Өлең: Қадыр Мырза Али (Түйіп айтсам өмірімнің мазмұнын)

Өлең: Қадыр Мырза Али (Түйіп айтсам өмірімнің мазмұнын)



Түйіп айтсам өмірімнің мазмұнын,
Теріп те мен үлгермедім жаз гүлін.
Киіз тірлік мойтап қылып жүзімді,
Өзімді-өзім қинамаған аз күнім.
Не істеу керек?!
Басқа амалын таппадым.
Өтіріктің барабанын қақ тағы!
Төске салып,
Балғаменен батпандай
Өзімді-өзім талай-талай таптадым.
Не болса да жүрегімді тыңдадым.
Тыңдадым да
Күресуден тынбадым.
Шөпшілердің шалғы орағы сияқты
Өзімді-өзім талай-талай шыңдадым.
Саған қояр талабы да көп елдің.
Сол талапқа сай болам деп бөгелдім.
Егеуменен,
Түрпіменен,
Өзімді
Егедім көп,
Егедім кеп,
Егедім!
Шындық болып бала кезден байрағым,
Сол шындықтың шымшығы боп сайрадым,
Өтірікке өтпейді екен ештеңе,
Өзімді-өзім қайрадым кеп,
Қайрадым.
Жоқ демеймін бұл өмірде салымым.
Жақсылардың неше түрін таныдым.
Жүзім қайтып әлденеше жаманнан,
Өзімді-өзім қайта-қайта жаныдым.
Көмектеспес енді оттың құшағы,
Осы емес пе жұқарғанның нышаны:
Қайрап-қайрап,
Енді, міне,
Шолтиған
Сияқтымын етікшінің пышағы!
Бар ғой, рас, жұқарудың нышаны.
Бірақ менде табылады күш әлі.
Ормағанмен
Тіліп түсер нені де
Етікшінің үш бұрышты пышағы!


Комментарии для сайта Cackle