Күләш Ахметова (Пәк табиғат таратып)

 Күләш Ахметова (Пәк табиғат таратып)

Пәк табиғат таратып бар асылды
Жәудір жанар гүлдердің бәрі ашылды.
Әр маусымның өзіндік бояуы бар
Өр бояудың әні бар жарасымды.
Көп тырналар көкте айтып өтті арманын,
Қараңызшы той іздеп топталғанын.
Тілейді жер бұл жазда былтырғыдан
Жапырақ пен жаңбырдың көп болғанын.
Қайран көңіл, әрнеге елең еттің.
Сыршыл жүрек, көргенді өлең еттің.
Сұлулық та — мықтылық
Көрдіңіз бе,
Әйбат гүлге қонғанын көбелектің!
* * *
Соқты да тағдыр — жел еппен,
Айналды тамшы жасқа шық.
Үзіліп түсіп кенеттен
Жапырақ ұшты теректен
Жапырақтармен қоштасып.
Соғады самал есіле,
Жапырақ — жүрек дүрсілдеп...
Күзгі бақтың төсіне
Таңертеңменен несіне
Ілініп қалған бұл сурет?!
* * *
Қар борайды
Ақ қайың қамығады.
Қайрылмаған көктемін сағынады.
Ал адамдар өтуде өз ойымен
Қайыңды ойлап қайғырып не қылады?
Мына жұртты мазалап заттар бөтен,
Елемейді жамылса ақ қар мекен.
Табиғатты адамдар сақтамаса,
Пәк табиғат адамды сақтар ма екен?
Қар борап тұр.
Көк бүршік өлер енді.
Көктем келсе;
Көрсетіп мол өнерді.
Өлең айтып билейтін ақ қайыңға
Қайта-қайта қарағым келе берді

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі