Мұхтар Шаханов (Ла Валетта маңындағы түн немесе қасиет мұнарасы)

 Мұхтар Шаханов (Ла Валетта маңындағы түн немесе қасиет мұнарасы)

Мальта қызы жиырма үшке толғанда
Иек артып арманға,
Жанары жайнап,
Шашына аляндр гүлінен жемелек байлап,
Қоштасып бал дәурен шағымен саялы,
Өртеніп іштен,
Толғанып, алқынып,
Нән үлкен ыдысты
Терезе алдына қояды,
Әбден қызарып піскен
Алма мен бананға толтырып.
Бұл — бойжеттім дегені.
Міне, осылай, сынға түспек сұлу қыздың беделі.
Ал, үміткер жігіт біткен қақпа алдына тұра қап,
Алма-кезек өз бақытын сынамақ.
Кім ұнамақ бұл сайыста, кімнің даңқы құламақ?
Қыз отырар терезенің жабығынан сығалап.
Бірі мұңлы гитар тартып, бірі назды ән салып,
Бірі қыздың сұлулығын жырға қосып тамсанып.
Күн батқанша өз өнерін көрсетеді жан салып,
Жанын салған өнерпазда жігер жатпақ қаншалық.
Егер де қыз терезеден саған күліп қараса,
Той қамына кірісе бер, бағың жанды. Тамаша!
Үйлендің бе, бітті әңгіме, жолың болсын, мархаба!
Ажырасу туралы заң атымен жоқ Мальтада.
- Жарың жайсыз боп жолықса бақыт іздеп жаңадан
Әуреленбе, өліп қана құтыласың сен одан, -
деді Мальта тарихшысы көзбен қарап жұмбақты.
Жанарында сөзбен айтып жеткізе алмас мұң жатты.
Мұңыңды ұғар жан табудан не бар екен қымбатты,
Көк теңізді кешіп барып, алауланып күн батты.
Сары аралдың сәні болған, сары мәрмәр қақпалы
Жымыңдайды Лa Валетта қаласының оттары.
Осы маңның бүкіл тыныс тіршілігін қолға алып,
Арнасына шалқып сыймай теңіз жатты толғанып.
Толғанбаса теңіз теңіз, адам адам бола ма?
Біз бөлініп шетке шықтық, үнсіз тұрдық жағада.
Үнсіз тұрдық,
- Аға, — дедің біраздан соң сен маған, -
Аға,— дедің,— мен бір жанмын, бақ жұлдызы жанбаған.
Сырымды ашсам сенгендігім, бұйырмаңыз айыпқа,
Кейде өзімді ұқсатамын ескегі жоқ қайыққа.
Қандай қорлық, шынымен-ақ ескексіз боп қалдым ба?
Осы ұзақ саяхатқа шығар жолдың алдында
Шорт үзіліп үмітім,
Ойда-жоқта тастап кетті, сенген, сүйген жігітім.
Көкірегімде өшпенділік барда мен де өшпеймін,
Бұл қылығын қашан көзім жұмылғанша, кешпеймін!
- Жоқ, сен оны сүймейсің, сүймегенсің және де
Шын махаббат, қалқам-ау, қара күшке көне ме?
Шын махаббат— қасиеттен құралатын мұнара,
Қасиетке сызат түссе, мұнара аман тұра ма?!
Ғашық адам сүйгеніне өзінің
Жаманшылық ойлай ма екен сірә да?
Тек жүрегін салар жерде білек күшін танытқан,
Білек күшін танытам деп тілек күшін арытқан
Тура сенен айнымаған сұлу қыз
Бір кез маған жолыққан, -
деп едім мен, жалт бұрылдың сен кенет,
Жалт бұрылдың көкірегіңді бір қара күш желкелеп.
"Тоқта, тоқта, қара күштің адымы әр кез келте" деп
Тобығыңнан теңіз суы қағып жатты еркелеп.
Қайрылмадың, жауабымды ауыр алдың көңілге,
Адал, батыл мойындау да түспес, қалқам, жеңілге.
Тек табудан, жоғалтудан, іздеуден
Тұратұғын мына қатал өмірде!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі