Өлең: Күләш Ахметова (Өлең дәні)

Өлең: Күләш Ахметова (Өлең дәні)



Хал қалай, ақын қауым?
Бірде араз, бірде балдай тату қауым?
Қыл көпір үстінде де қиянатты
Қиындау болатұғын мақұлдауың.
Шығармай келгенде де үнін шындық,
Шындық деп шырылдаумен ғұмыр сүрдік
Теңізден бетер шулап тебіренерсің,
Халқыңның сезінгенде мұңын сұмдық.
Жетер ме азаткер сөз босқа айтылмай,
Жел болып біреу ертең жасқайтындай.
Ұлтыңа қызғыш құстай болғаныңмен,
Жұртына жұртың ертең тастайтындай.
Ақтангер алқынды-ау деп аттандар кім
Именбей игілікке батқандар кім?
Бар ма екен суреткерлер арасында
Тау жақта сарай салып жатқандардың?
Бір базар басымызға орнай келді,
Берерсің басқа өнерге зор бәйгеңді.
Жыр емес, жарнама оқып өскендерде
Баяғы бауырмалдық болмайды енді.
Көргенді ел ұстамайды көгенде әнін.
Кімге сын еленбесе ерен дарын?
Ешкімге міндет қылмай, сонда да біз
Себерміз кең далаға өлең дәнін!


Комментарии для сайта Cackle