Күләш Ахметова (Ертіс бойында туған ой)

 Күләш Ахметова (Ертіс бойында туған ой)

Жасыл дала, жасыл қыр, жасыл ғалам,
Жасыл нұрмен, табиғат, асыл бағаң.
Жасыл дала төсінде ойнайды Ертіс —
Еркелігі әлі де басылмаған.
Ертіс бойын жағалай ұшар әнім,
Тұнығынан иіліп іше аламын.
Кенет... түсті есіме шөлдеп жатқан
Ауылым — менің құйттай Ұшаралым.
... Құлағыма көңілсіз күй келеді,
Сарғаюда су жетпей жиделері.
Ыстық желден қураған жапырақтар
Сөйлер еді, су болса, билер еді.
Мұңаямын алам да еске сені,
Мұнша неге табиғат өштеседі.
Сұлулық та су барса, өшпес еді
Қала жаққа адамдар көшпес еді.
Жүрегіңе жетер ме бұл дастаным,
Тұнжырай ма жұлдызың, түнгі аспаның.
Біз оқыған мектептің айналасын
Қаламаймын суық-сұр құм басқанын.
Қаламаймын қалың тал жылағанын,
Құм басқанын қып-қызыл гүл алаңын.
Шынымен-ақ сен жаққа келмес пе екем
Сызылдырып бір әсем бұлақ әнін?!
Атушы еді таңдары арайлап та,
Айналатын жер еді талай баққа.
Ертістейін бір өзен керек еді.
Елі жомарт, жері бай сол аймаққа.
Үнсіз аспан тағы да үндемеді,
Қызыл жыңғыл, жас өрік гүлдемеді.
Жүрек қалай адамға керек болса,
Сондай керек далаға су дегенің.
Соны ойласам сыздайды бүкіл денем,
Таңданамын бұл қатал үкімге мен.
Туған жерге, өзендер, керексіңдер,
Қан тамыры сияқты лүпілдеген.
Күте алмаған адамға кінә артыңдар,
Болашақ бар, жарқырап туар күн бар.
Айналайын, өзендер, асығыңдар,
Менің туған даламды қуантыңдар.
Бұрын онда аққу мен қаз көп еді,
Су азайды, құстар да аз келеді.
Құс кетпесін, жапырақ таусылмасын,
Жапырақтар таусылса, жаз да өледі.
Қуантыңдар қураған жапырақты,
Құралайды, құстарды, бал құрақты,
Аралаңдар тау, орман, жазықтарды,
Қалдырмаңдар шөлдеген атырапты.
Аптап шөлден құтылып құрытқан нәр,
Су сылдырын тыңдасын тұнық таңдар,
Ұлы Отанды, өзендер, аралаңдар,
Менің құйттай ауылымды ұмытпаңдар!
* * *
Жарасатын еркелік бұла айдындарға,
Көздерінде көлдердің бір айбын бар ма?
Көңілсіз-ақ.
Сендер де,
шынарларым,
Үнсізсіңдер,
күз келіп,
мұңайдыңдар ма?
Мұң не керек,
әсем ән — шығармаң барда?
Қол созу керек, әрдайым ұлы армандарға.
Өмір қымбат
сан рет сыналғандарға.
Қыс та қызық
қадірін біле алғандарға.
Күннің нұры оятып қоңыр ауланы,
Қызыл гүлін тағармыз омырауға әлі.
Сылдыр-сылдыр қағылар
жапырақтар —
Табиғаттың тамаша қоңыраулары.
Таң арайлап,
бұлбұлдар қайтарғанда әнін,
Жасыл киіп,
жасарар қайта ормандарың.
Шынарларым,
шынайы бақыт шығар
Туған жердің терінде жайқалғандарың.
Табиғаттың талантты әмірі-ау бәрі,
Қыс та бір күн сезінер өмірі ауғанын.
Шынарларым,
сыңғырлар бір-ақ күнде
«Жаз келді!» деп жапырақ — қоңырауларың.
* * *
Тағы үзіліп түсті бір жапырағың,
Бәлкім, гүлдеу дәуірің өткен шығар.
Мезгіл — өзен,
жұлқиды батыл ағын.
Мұңайма, гүл.
Қайтадан көктем шығар.
Алдың — ақпан.
Ол сені аямас-ты.
Сабағыңды сап-салқын қар басады.
Бірақ өзің қалсаң да аяқ асты,
Ұрпағыңа ғұмырын, жалғасады.
Дірілдейсің.
Үрей бар жүрегіңде,
Намыс қані?
Ән салған дауыс қані?
Ағын судай асыққан бұл өмірде
Ғұмыр деген осындай
ауыспалы!
Қысқалықты адамдар қас қағым дер,
Нәркес көзің мөлдіреп
жылама, гүл.
Көктем келер, жайқалар басқа гүлдер
Басқа гүлдер үшін де қуана біл!
* * *
Heгe бүгін тау жаққа жүр демедің,
Тәкаппарлық біздерге не береді.
Айтқың келіп тұрдың да, үндемедің,
Тау баурайы жылда бір көгереді.
Жазды ұзарт деп тілеп ем мен тәңірден,
Жаз қызығын бірақ сен молайтпадың.
Тамылжыған тамыздай сентябрьде
«Қыдырайық, жаным!» деп неге айтпадың?!
Көп ойланып екеуміз отырғанда,
Көк орамал жамылған жаз өтеді.
Самал сезім сананы сапырғанда
Тауды аралап қайту-ақ қажет еді!
* * *
Екеуміз қандай баймыз?
Ертегілер елінде қалғандаймыз.
Бәрі бар екеумізде,
жалғыз ғана
Осылай отыруды армандаймыз.
Даланың қара орманы,
қара суы,
Жолдары,
төбелері,
бар асуы —
Біздікі —
батар күн де,
ақша бұлт та,
Ешкімнің мүмкін емес таласуы.
Менікі —
атса қанат жайып таңың,
Менікі —
мейрам көңіл, байыпты әнің.
Менікі —
барлық қызық,
қандай жақсы
Бір күнде осыншама байытқаның!
Көзіңнің жақұты үшін,
жалыны үшін,
Даланың самалы үшін,
сағымы үшін.
Рахмет!
Сүймеуге қані күшім,
Сүйкімді азабым мен сағынышым!
* * *
Қар жамылды ескерткіш биік мүсін,
Шаңқан аппақ шапанын киіпті шың.
Аққу мамық әлемнің құшағында,
Жаным, сен сүйкімдісің, сүйіктісің.
Қар астында самғауға тым құмар ек,
Көңіліңе қаймақ-ой тұрды ма көп?
Алғаш жауған ақ қарды ұнатушы ең,
Ақ түйіршік қонды әне мұрныңа кеп.
Жып-жылысың, лезде еріп кетті,
Айналаны ақша қар көрікті етті.
Кірпігіңді күміс нұр ылғалдады,
Мен сені сүйіп алғым келіп кетті.
* * *
Басталды дауыл бораған,
Кетеді ұшып ес кей күн.
Ғашық боп қалдым мен оған,
Жапырақтар-ау, не істеймін?!
Сендердей нәзік сезімді
Баса берсін бе жойқын қар?
Қатты аяп тұрмын өзімді,
Қайратты ақыл айтыңдар.
Жүрегім дертті, сеніңдер,
Сендерге ортақ сырым бар.
Жүрекке ұқсас едіңдер,
Тілектес болып тұрыңдар!
Әп-сәтте басар еңсеңді
Соққанда өмір құйыны,
Айтайын деген нәрсеңді
Айта алмау екен қиыны.
Сурылып талай құмдар да,
Таусылар талай думандар,
Мүмкіндік барда,
үн барда
Шулаңдар,
тынбай
жырлаңдар!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!