Күләш Ахметова (Достық жыры)

 Күләш Ахметова (Достық жыры)

— Досым!
Сен сезінесің бе?
Мұңайған кезім есімде:
Көңіл гүлін сарғайтып күз дегенің,
Әрі аударып қуаныш бізден өңін,
Жалғыздықтан жүрегім сыздағанда
Жұбаныш қып
Өзіңді іздеп едім.
Ал кейін: ұғынасың ба?
Шаттықтың шұғыласында
Қуанғаннан төгіліп ізгі өлеңім,
Жүгіргенім есімде түзде менің.
Жүрегімнің шаттығын бөлісуге
Алдыменен өзіңді іздеп едім.
Сен енді айта аласың ба?
Тірліктің тайталасында:
Жабырқасаң, жанымнан от берем, — деп,
Аяр болсаң, алдымен жек көрем, — деп,
Әділеттің жолында арпалыссаң
Жай-күйіңді басымнан өткерем, — деп?
Арсыз болсаң, елге де жоқ керегің.
Ез ұл болсаң, алдымен жек көремін.
Адал болсаң, өмірдің өткел, өрін,
Өлім тұрсын,
Өзіңмен өткеремін.
Қара бастың қамын жеу —
Ұят та, айып.
Бақыт деген —
Баянсыз тұрақ, қайық.
Қыл көпірлі қиянат теңізіне
Бірімізді-біріміз
Құлатпайық!
Жеңіл болсын наз, өкпең қауырсыннан,
Қол ұстасып өтейік ауыр сыннан.
Білемісің, жан досым,
Сан жерлерде
Жалғыздықтан менің де сағым сынған.
Адамдай боп бейне бір жаны ашыған,
Күдік шашып аңдыған қарасынан,
Қызғанышты құрта алмай санасынан
Жүрген жанды анты ұрсын адалдықтың.
Келісейік,
Кел досым, дәл осыған.

*****
Тірлікте мынау үмітсіз, ойсыз кім тынған?
Тынымсыз адам алдына қарай ұмтылған.
Күн туған сәтте, жан досым, сені қайтейін,
Шыр етіп қорғап, шындықты айтпасаң сыртымнан
Есіңе түсір, түсінбей кейде құрбым да,
Тұңғиық жаным тірелген кезде бір мұңға,
Көзіме қарап, айтқызбай көріп барлығын,
Адал пейіліңмен мұңайып бірге тұрдың ба?
Өзгеріп жатқан адамдар аз ба бұл күнде?
Адамдар түгіл, мінезі бар ғой гүлдің де...
Өнер де бәйге, қосқанда мен де тайымды
Ішіңнен маған тілектес болып жүрдің бе?
Адалдық өзі араластырды ма бізді анық,
Жүрген жоқпыз ба жүректе суық сыз қалып?
Сәттілік кейде жолдас боп, жолым болғанда
Жымиып тұрып қалған жоқсың ба қызғанып?
Аяқ астынан іздемес-ау деп бір ілік,
Аяулы досым, күтемін сенен ірілік.
Күндердің күні беделім, күшім кемісе,
Күштіге қарай кетпес пе екенсің бұрылып?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!