Қадыр Мырза Али (Сен кейде қырын қарайсың)

 Қадыр Мырза Али (Сен кейде қырын қарайсың)

Сен кейде қырын қарайсың,
Мен кейде қырын қараймын
Біреумізге орын жоқтай-ақ
Ішінде зәулім сарайдың.
Бетпе-бет келіп өзіңмен,
Майданды талай сезінгем.
Сойылмен соғыспағанмен,
Қағыстық талай әзілмен.
Кейбіреу соны байқап қап,
Тура келуге тайғақтап,
Жүреді бізді
Өзара
Ылғи да сырттай айтақтап.
Болса да тіпті жүз егес,
Айғырдың жалын күземес.
Айтыса кетер сөзге еріп,
Ақылсыз қазақ біз емес!
Аузымыз тиіп жыр-аққа,
Қалдырдық жылды жырақта.
Келеміз тату,
Өзара
Жағаласпай-ақ!
Бірақ та...
Саған да қиын озбаған,
Маған да қиын озбаған.
Пенделік жасап,
Нашарлау
Жырыңды көрсем мәз болам!
Отырып егіз пыраққа,
Жақындап жүрміз мұратқа.
Оқысам жақсы жырыңды
«Жігітсің!» деймін бірақ та!
Тұлғасың сен де,
Ірісің.
Аз арғымақтардың бірісің.
Сен болмасаң ғой,
Менің де
Мандымас еді жүрісім!
Зымырап-зулап мен қатты,
Жүйріктер түзді шаңдатты.
Мен болмасам ғой
Бәйгеде
Қамшыламас едің сен де атты!
Көлденең тұяқ өткізбей
Жүйткитін жүйрік жоқ біздей.
Алдыма түссең сен кейде,
Мен кейде жүрем жеткізбей.
Ондайда
Пай-пай!
Дүлеймін.
Әр өлең сайын түлеймін.
Самғап сен келе жатқанда
Сүрінбегеніңді тілеймін!
Біз алмайтын да қамал жоқ.
Батыраштарда амал жоқ!
Аясаң мені аман бол!
Жалғыз шапқаннан жаман жоқ!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі