Күләш Ахметова (Қалалар мен адамдар)

 Күләш Ахметова (Қалалар мен адамдар)

Ой келеді жауған кезде жаңа қар,
Жаның қалай тебіренбей қала алар?
Соққан боран, жауған қарға қарамай,
Салады адам жаңа-жаңа қалалар.
Жылдар өтсе,
Алынады жаңа асу,
Бірін алсаң,
Алдан шығар жаңасы.
Бірте-бірте келе жатыр жақындап
Қалалар мен қалалардың арасы.
Жылдар өтіп,
Жаңаруда бар асу,
Бірін алсаң,
Алдан шығар жаңасы.
Бірте-бірте бара жатыр алыстап
Адамдар мен адамдардың арасы.
Ғасыр — жылдам,
Түрлі-түрлі қатерден
Сескенесің.
Бейхабарсың қатеңнен.
Қатыспауы қаттылық қой адамдар
Қатар тұрған пәтер менен пәтерден.
Өтер кетер қилы-қилы замандар
Аударылар түрлі-түрлі календарь.
Әрқайсысы планета сияқты
Ай мен жерге көпір салған адамдар.
Сыр сұрасам,
Тіл қатпайды бақтар түк,
Жалғыздардың, жан жарасы жатты артып.
Мұңым бар-ды,
Жарам бар-ды,
Түсінбей,
Кетті менің бір жақыным жат тартып.
Сәулетті зал.
Қатар отыр қанша адам.
Ойдан,
Сөзден,
Қақтығыстан
Шаршаған.
Атын айтпай жыр жазады ақын да
Ғашығына, сүйген, сенген,
Аңсаған.
Құлпырғанда қызыл гүлін жая қыр,
Құлыптанба, адам,
Өзіңді өзің ая бір.
Ең бір ұлы құдіретті сезімдер
Қалай ғана таба қоймақ саябыр?
Оятатын ізгі ойларды — асылды,
Мейірімді етер кәрі менен жасыңды.
Машиналар табар ма екен ендігі
Жиырма жылы жиырмасыншы ғасырдың.
Ақынына дүние бір сәт қарасын,
Ақыл, сезім бірлігінде — жарасым.
Өлеңімді ұшырамын қоссын деп,
Сүйгендер мен сүйгендердің арасын.
Сәтсіздікке іздеуші едім қашан да ем,
Жер шарының тұрғындары, осы әнмен
Қолдарыңмен қолдарыңды ұстатып,
Жолдарың мен жолдарыңды қосам мен.
Көңілімде бір үміт, бір нала бар,
Гүлін жайып келе жатыр қалалар.
Есейгенде кетпесе екен жат болып,
Қалаларда бірге ойнаған балалар

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!