Өлең: Қадыр Мырза Али (Шопанға хат)

Өлең: Қадыр Мырза Али (Шопанға хат)

Тірліктің науаты аз да,
Тұзы басым.
Ішінде миллионның жүзі масыл.
Жайлауда жатып алып,
Құр бекерге
Қалада тұрғандарға қызығасың.
Қосылып техника дүрмегіне,
Қырық жыл шаһарда өмір сүргеніме.
Қаланың берер едім он хауызын
Жайлаудың оймақтай-ақ бір көліне.
Досыңның бұл сөзіне тақпа кінә.
Парктің қызықпа сен көк бағына.
Қаланың берер едім он көшесін
Даланың жалғыз аяқ соқпағына.
Дұрыстап қарашы бір қыратыңа,
Жеткізген сол емес пе мұратыңа?!
Қаланың берер едім он таксиін
Даланың жер тарпыған бір атына!
Жастықтың еріп кетпей жыртағына,
Жүректі ұстаған жөн жыр табына.
Қаланың берер едім он концертін
Даланың құс сайраған бір таңына!
Бар ғой, дос, ажал деген кәрі албасты.
Кім білген:
Оралармын,
Оралмаспын!
Қаланың берер едім он сылқымын,
Жо-жо-жоқ!
Он сылқымды бере алмаспын!
Құшағын жайса шырша,
Қарағай да,
Қызығып жайлауға жұрт қарамай ма!
Әзіл ғой,
Алмай-ақ та,
Бермей-ақ та,
Жыл сайын барып тұрсам жарамай ма?!
Қымбаты қымбат шопан таяғы да,
Жылқының үйірі де,
Саяғы да.
Қаланың орны бөлек —
Бәрі қалжың —
Әйтпесе кетер ем ғой баяғыда!



Комментарии для сайта Cackle