Өлең: Қадыр Мырза Али (Қасқыр)

Өлең: Қадыр Мырза Али (Қасқыр)

Қарғысы ма қозы-лақтың ондаған,
Қапылыста қолға түсті оңбаған.
Құлыптаулы темір тордан — қапастан
Қайтып шығу бола қоймас енді оған!
Аузына алмас арыстаның қалдығын
Көкжал еді,
Уақыт одан алды құн.
Тор болмаса,
Селебе тіс — азу тіс
Кім-кімнің де шығарар-ды дал-дұлын!
Ғәріп болып көрінгенмен бүгінде
Қанша күш бар күдірейген түгінде!
Жалт-жұлт етіп
Бір тұтанып,
Бір өшіп,
Кек ұшқыны жатыр көздің түбінде.
Болмағасын өмірдегі дегені,
Бүйрегінен шаншиды ыза тебені.
Сөйте тұра,
Темір тордан көргенде,
Бәрін ұмытып,
Аяп кеттім мен оны.
О, жаратқан!
Желіктірсең желіктір!
Қасқырлармен тек осылай жолықтыр
Кіріптар деп аяғанмен мен оны,
Оның мені жеп қойғысы келіп тұр!



Комментарии для сайта Cackle