Қадыр Мырза Али (Ақиқаттың алдында)

 Қадыр Мырза Али (Ақиқаттың алдында)

— Уа, халайық, халайық,
Сөзге құлақ салайық!
Кім жөнінде, не жайлы
Әбден ұғып алайық!
«Жау жүрекке өлермен
Жан емеспін көнер мен.
Жігіт болсын, шал болсын,
Жеңіп алсын өнермен»,—
Деп ақылды ханшамыз,
Бас берсек те қаншамыз,
Бір тіл қатпай ешкімге,
Бәйік болдық баршамыз.
Сертінде сол қалмақшы,
Көпке салмақ салмақшы.
Сөйлеткеннің ғана ол
Сүйген жары болмақшы.
Азаматты пішінді,
Ақылы мол кішіңді...
Қомсынбайды ханшамыз,
Көрем десе күшімді.
Жаршы шалың шабытты
Жырын өстіп ағытты.—
Сөйлетсе кім сұлуды,
Сол азамат бақытты!
Тобыр айтар төресін,
Тәуекелге ересің.
Ай сөйлете алмасаң,
Алма басты бересің!
Хауіпті деп қорықпа,
Қолжетпес деп торықпа.
Басын тікпей бәйгеге,
Бақытты адам орып па?!
Уа, жараңдар, жараңдар,
Әлдеріңе қараңдар!
Жұлдыздарың жанбаса,
Жалаң қылыш жалаңдар.
Уа, жараңдар, жараңдар,
Біреуіңнің анаң бар,
Біреуіңнің балаң бар,
Әлдеріңе қараңдар!—
Талай-талай бөрікті
Бұл сөзді естіп желікті.
Жарлылар да жөнелді
Жегіп алып көлікті.
Берен таққан батырлар,
Баукеспелер ат ұрлар,
Байекеңдер былшиған,
Бір тиынсыз пақырлар,
Буыны жоқ бишілер,
Бал бармақты күйшілер,
Бұлбұл үнді әншілер,
Балта ұстаған үйшілер,
Бұларды аз десеңдер,
Бақташылар, көсемдер,
Бұраңдаған серілер,
Бал таңдайлы шешендер,
Бой бермейтін ақындар,
Бас уәзірге жақындар,
Балалары төренің
Басып озып тақымдар...
Бәрі ордаға ағылды,
Боздың шаңы қағылды.
Бақыт қонса, алмақшы
Байлығы мол Лағылды!
Талай-талай күн өтті,
Талай-талай түн өтті.
Біреуге де тәңірі
Бермей қойды тілекті.
Қаны қашып кезеріп,
Ханша отырды безеріп.
Тіл қатпады тіріге,
Ала алмады сөз ерік.
Айналасы бәрі ұлық,
Отырды ол сарылып.
«Сөйлемеген адам да
Кетпейді екен жарылып!»
Деп адамдар таңданды,
Бас беруге қамданды.
Сөйлете алмай сұлуды
Сансыз жігіт шамданды.
Аламын деп Лағылды,
Алтын бастар қағылды.
Тәуекелшіл жастың да
Тауы қатты шағылды.
Қыршын ерлер алғыр-ақ
Қымыз ішіп балбырап,
Келіп еді кеуделеп,
Кетті иығы салбырап.
Қапаланып күйініп,
Қабағы тас түйіліп,
Ханша жүрді ордада,
Қалды өліктер үйіліп.
Жаман хабар жата ма,
Ұлын жоқтап ата-ана
Жан-жақта зар жылады,
«Жұртым, мұным қата ма?
Кім түзетер болғанды,
Кім көгертер солғанды?»—
Деп ақылды Лағыл қыз
Күндіз-түні толғанды.
Арқан қысып алқымды,
Өліп талай жан тынды.
Бұзар едім, болмайды
Беріп қойған антымды!»—
Қатарынан тұрғызып,
Ғашықтарды қырғызып,
Жүрген кезде өстіп ол,
Болып қалды бір қызық.
Өмірдің бір қонағы
Қазынаны тонады.
Қаһарлы хан, жазықсыз
Көп адамды қамады.
Езу тартып күлмеді,
Түнде кірпік ілмеді.
Алайда ол ұрының
Кім екенін білмеді.
Ал ұрыны жалғыз-ақ
Көрген адам хан қызы-ақ.
Дей алмады сонда да ол:
«Aнa адамға сал тұзақ!»
Ханша аузынан бір мысқал
Сөз алам деп тырмыспа!
Сөйлеп қойса ол, ұрыға
Шығу керек тұрмысқа!
Сондықтан күн, түн демей,
Жүре берді ол үндемей.
Жүре берді сен демей,
Жүре берді күндемей.
Ұрыны іздеп бар атты
Аралады тарапты.
Жүйрік тілін жебелеп,
Жаршы хабар таратты:
— Уа, халайық, халайық!
Сөзге құлақ салайық!
Кімде кінә, кімде айып,
Әбден ұғып алайық!
Баукеспе ұры табылды,
Басқан ізден танылды.
Бағанаға таңылды,
Тәңіріне табынды.
Уа, жараңдар, жараңдар,
Жалаң қылыш жалаңдар.
Жазалайтын алаң бар,
Жиналып кеп қараңдар!
Қалмасын қарт анаң да,
Қалмасын жас балаң да!
Ертең елең-алаңда
Бас қосыңдар алаңда!—
Хан біткеннің жарлығы —
Замананың тарлығы.
Ертең ерте алаңға
Жиналды жұрт барлығы.
Қалмайын деп танылып,
Қара шәйі жамылып,
Келді алаңға Лағыл да,
Келді халық ағылып.
Бір мезгілдер болғанда,
Алаң жұртқа толғанда,
Алып шықты біреуді
Таныс емес бұл маңға.
Сол ма екен деп құрғырың,
Қарап еді бір қырын,
Білді ханша ұсталған
Өзі емесін ұрының.
«Дарға асу — жазасы!»—
Дегенде ағып көз жасы
Жігіт тұрды,
Лағылдың
Кетті сонда мазасы.
«Ала жібін аттамай,
Адам атын даттамай,
Өлмекші ме жазықсыз,
Болмас оны ақтамай!»—
Көп ойланар кез бе еді?!
Лағыл енді төзбеді.
Атып шықты ортаға,
Не болғанын сезбеді.
Арғымағы ақ шаңдақ
Алып ұшып, қақшаңдап,
Сертіңді қыз ұмытып,
Сөйлеп кетті шапшаңдап:
— Сөзіне ақын-салдың да
Бір тіл қатпай қалдым да,
Амалсыздан сөйледім
Ақиқаттың алдында!
Босатыңдар сорлыны!
Бұл — басқаның қорлығы!
Бұл — басқаның зорлығы,
Бұл — басқаның ұрлығы!
Ұры өзінің бабында,
Жүр осында, маңыңда.—
Сасып қалды мұны естіп,
Хан, ханзада, ханым да!
Кете барды хан қызы,
Құмды жерде қалды ізі.
Шықты ортаға сол кезде
Бір сорлының жалғызы.
— Уа, алдияр, ханымыз,
Кеудедегі жанымыз!
Ханша айтқан ұры мен,
Басым мынау, алыңыз!
Сөйлете алмай Лағылды,
Жұрттың тауы шағылды.
Бәрінен де ауыры —
Талай бастар қағылды.
Маған сонда шамалы
Соқты үміттің самалы.
Ұрлағаным — ханшаны
Сөйлетудің амалы.
Қазына сол күйінде
Сақтаулы тұр үйімде.
Бассыздық деп бұл неткен,
Босқа, ханым, күйінбе!
Ханша келіп кезінде
Мені айтпаса сөзінде,
Жазықсыз жас жігітті
Құтқарушы ем өзім де!
Бірақта мен кісіге
Қауібі мол ісіме
Кіріскенде-ақ сенгенмін
Ақиқаттың күшіне!—
Зар жылатқан өлкесін
Хан қасыды желкесін. —
Мен ештеңе дей алман,
Айтсын,— деді,— ел кесім!
— Ханша, хан да, ханым да,
Уәзір, батыр, ғалым да
Әлсіз екен,— деді жұрт,—
Ақиқаттың алдында!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!