Өлең: Кенен Әзірбаев (Той басталды)

Өлең: Кенен Әзірбаев (Той басталды)

ЬІбырайым Жайнақ ұлы той бастады,
Губернатор, ояздар ойқастады.
Қақанов, Қалығұл мен Төлембайлар,
Мұсақан, Қыразалы жолдастары.
Құмда мен Беларықты тамаша етті,
Сарала шеркеу жаққа үйлер тікті.
Қыз қуды, көкпар тартты, құстар салды,
Ат шауып, балуанды балуан жықты.
Көшемен көш жүргізді, жылқыны айдап,
Түйеге кілем жапқан аң ту байлап.
Жанаса көш-жөнекей қыз-бозбала,
Айтысты қазаң салты қатты айқайлап.
Келеді батырлар да көшті жанап,
Дүрбі алып ұлықтар тұр тамашалап.
«Жау шапты!» — Сол уақытта аттан салып,
Сонымен ту-талақай кетті тарап...
Артынан ақындарға кезек келді,
Жайнақов қайрап жатыр өжеттерді:
Ол келіп ортамызға «ұғып ал» деп,
Патшаның ата тегін сөйлеп берді.
Үш жүз жыл Романовтар тақта, деді,
Тұқымын, құдай, өзің сақта, деді.
Жиналған Жетісудың ақындары
Патшаңның қасиетін мақта, деді.
Ақындар бір боз үйде отыр бәрі,
Айнала өлең тыңдай жас пен кәрі.
Ішінде ең үлкені Жамбыл екен,
Сол бұрын мақтау керек патшаларды.
Атақты Арғынбай мен Бармақ ақын,
Шөкітай, Өмірзақтай жарма ақын.
Атақты Садық, Шарғы,
Жолдыбайлар,
Тағы да әлде неше тарлап ақын.
Қырғыздан Халық пенен
Оспанқұлдар,
Ішінде Сәрсендердей күлдіргіш бар.
Жамбылға жасы үлкен деп берді кезек.
Ақынның серкесіндей ұзын өзек.
Қаумалап алды халың айналаны,
Тартқанда домбырасын безеп - безеп.
Бір бөлек таңырқап тұр ұлықтар да,
Жіберді жыр бұлағын Жамбыл көсеп.
Ж а м б ы л:
Атам батыр Қарасай,
Ағам ақын Сүйімбай,
Петроград, Алматы
Бір жылдың жол арасы - ай.
Патшаның қуын қарашы - ай!
Өзі келмей істеткен
Айдалаға тамаша - ай.
Қазақ пенен қырғыздың
Табақ-табақ еті мен
Тойғызып жатыр сабасы - ай.
Өңшең ұлық өгіздей,
Біз бұзау мен танасы - ай.
Бай-манаптан басқаға
Бұл той отыр жараспай.
Бұқаралар бүрсеңдеп,
Ет асып жүр жанаспай.
Патшаның тойы бұл болса,
Жоқ-жітікке қараспай,
Неменесін мақтайын,
Ағзам патша адасты - ай!
Әлексей мен Мекалай,
Бәрін айтып тараспай,
Сүйек көрген төбеттей
Теңгесіне таласпай,
Шаппайтұғын болған соң,
Бекер босқа таң аспай.
Ертерек елге қайталық,
Жұртқа керек өлеңді
Ауылға барып айталық,
Жамбылдың мына сөзі болды қиып,
Тарқамай тұрған кезде думан - жиын,
Жамбылды халық мақтап, болыс боқтап,
Ақыры адалдықтан алды «сыйын».
Тік тұрып ұлықтардың төбе шашы,
Сықырлап қазақ үйдің босағасы,
Жамбылды жайлап келіп, айдап кетті,
Табылмай қой деп айтар арашашы.
Зәресі көп ақынның ұшып кетті,
Қолдағы домбырасы түсіп кетті.
«Николай! Алексей!» —деп шулай бердік,
Жаңғыртып ағаш үйді, жер мен көкті.
Ішінде сол айқайдың мен де бармын,
Құрғырдан құтылғанша ынтызармын.
Қорыққанның бір белгісі —
дауысым күшті,
Көтеріңкі әнменен жерді жардым.
Байтал түгіл бас сауға, быт-шыт болдық.
Тұрымтайдан тығылған шымшық болдық.
Жамбыл шалдан айрылып, әрқайсымыз
Бөденедей бүлкілдеп жым-жырт болдық.
Жәкеңді ел жиылып сұрап апты,
Кес-кестеп арашаға тұра қапты.
Жамбылдың ақындығы, батырлығы, —
Әйтпесе болар еді бір абақты



Комментарии для сайта Cackle