Қадыр Мырза Али (Көп балалы үй)

 Қадыр Мырза Али (Көп балалы үй)

Өсекшінің қысқармаған штаты,
Ол келеді сөздің отын тұтатып.
Екі сұлу бірін-бірі кекетіп,
Екі мықты бірін-бірі мұқатып.
Құпиясын біле алмадым мен тектің,
Біреулер тер,
Ал біреулер қан төкті.
Тамашада шығармаса төбелес
Ішкен асы ас болмайды тентектің!
Кесірліктен —
Көресің бе?—
Қыр мұрын
Пұшық болып шыға келді құрғырың!
Екі сотқар...
Сотқар дейміз,
Ішінен
Екі жуас жек көреді бір-бірін!
Кейбіреудің тарс айрылып талағы
Ә дегенше күйіп-пісіп қалады.
Басқа түгіл,
Ғашықтардың өзі де
Анда-санда...
Бір шекісіп алады.
Арықтарға қызығады семіздер.
Бәрінде де бар осының негіздер.
Бұл өмірде не болмайды?!
Өмір не?
Іште жатып тебіседі егіздер!
Бадырақ та,
Екі көзі қысық та.
Жем болғанын сезбей қалар пысыққа.
Өзін итке санамайды итің де,
Көрген жерде тап бермесе мысыққа!
Бірде кетіп,
Бірде келген бірлікке
Өмір жайлы
Жалған сөйлеп дүрлікпе!
Көп балалы үй сияқты бұл өмір,
Тыныштық жоқ,
Іздеме оны тірлікте!
Жайдан-жайға берілмеген жауырын:
Көтересің осы өмірдің ауырын.
Сенің өзің
Көп балалы сол үйдің
Бәріне ортақ бір ұлысың, бауырым!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!