Қадыр Мырза Али (Қартым маған күнде сәлем жолдайды)

 Қадыр Мырза Али (Қартым маған күнде сәлем жолдайды)

Қартым маған күнде сәлем жолдайды,
Қала жайы көңіліне қонбайды.
«Айналайын, бәрі де бар шаһарда,
Ал көкжиек онда бірақ болмайды!
Көре алмайсың таңның қалай атқанын,
Көре алмайсың күннің қалай батқанын.
Тек жарық пен қараңғыдан сезесің
Түн мен күннің кезектесіп жатқанын.
Зәулім-зәулім сарайы мол нән қала
Зеңгір көкті ортаға алған алқалап.
Көрсетпейді дуал көше
Аспанның
Оң жағын да,
Сол жағын да
Қалқалап.
Жұлдыздарсыз қалайша мен көшемін?!
Жұмбақ сырды қалай көксіз шешеміз?!
Қалаң сенің
Балқытқан да аспанды
Астауына құйып қойған көшенің.
Үйлер анау алынбас бір қамалдай.
Уілдейді,
Гуілдейді дем алмай.
Төбеңдегі ұзын аспан созылған
Аспан емес —
Төңкерілген каналдай.
Бар рақат далада ғой,
Далада!
Ұқсын мұны қария да,
Бала да!
Шаңырақтай дөңгеленген, әйтпесе,
Бүтін аспан көре алмадым қалада!»—
Дейді қартым,
Мен жымиып күлемін.
Айтыстым ба,
Жеңерімді білемін...
Мен ұғуын ұғармын-ау шалымды,
Бірақ мені ұға ма екен түлегім?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі