Күләш Ахметова (Таңертең)

 Күләш Ахметова (Таңертең)

Түнгі жауын басылған да ашылған,
Таң күлкісі табиғатқа шашылған.
Таза сурет табылады қасыңнан
Дүние ашық бұлт пенен түн жасырған.
Бусанып тұр үйдің бұғат, жапсары,
Таңдағы ауа — таза иісі жақсы әрі.
Көйлегіндей тойға келген қыздардың,
Жапырақтар жасыл, қызғылт, сап-сары!
Қазан ұрса, солар ертең сары гүл.
Оған сосын жаңбыр, шуақ... бәрібір.
Бүгін гүлдің құлпырып тұр бәрі кіл,
Ұзатылар кыздың тойы сияқты
Алтын күздің қоштасатын шағы бұл.
Аспанды тұтас көңілсіз бұлттар қаптады,
Келмейді енді шілденің ыстық аптабы.
Солады енді, солады енді сол бойы
Созыла өскен толайым гүлдер бақтағы.
Шашылып жатыр—жапырақ қандай көп еді,
Суынған сезім баурайды жеңіл денені.
Қабығы мұздап, қабаржып тұрған қайыңнан
Кешегі жаз бен жаңбырдың пісі келеді.
* * *
Өмір деген бояу екен әр түсті,
Ақ пен қара әлімсақтан тартысты.
Қара шашқа араласып ақ талдар,
Қаратаудың басына аппақ қар түсті.
Өмір деген бояу екен сан түсті,
Жасыл шөпке жалба-жұлба шаң түсті.
Кешкі сурет ұқсамайды даланың
Шаңқай ашық суретіне тал түскі.
Байқаңызшы, ойланғанда түнде ояу,
Бір бояуды кемітеді бір бояу.
Зер салыңыз — батар кезде күн баяу,
Бір бояуды күшейтеді бір бояу.
Күн көзі жоқ даланы нұрландырған,
Жаңбыр да жоқ шөп басын буландырған.
Бұлтты күні бұтақтар жай тербеліп,
Жапырақтар билейді жылдам-жылдам.
Біреуінде сұсты түр,салқын қарас,
Біреуі тұр қаздиып қалпында оғаш.
Бірі иілген, бірі тік... өзді-өздерін
Түрлі-түрлі ұстайды әртүрлі ағаш.
Осы түйін тұрады санамда әр күн.
Аударылар беттері календардың.
Ағаштардың өзі де әртүрлі өскен,
Кім түзесін мінезін адамдардың...
Күн бұлыңғыр, көңіл-күй де бұлыңғыр,
Төңірекке төгілмей тұр бүгін нұр.
Салқын ауа, сұрғылт аспан, сұр үйлер
Осы сәтті көргендеймін бұрын бір.
Терлегендей туған жердің өңірі,
Жауды жаңбыр, жауды бұршақ мол, ірі.
Ашық күн мен сұрғылт күннің легінен
Тұрады екен әр адамның өмірі.
Сыртқа шықпай отыруға сылтау бар,
Күн бұзылса, жаныңда да бұлт аунар.
Сұрғылт күнде сұп-сұр бұлттан шыға алмай,
Сұстиып тұр сүйір-сүйір сұр таулар.
* * *
Түнде — үрейлі, қызықты — күндіз барса,
Күзде салқын тау іші күн қызғанша.
Қақ шөптердің ішінде сары гүлдер
Дірілдейді кәдімгі жұлдыздарша.
Қарап тұрып ұйқас пен табам ырғақ,
Жапырақтар салбырар сәл ауырлап.
Жасағанның жер-суы көп болғанмен,
Қария жүр бақтарды қарауылдап.
Көбі өзгерер келгенше келесі мен,
Қарауыл да шығарар мені есінен.
Мың жыл тұрған ағаштар әлі талай
Тіршілікті сезінер денесімен.
О, ағаштар, күй кешер сонда қандай,
Қарауыл жүр болар деп әлдеқандай.
Ата, сенің көңіліңді кім қорғайды,
Сен ағаштың бұтағын қорғағандай?!
* * *
Біз қандай алаңсыз ек ол күндері,
Даланың ермек еді мол гүлдері.
Есейіп, тірлік қамы шырмап алып,
Қараймыз екеуміз де енді ілгері.
Шаршайды кейде мынау тірлікте адам,
Әйтсе де бей-жайлықты кім құптаған?
Дүние жаралғалы әрекетсіз
Бір сәт те көрді ме екен мүлгіп ғалам?
Құлаған нар қамысты қия аттап ем,
Кезіктім жас қылтиған қияққа мен.
Кезде де біз тыныққан
Тыншымайды-ау
Толғатып жатқан әйел сияқты әлем.
* * *
Өтірікті қиыстырып, амалдап,
Әлсізге емес, беделдіге жамандап,
Қайткенде де бір мін іздеп, білем ғой
Түсіргің кеп тұратынын маған дақ.
Есті кісі жанарыңнан мұны ұғар.
Өсекшінің айтары — ащы, тілі — бал.
Көрінбесін өтірігің, қулығың,
Ғайбаттарда көзіңді тарс жұмып ал.
Керек емес көп адам иілгені,
Иілумен қуанту қиын мені.
Қорқытпайды сондай-ақ қарап тұрып
Біреулердің қабағы түйілгені.
Мақтау сөздер мені ешбір балқытпаған,
Көлгірлікті кезім жоқ сәл құптаған.
Көп тобырдың байыпсыз пікірінен
Білімдінің бір сөзі артық маған.
* * *
Түсінемін ниетіңді тамаша,
Талаптыны ұстамайсың тұсап түк.
(Кісілік пен ақыл-ойдан аласа
Қызғаныштың екінші аты —ұсақтық).
Мақтасаң да, жайлап мақта қызбай көп,
Құр мақтау сөз өлеңіме тіреу ме?
Маған деген жылы сөзің мұздай боп
Тиетінін білмейсің бе біреуге?!
* * *
Төзбейтұғын нәрселерге төземін,
Көргім келмес кісімді де көремін.
Барғым келмей тұрған жерге барамын.
Осы шығар мүмкін өмір дегенін.
Бұған қарап деме, досым, мені арсыз,
Артық айтсаң, жүрегімде қалар сыз.
Құстан ұшқыр қиялымды торда ұстап,
Жағдайларға көнем кейде амалсыз.
Бұл мінезге үйренгенмін қалай мен.
Бұл әдетке табу керек қалай да ем.
Айтқым келмей тұрған сөзді біреудің
Көңілі үшін айттым да ғой талай мен.
Өз ойымды өлтірдім-ау сонда мен.
Сезімдерім көнбейтінге көнді әрең.
Сыр бермедім кезімде де шөлдеген,
Бәрін дұрыс түсіне ме ел деген?!
...Әлденеден ауырады жан денем.
* * *
Сәттілік, қандай өткінші ең
Жақындап, қайтып жүрмін көп.
Көп қуанып, көп күлсем,
Килігеді бір мұң көп.
Бар ма екен тұсау уақытқа,
Ұрлайды да ол, зырлайды.
Жеттім бе десем бақытқа,
Бұзады оны бір қайғы.
Үміт пен күдік жалғасты
Жастығымда тез өткен.
Жапырақтардай алмасты
Бақыт пен қайғы кезекпен.
Төзіппін ыстық, шөлге де,
Арманның жолын бұра алмай.
Төсімді тостым желге де,
Далада өскен шынардай.
Қайнаған ыстық күндерде,
Көтерсе мені кен өлкем,
Жанымда өскен гүлдерге
Түскенін білем көлеңкем.
Шарықтап құстар тұстарға,
Жазылып жазда шырқайды ән.
Панасыз құйттай құстарға
Тиген де шығар бір пайдам.
Құйғанда күздің жаңбыры
Шынардай мен де шыдармын.
Ауыр-ау бірақ тағдыры
Жалғыздық көрген шынардың!
* * *
Өмір өзі мені ертерек ойлы етті,
Сөйлемейтін жерде ерте сөйлетті.
Көңілім сүймес жағдайды ерте әкеліп,
Кеш кигізді көңілімдегі көйлекті.
Ерте ауыр жүк көтерді мойыным,
Адамдардың рольдерін — ойынын
Ерте байқап, ес жинадым, таң қалдым,
Бірақ мені аямай-ақ қой, інім.
Өзің күш қос, үміт күтем сенен көп,
Адамға адам сүйеу болу зор еңбек.
Сендей адал жандар барда жанымда
Қалмас менің биік көңілім төмендеп.
Неғылайын жаман үшін күйіп мен,
Тағдыр мінез бермеген де қиып тең.
Шаршауды да, кірбіңді де ұмытам
Аппақ болып ай қараса биіктен!
* * *
Қолы жетпей қалған сұлу көп қыздың
Сеніменен көп жылдарды өткіздім.
Екеуара реніштер болғанмен,
Еш адамға еш өкпеміз жоқ біздің.
Ақ гүл едім үлбіреген қолыңда,
Бәрі жақсы болар-ау деп соңында,
Тағдыр бізге салмақ артса,
Алдымен
Ауыр жағын мен көтердім оның да.
Тағдыр жазса, болмайды екен баққа дау,
Қиын нәрсе — көңілдерге оқ қадау.
Сенің мұңын, менікі еді қашанда,
Менің қайғым саған бірақ батпады-ау.
* * *
Сезім бар менде жатқан бір игерілмей,
Қазанғап пен Қорқыттың күйлеріндей.
Сезінерсің,
сөйлессең,
бейне біреу
Отырғандай сол күйдің тартып бірін.
Жап-жарық боп кетеді жан түкпірін,.
Сезім бар менде
Жылы жаңбыр сияқты шілдедегі
Қуанышқа бөлейтін күнде мені.
Сырғи аққан жасым да тәтті менің
Қолдарымды сәл созсам, бір үн қатып,
Сезінерсің екенін мұның бақыт.
Сезім бар менде
Тебіренсе көктемгі көл сияқты,
Ұнатпаса құс өтпес шөл сияқты.
Таба алмассың
Әйелді мен сияқты.
Мұнша терең, қайғырса— мұнша езілген
Мұхит — сезім, ойнама бұл сезіммен.
* * *
Сен мені сүйген жоқсын, шын өртеніп,
Қалған-ды құштар сезім тым ерте өліп.
Қайғы да, қуаныш та ортақ емес,
Біздерді тек сыйластық жүрер теліп.
Бақтарда тұрған кезде шие тұнып,
Сырластық біз қаншама бір отырып,
Дірілсіз қолдарыңда қолым күйіп,
Ерінімнен сүйгізбедім сүйе тұрып.
Кезіңнен жас көрмедім мөлдіреген,
Сөзіңді дәлелдейсің енді немен?!
Сен мені сүйген жоқсың, сүйген жоқсың.
Шын сүйсең қалайдағы сендірер ең!
Тиіспеңдер мұңды ішкі дүниеме...
Өз көңілім өзіме мұң үйе ме,
Жек көрем бе біреуді себепсіз-ақ.
Арнаймын ба біреуге шырын өлең...
Тиіспеңдер ішкі жан дүниеме,
Тиіспеңдер еркіме.
Толас ол да
Табар бір күн.
Сезімге ой жол аша ма?
Сыртқа шықсам, бақытты сияқтанып,
Жылап-жылап алсам да оңашада.
Жүдесем де жыр — інжу жиямын деп,
Талпынса да жетпеске қиялым көп.
Таңданбаңдар кезіме түсініксіз,
Шынымды айтсам, ешкімге зияным жоқ.
Кездерім жоқ қаралап, жамандаған,
Сөзім — әділ,
Сынасам адал — бағам.
Іздегенім бар еді, таба алмағам.
Бақытты ете ала ма адамды адам?!
Өмірімнің суреті өлеңімде,
Мәселе жоқ ұйқас пен көлемінде.
Ешкім мені ұқпаған кездерімнің
Аша алмаспын ешкімге себебін де.
Таулар жатыр жанымның тереңінде...
Ақиқатты аз айтар көзге адамдар,
Нәзік көңіл әр түрлі сезге алаңдар.
Ащы сырым төгілсе, кім жұбатар,
Менің мұңды жанымды қозғамаңдар!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі