Өлең: Фариза Оңғарсынова (Кетпейсің ұшып сен неге)

Өлең: Фариза Оңғарсынова (Кетпейсің ұшып сен неге)



Кетпейсің ұшып сен неге,
жүрегім - жалғыз құс-бағым?
Қамалап қойып кеудеме,
қанша жыл сені ұстадым.
Көңіліңді бекер сергітпе,
көкірегім менің мыс құбыр.
Керімсал дала-кеңдікке
кеудеңді керіп шықшы бір!
Сенемін сендік қуатқа,
басымнан өткен ғұмыр-ды ол:
жылағандарды жұбат та,
жабырқағанға жылу бол
Жүректерінде арманды үн
(ғұмыр жоқ мәнсіз күлкіде),
ойлы да мұңды жандардың
кеуделеріне бір түне.
Ортақтас - бұған не жетсін -
қасіретті көңіл, ойына.
Ұмыта алмасын сені ешкім
сонан соң өмір бойына.
Шөлдегендерге нәр беріп,
дерттінің тапқын бір емін.
Қалса да мені шаң көміп,
жылуымды сен шаш, жүрегім!


Комментарии для сайта Cackle