Күләш Ахметова (Шымылдық)

 Күләш Ахметова (Шымылдық)

Айрықша аққудай боп дара тұлғаң,
Арулар арасында таң атырған,
Той күні тұтылған соң ұсталған жоқ
Жеңеше, ақ шымылдық сен отырған.
Көркемдеп кестелеген көйлегін зер —
Ұмытты шымылдықты кей келіндер.
Сусылы жүрек қозғар шымылдықта
Отырған еді-ау Тоғжан, Әйгерімдер.
Өзгеріп кеттік біздер мұнша қалай?
Жүрегіңді ашық-шашық мін санамай,
Қыздары біздің жаңа уақыттың
Ұстайды денелерін тұмшаламай.
Біздерге не бар бұдан, шынында, ұтқан?
Жеңеше, боларсың сен сырымды ұққан.
Шықпаған шырын сезім сыртқа шашау
Желпейлі, әшекейлі шымылдықтан...
Жеңеше, есіңде ме керім күнің?
Даланың елестетем өрім гүлін,
Шымылдық ашылмаған ауылдастар
Бергенше байғазысын, көрімдігін.
Уақыт — дарияның ағынындай.
Жүргенде жоғалтқанды әлі ұғынбай...
Көрінбей кете барды ақ шымылдық
Даланың алыстаған сағымындай.
Саналы салт-дәстүрді сағынасың.
Қойылған қонағына тәуір асы
Халықтық қасиет пен құндылықтар —
Күн нұрлы ғұмырымның мағынасы

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!