үлкен-кіші істер жоқ әділдікке,
зұлымдықтың болмайды ірі-ұсағы.
Өлшенбейді қадірің күш-шеніңмен -
баяндайды байлықтай түске кірген.
Сүртіледі ұлылық, атағың да
әділетсіз, шындықсыз істеріңмен.
Маған бір дос адамды
көзінше сынап едім -
шыдамайтын әдетім мына менің
менменшілге, күңкілге, өтірікке
(жүрмін соған кейде мен өкініп те),
жақты маған әлгі «дос» кінә-желім.
Кінәм -
шындықты айтқаным, сынағаным.
Мен мұныма кешірім сұрамадым.
Ал ол маған әлі күн өкпелейді,
үшкір тілмен көсейді от көмейді.
Арадағы татулық сыналарын
быт-шыт қылдық осылай.
Бекер шығар
қайта ұмтылып, оны енді құрағаным?
Осы жайға қайғырдым. Түсінбедім.
«Кешір» десем - алдында кішіргенім.
Жоқ!
Айтпаймын! Ешқашан!
Кінәлі емен -
сырттай мінеп, өсектеу - кінә деген:
өтірік емес, шындықты өзіне айтқам
және ол құсап менменсіп ісінбедім.
Түк ұқпады...
Тек содан ішімде мұң.
Арманшылдау көңілің үмітке еріп,
кезің қайда жүретін күліп, сеніп?
Ақ көңілмен жаныңа келгендерге
қарайсың күдіктеніп.
Бұрынғыдай
жарқылдап тұра қалмай,
отырасың сыр бермей,
сынағандай:
Қандай оймен келді деп
алдыңдағы
біреу саған жіберген сұмПідамдай.
Іздегендей кемшілік, міндерін де
сөзін аңдып,
жақтырмай күлгенге де,
міз бақпайсың, балам-ау, елтімейсің,
ұқсамайсың өзіңе
мүлде, мүлде!
Күдіктену - соты емес
ақ, қараның,
сеніп келген көңілді таптамағын.
Жалғыз қалар міні жоқ дос іздеген,
достарды сақта, жаным!
Біреулердің ойынша,
байлығы - арна
мен жатамын тірлігі жайлы жанға.
Таңданады:
«Жырымен, атағымен
мұның-дағы басында қайғы бар ма?..»
Кейде бойды билеп ап жалын желік,
қамсыз өмір кешесің сағымға еріп.
Қайғырасың, жанасың
қара Жерде
Адам әлі жүргенде жәбірленіп.
Өрлегенмен Айды аттап, қиыр барып,
өзің аман,
болғанмен үйің жарық,
ақиқаттың алдында бас ию де
бара жатқан секілді қиындалып.
Саналымыз, созамыз Күнге білек,
шуақтар мол, тұрмайды гүл де жүдеп.
Сөйткен сайын күрделі адамдар да,
өмір сүру одан да күрделірек.
Оқтар да бар жететін күші мыңға,
адам емсіз кеселден қысылуда.
Соның бәрі жонады жүйкелерді,
көтереді қаныңның қысымын да.
Көйлегімнің көлбеңдеп гүл етегі
көрінгенмен,
ой кешіп күн өтеді.
Жер-үйімнің қалыпсыз демалысы
қағылездеу жанымды жүдетеді.
Өмір заңы: тіршілік үзілмейді,
жалғасым - сен, болмайын бүгін мейлі.
Сендік өмір өзіңмен біте ме ертең,
қалай содан жүрегің түңілмейді?
Қызықтаймын жат жердің модаларын,
гүл шыққандай тасы да сол араның.
Мұхиттарды жағалап ассам да әрі,
туған жерге бәрібір ораламын.
Көрінгенмен мықтылау жат емені,
ана құшақ, ақ бесік - әке жері.
Жарып шыққан жүректен өлеңдерім
Отаныма жетелеп әкеледі.
Жырым менің - тамырым, тілім менің,
жұмыр жерде қаз басып, жүгіргенім.
Мен өзімді адамша сезбегенім -
тыңдамаса тұшынып үнімді елім.
Жырым менің - Отанға оралғаным,
туған жерсіз - тамырсыз солар бағым.
Оралғаным -
қаныма жусан иісі
жетпей,
дертті болғаны содан жаным.
Ұғын мені, анашым, сырымды аңда:
өлшенбеген мәңгілік ғұмыр жанға.
Мен жоғалып кетуім мүмкін емес
туған жерде көктеген үнім барда!
Үстімдегі киімім, мүлкім - бәрі
шет елдікі.
Ұмыттық қыр тұлғаны.
Супер шалбар - мүхиттың аржағынан,
ақжемденіп тұрғандай жыртылғалы.
Көйлегім де Балқаннан әкелінген.
«Біздікі екен тоны» деу - қате мүлдем.
Қымтаймын да поляктың бояуымен,
жүрем ылғи әдемі, жат ерінмен.
Кірпігімде - Римнің түнгі реңі,
туфлиден париждік түр кіреді.
Жапондардың жасанды шашы барда,
астындағы селеуді кім біледі?!
Кербездер де керіліп қас-қабағы,
таңданады. Қалмайды басқа амалы.
Кеудемдегі Бағдаттың хош иісінен
ық жағымнан өткендер мас болады.
Айыптама ерсі деп мұнымды, ана:
заман жаңа бұл күнде, үғым жаңа,
киім жаңа, түр жаңа,
тексіздіктен
сақтап жүрген
мені тек тілім ғана!
Балам-ау, сөкпе мені
(баяғы кез
мұнымды шет дер еді):
перзентінің гүл дәурен күн кешкенін
қай ана жек көреді?
Қыс барын жазда ескермей,
ғұмыр кешкен көрмедім жанды еш сендей.
Жас өмірде жүресің неге бұлай
бәрінен баз кешкендей?
Туғанмын шөл далада
(шөл - тұздалған терідей
сордақ ана),
біледі адам, тамсанса таңдай кеуіп,
тамшы судың қадірін сонда ғана.
Тірліктің жан сыңары -
су - өмірдің тарқамас бал құмары.
Біздің ғасыр - шөл ғасыр,
теңіздер де
адамдардан тіксініп, тартылады.
Су мұқтаж шақта нағыз
жасыл орман, желекті бақтар - аңыз.
Қара жерде адамзат сая таппай,
ыстық күнге шыжимыз, қақталамыз.
Таңдайға талғам алмай,
тірлік бітіп, қалғандай шам да жанбай.
Бұлақ нәрін аңсайды адам сонда
тамшы сумен ғұмыры жалғанардай.
Арман боп қаз басу да,
ұмтыла алмай алдағы таңға, шыңға,
ынтығады адамзат мөлдір суға
мөлдірлігі дүниенің аз ғасырда.
Әлемде өзгермелі
күнге күйіп кезерген сор, белдері,
жүректерге нәр болған жырым менің
шыңыраудың суындай шөлдердегі.
Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге
(көрмегендей сырт берер - сүріндің бе),
ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен -
өлдің бе, тірілдің бе.
Біледі олар салмақтап шамаңды анық
(ұғу қиын, көрмесең сан алданып),
бір пайдаңның тиерін білген сәтте,
жетеді танау қағып.
Сенің үшін әзірдей сең кешуге,
болады олар жақының, елдесің де.
Қолың шығып тұрғанда, дайын олар
«шын досы - мен!» десуге.
Бұлт айналып, басыңның тайды бағы
(бақ дегенің қашанда айнымалы),
әлгі достар сырт қарап,
сонда сенен
жанарын тайдырады.
Кейде бұлтты, кейде ашық таң атқанда.
Адамдардың жүзіне қарап, барла.
Уақыт саған таңдайды дара досты -
сен оған азаптанба!
Достықтарды қайтесің бұлдамалы,
жақса саған сыртыңнан кір-жаланы.
Тек... бұлт торлап, найзағай тілгенменен,
шуақты шың қалады.
Түн жарымы.
Қоңырау шылдырады.
Таңдандым:
«Бұл кім әлі?
Бауырларым...
сау ма екен ел жақтағы...»
Жүрек тулап,
аяғым жылжымады.
Таңдану бар.
Үрей бар жанарымда.
Кім? Дарақы!
¥йқысыз қаламын ба!
Жүрек, ми да тәртіпке үйретілген,
есептеулі
мезгілің, тамағың да.
Кім болғаны?
Келді ме жат сынауға
түнгі аяз, ақ қырауда?
Ешкім дауаламайтын жайшылықта
бұл есікті мезгілсіз қаққылауға...
Жұмыстастар...
жоқ...
менде тағат қашып,
ойларым қабаттасып
топырлайды, есіктің тұтқасына
тұрдым,
ұры адамдай, қарап сасып.
«Біздің үйде қуаныш!
(дәті қалмай
достар кірді,
менде бір заты бардай)
Бөлісуге өзіңмен
саған келдік -
қуанғаннан тым-тырыс отыра алмай!»
Елжіредім. Жылжыды жыб&сқы мұң.
Достарым, дұрыс мұның!
Тілеп тұрдым тек қана қуаныштан
бұзылғай деп ұйқым мен тыныштығым.
Тіл табудың жүрмін-ау таппай да ебін,
Маған біреу шашады оттай демін:
«Қайғыма ортақ болмадың, сүйтпедің",- деп,
өз тірлігім, өз қайғым жоқтай менің.
Көңіл деген сұлуды жықпай жүрек,
кейде соны ойланбай ықтайды кеп.
Өкпелейді адамдар бір-біріне,
мені неге түсініп, ұқпайды деп.
Оралмайды өлгендер - жыла, мұңай,
өмір солай қашанда сынағы бай.
Қасіретімді бөліс деп міндетсиміз,
қайғымызға басқалар кінәлідай.
Жұрт жүргендей ісі жоқ, жаңғақ шағып,
қайғыға ортақ етеміз зарлап, талып.
Менің ішімдегіні біліп ал деп,
дәметеміз өзгеге салмақ салып.
Жырақтаса, көреміз жауыз жандай,
міндетсімей жүрмейміз, арызданбай.
Өз тірлігін қоя сап жұрттың бәрі,
көңілімізді табуға қарыздардай.
Шыным, ана, жазғырма, ессіз деме,
басқалардан бөлек боп өстім неге?
Міндетсиді жұрт неге? Мен жүремін
арқалатпай қайғымды ешкімге де.
Балам,
пікір-ойларың заңды екен бек,
бірақ мұның жараспас жанға сергек.
Қалай
жұрттың бәріне шаң шашқаның,
бір пасықтан көңілім қалды екен деп?!
Ақылдылар,
ойлашы,
өстер ме еді,
жеткен жерің осы ма өскендегі?
Бірақ саған мұң шағып, өкпелесе -
жақын тұтып ол сені дос көргені.
Жүйрік ойлы болсаң да шексіз санаң,
өзгелерсіз өлшенбес екпін, шамаң.
Адаммын деп жүргенің бекер сенің,
өкпе айтпайтын болса егер ешкім саған.
Жалғыздықтың құны де қараң, жаным,
досы жоқтың қайғы-мұң қамар жанын.
Әркім өзін Құдайдай сезінгенмен,
бір-бірінсіз түк емес адамдарың.
Ортақ Жерде тағдырдың күш, заңы да,
қарамайды даңқыңа, түс, қаныңа.
Қайғылыға қылышын кеземейді
ат құйрығын үзіскен дұшпаны да.
¥лылық деп ұғынба
өзіңді елден
бөлек ұстау. Жолың жоқ безінгенмен.
Артық қайғы болмайды адам өзін
ешкімге де қажетсіз сезінгеннен.
Ана,
Бүгін қуандым!
Қуандым мен!
Табысқандай өзіңмен,
сылаң жырмен!
Қуанышым ұмытты-ау мені осы деп,
жаным жүдеп жабырқап, жылап жүргем.
«Қалқам!
қалай, саулығың жақсы ма?» - деп,
(бұл дүрмекте кімді кім жатсын елеп)
мейіріммен бір апай амандасты,
толқып, әрең тұрдым мен жасты бөгеп.
Бәсекесіз,
тартыссыз өнер қайда,
біреулерге өмір де, өлең де айла.
«Оның жолы - ерекше. Қойыңдар!»- деп,
бір ағайым жеткізді төбемді Айға.
Ана,
осыған қуандым, дірілдедім,
жаңғырықтай жылысты
түңілген үн
Қуанышым сыймай тұр, өзің жоқсың -
жаны қалмай қуанар кімім менің?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!