Өлең: Күләш Ахметова (Көршілер)

Өлең: Күләш Ахметова (Көршілер)

Басталар таң сәріден дарқан нәсіп,
Өмірді сүйгендерге өлкем ғашық.
Тау жаққа, саяжайға ертелетіп,
Көктемде шығасыздар көркем басып.
Күз келіп, шөптің басын шайқаса ызғар,
Мұңаймай, өмір жырын айтасыздар.
Тау жақтан, саяжайдан кешке қарай
Гүл теріп, жеміс жинап қайтасыздар.
Сіздерді қорқыта алмас қыстың қары,
Түк етпес қысқы желдің ысқырғаны.
Ақ қарда қол ұстасып жүрсеңіздер,
Жылытар махаббаттың ұшқындары.
Тозбаған махаббаттың бағасы ұлы,
Маздаған махаббаттың бағасы ұлы.
Саф таза Сәлім аға алтын болса,
Ләйла апам гауһартастың ең асылы.
Қараймыз дүниеге сәби боп кіл.
Қаласа, ақын тілі, әрине, өткір.
Жүргені, тұрғаны да тұнған үлгі,
Жақсымен көрші болу ғанибет бір!

0 0


Комментарии для сайта Cackle