Өлең: Қадыр Мырза Али (Аурудың аты)

Өлең: Қадыр Мырза Али (Аурудың аты)


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
iPhone-ды жылдам қуаттау үшін не істеу керек?

Береке кетіріп,
Ауырдым өтірік.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де —
Бәрі де қиналды,
Жаныма жиналды.
Ұсынып асымды,
Ұстады басымды.
Халатты дәрігер
Келгелі әбігер.
Кеудемді тыңдайды, Сұраудан тынбайды:
— Ішің бе?
— Ішім де!
— Тісің бе?
— Тісім де!
Ауырды бәрі де,
Ем болар дәрі не?—
Әлде не байқады,
Басын ол шайқады.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де
Құлақ сап әр үнге,
Зәре жоқ бәріңде.
— Ауруы қауіпті,
Насырға шауыпты!—
Деп еді дәрігер,
Боп қалдық әбігер.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де —
Бәрі де торықты,
Өзім де қорықтым.
Шын ауру шығармын,
Деп ойлап жыладым.
Көп шыдап тұрмадық,
Жамырай сұрадық:
— Ем жоқ па емдейтін,
Ауру бұл не дейтін?—
— Аты оның — еркелік,
Солай деп тіркелік!—
Қуанып сасқанда
Секірдім аспанға.
Апам да,
Атам да,
Әкем де,
Көкем де—
Бәрі де қуанды,
Өзім де қуандым!

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР:
Оны ойлай ойлай шаршадым



00


Комментарии для сайта Cackle