Күләш Ахметова (Үшарал)

 Күләш Ахметова (Үшарал)

Сайран салам сағынышпен келем де,
Қарлығаштар айналады төбемде.
Қырымнан да, Римнен де артықсың,
Сенен ыстық жер жоқ маған әлемде.
Баладай пәк бауырың да, досың да,
Бауырыңа бас, шұрқырасып қосыл да.
Осында ғой адал, жомарт адамдар,
Ең әдемі әйелдер де осында.
Алғаш естіп, алғаш шыққан ән атын,
Той дегенде қызынатын, жанатын.
Қыздарының бәрі биші, бәрі әнші,
Жігіттердің бәрі күйші, бәрі ақын.
Маған қымбат қызыл жыңғыл, ақ қайың...
Саған қарай қалай қанат қақпайын.
Барам десем, есігі ашық бар үйдің,
Шабам десем, Шалқұйрықтай ат дайын.
Дейді көңілім "Үшаралға ұш, орал",
Ұшсам саған ыстық самал құшар, ал
түндерің ше?
Гауһар жұлдыз мұхиты
Сенен басқа еш жерде жоқ Үшарал!
Гауһар еді, жұлдыздары от еді,
Сыңғыраған даусы жерге жетеді.
Сүттей жарық түндеріңді ойласам,
Жүрегіме жұлдыз толып кетеді.
Ұям сенсің, түсіме егер енсе ұям,
Ұшам саған, қалай мұнда мен сыям!
Күтіп жатқан Қайта өрлеу дәуірін
Сенсің менің сұлу Флоренциям!
Ақпаныңды араласқан боранмен,
Көктеміңді тоқтата алмас тоғанмен
Сүйікті етіп, биіктетіп бейнелеп,
Мәрмәр сөзден бір ескерткіш соған мен!
Сен туралы қиялдайтын бала ем мен,
Бау-бақшалы қала болсаң деп ем мен.
Армандаушы ем сені көріп қайтуға,
Келіп жатса деп адамдар әлемнен.
Ғажап менің кеудемдегі суретің!
Мәңгі биік саған деген құрметім.
Күллі әлемге енді сенің атыңды
Таныстыру — менің үлкен міндетім!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?