Өлең: Күләш Ахметова ("Соңғы хабар")

Өлең: Күләш Ахметова ("Соңғы хабар")

Қарашы!
Ақ пен көктің арасы,
Хақ пен көптің арасы,
Бар мен жоқтың арасы,
Аш пен тоқтың арасы,
Қасірет пен шапағаттың арасы,
Зұлымдық пен махаббаттың арасы,
Адалдық пен арамдықтың арасы,
Жақсылық пен жамандықтың арасы,
Өтірік пен шындықтардың арасы,
Тазалық пен ұрлықтардың арасы,
Теңіздер мен құрлықтардың арасы,
Сұлулық пен сұмдықтардың арасы
Күннен-күнге ұлғайған
Арпалысты бір майдан!
Соңғы хабар соларды айтып тынбайды, ә?
Бар ғаламның сыры мәлім. Мұндайда
туар нәзік жыр қайдан?!
Ақын жүрек сыздайды екен күллі ойдан.
Жат жауыздық, жат қасірет, жат айып,
Бәрі естіліп жатқан соң
Кетеді екен қатайып!
Соңғы хабар айтылмайды ат үсті,
Жалғайды ол күншығысты, батысты.
Жер шарының тағдырына бұл күнде
Тағдырымыз қатысты.
Соңғы хабар
Сыр айтады бір құшақ,
Көз алдыңда — күллі әлем, күллі шақ.
Адамдардың бәрі бүгін мазасыз,
Адамдардың бәрі бүгін білгіш-ақ.
Президент, министрлер сапары,
Біреулердің көтеріліс, шатағы,
Біреулердің абыройы, атағы...
Бәрі айтылып жатады.
Мен бір Ана сияқтымын басқа елде
Жалғыз ұлы жүрген бейне әскерде.
Жалғыз ұлы, бәлкім, оның — Жер шары,
Жер шарының күресетін дер шағы!
Барлық ана тілегінен қуат ап,
Жауыздықты жоқ етуге келсе әлі,
Басқа қайтіп бақыт атты гүлді үзбек,
Жарқырасын Жер дөңгелек жұлдыз боп!



Комментарии для сайта Cackle