Өлең: Күләш Ахметова (Оқырманмен әңгіме)

Өлең: Күләш Ахметова (Оқырманмен әңгіме)



Ақын:
Алдыменен ана керек балаға,
Жас күнімнен орнаған соң санама,
Көрмесем де, жиі-жиі мұңайып,
Сағынышпен жыр арнағам анама.
Оқырман:
Тапқырлықтың өлшемі емес ол да онша,
Тақырыптар таңдай білсең мол қанша,
Анам жоқ деп өмір бойы екеумен
Жазасың ба, өзін ана болғанша?
Ақын:
Жырымды оқып мұңайып сен қосыла,
Өзгеріпсің, енді айтарың осы ма?
Қарыз жайлы, парыз жайлы ой туып
Адалдықпен жыр арнадым досыма.
Оқырман:
Жыр арнадың ағайыңа, жеңгеңе,
Жыр арнадың жапыраққа, желге де.
Азаматтық әуен қайда, ойыңның
Айқайыңа айналмаған ел неге?
Ақын:
Қосып көлем басқа ақындар қатарлы.
Оған деген сезден шабыт от алды.
Әкемсің деп жырға қостым жасымнан
Бақыт берген, шабыт берген Отанды.
Оқырман:
Арыны асқақ замананың қазіргі.
Лирик ақын дейді ғой жұрт өзіңді.
Ақындардың шаруасы емес саясат,
Жазбайсың ба мөлдір, нәзік сезімді.
Ақын:
Өмір жайлы айта алмадым ашып түк,
Өкініштің дәмін біздер жас ұқтық.
Махаббаттың өлеңі көп жанымда,
Мені ақын еткен ғашықтық.
Оқырман:
Кәрі ақындар «ғашықпын» деп жасарды.
Көбісінің ойлары ескі, жасанды.
Жаңа толқын келе жатыр өкшелеп,
Сүю жайлы жазасыңдар қашанғы?
Ақын:
Айтыс қой бұл ғасырларға созатын,
Тақырып бар тозбайтұғын, тозатын.
Бар мәселе шеберлікте емес пе,
Тақырыбын таңдамай ма өзі ақын?
Оқырман:
Тіршіліктің байқаған соң сырын мың,
Болғаны жөн өзіңнің де бір үлгің.
Әдемі өлең бар-ау сенде, әйтсе де,
Бәрі бірдей жүйрік емес жырыңның...
Ақын:
Оқырманым, қойдың талай сұрауды,
Саған жауап іздеп тағы түн ауды.
Үйретсем деп ойлағам жоқ жырыма
Оқығанның барлығына ұнауды.
Махаббатпен жыр арнадым халқыма.
Бірақ жақсын дегенім жоқ жалпыға.
Жүрегімнің сөзін айттым жалтақсыз,
Ұнатпасаң менде ме екен бар кінә?
Қиын екен ел сынынан өту шын.
Оңай деме ой шілтерін тоқу шын.
Бәрін жаттап алатын жыр жазар ем,
Бәрің бірдей емессің ғой, оқушым


Комментарии для сайта Cackle