Өлең: Кенен Әзірбаев (Жамбыл тойы)

Өлең: Кенен Әзірбаев (Жамбыл тойы)

Күнде той, күнде қызық Жамбыл ауылы,
Жаңғыртты ән менен күй Алатауды.
Тоқсанда торқа киіп, жорға мінді,
Партия мен үкімет алып қаулы.
Жамбылды тегіс білді жердің жүзі.
Әлемге үлгі болды айтқан сөзі.
Күнде бір асыл жырын елге оқытты
Сәулелі шам жарығы, күннің көзі.
Жамбылға он бес бөлме сарай бітті, —
Алтыннан төбесіне орай бітті...
Жантайып жатып кейде Жамбыл ата
Артықша келер таңнан арай күтті.
Жырының жетпіс бес жыл тойын тойлап,
Сол тойға жүз биеден желі байлап,
Саны жоқ ақ үйлерді қатар тігіп,
Бақ ішін ат шаптырым алдық жайлап.
Ел - елден одақтағы қонақ алдың,
Той жайлы жер жүзіне хабар салдың.
Тойынан он патшаның оныкі артық,
Бұл емес жай әншейін тасығандық.
Қазақтың өнерінің тойы дедік,
Керейдің көкке жеткен бойы дедік.
Қазақтың азат болған замандағы
Теңізден тереңірек ойы дедік.
Сол тойдың көрсетпеген қызығы жоқ;
Жалғыз-ақ жан біткенннің бұзығы жоқ.
Жандарал, пристав жоқ,
ақындар бар,
Сыйлыққа Кенен, Нартай — бәрі де тоқ.
Қалжыңмен қарт ақындар шалысады,
Тапқырлықпен жорғалық салысады.
Қонақтардың көзінше Жәкең, Дина
Қыз-жігіттей ұстасып алысады.
Жараспай ма онымыз, жараса ма —
Біз түсеміз қызығып «арашаға»
Сонда Жәкең айтқаны: қартайсақ та
Талмай жеткен екенбіз тамашаға



Комментарии для сайта Cackle