Өлең: Мұхтар Шаханов (Мұрын жайлы әзіл)

Өлең: Мұхтар Шаханов (Мұрын жайлы әзіл)



"Перзент болу оңай ма толыққанды,
Зерттеп өс, - деп, -айдарлы алыптарды"
Мені башқұрт жыршысы Мұстай Кәрім
Расул Ғамзатовқа алып барды.

Таулыққа тән асау ой қанатында
Жайсаң, күліп қоштасты дара тұлға.
Үш жылдан соң Ғарышкер Севастьянов
Таныстырды қайтадан мені ақынға.

Расул айтты: "Кез келген жас талапты
Балау қиын қыранға қос қанатты.
Інім, сенің жырыңды оқығам жоқ,
Бірақ бұзау мұрының есте қапты.

Өзгешелік — табиғат тірегі екен,
Өзгешеге ойлы жан күле ме екен?
Өнерде де бөгде жұрт шатастырмас
Өз мұрының болсын деп тілек етем".

Тыңдағым кеп ғасырдың арайлы әнін,
Арай шашқан тауларды маңайладым.
Ғамзатовтың өзіне қарадым да:
"Гәп мұрында жатыр ма",- деп ойладым.

Өтті жылдар,
Кеңейді өрісім де.
Бар, әрине, жеңіліс,
Жеңісім де.
Тілектесім көбейді ел ішінде,
Біреулер жүр келе алмай келісімге,
Өлеңімнің мұрынын бұзғысы кеп,
Жұдырығын жасырып жең ішінде.
Даралыққа не жетсін көңілдегі...
Бақытты жан мен болам төріндегі.
Өлеңде де ешкімге ұқсамайтын
Мұрынымнан танысаң, елім, мені!


Комментарии для сайта Cackle