Кенен Әзірбаев (Кенен мен Бопина)

 Кенен Әзірбаев (Кенен мен Бопина)

К е н е н:
Бопина, келіп қалдым тойыңызға,
Қуаныш сыймай келді қойнымызға.
Бір қолқа салдым міне қабылдасаң,
Қолымды артайын деп мойныңызға.
Б о п и н а:
Көркемжан ер жетті ме, Кенекем - ай,
Тамаша жүрген жерің, мерекем - ай!
Бақытжаның туыпты құтты болсын,
Тойымды қызық қылған берекем - ай.
К е н е н:
Кеп отыр жауды жеңіп Жарылғабың
Он жылдай дерексіз бон табылғаның.
Шақырып үш аудан ел, той жасадың,
Үйіңде дауласқаның пе қылғаның!
Б о п и н а:
Жас келін боп, Кенеке - ау, жүруші едім,
Айтарыңды жүректен білуші едім.
Шұбар атпен төбеңді көргенімде,
Жолың тосып көпірде тұрушы едім.
К е н е н:
Көрінер ақ үй сұлу үзігімен,
Көрінер келін сұлу жүзігімен.
Бопина, оның рас, жөніңе кел,
Шықпайсың тоғыз келін тізімінен.
Б о п и н а:
Кенен - ау, ат мінерсіз қара шұбар,
Үстінде ақсақалың жарасылар.
Сөзімді әзіл - қалжың айтсам - дағы,
Өзіңде тоғыз келін таласы бар.
К е н е н:
Бопина, әзіліңді білмеймін бе?
Келінмен сіздей ойнап, күлмеймін бе?
Көлдегі сен — аққу қаз, мен — лашын,
Қайырып қанатыңды ілмеймін бе?
Б о п и н а:
Кенеке - ау, ат мінерсіз қара көктен,
Жарасар келбетіңе нар жұп шекпен.
Қоялық екеуміз де бұл әзілді,
Хат бар ма Шолпанқұл мен Қыдырбектен?
К е н е н:
Бопина, қандай жақсы сұрағаның,
Құлаққа бұл өлеңің ұнағанын.
Хат та жоқ, хабар да жоқ екеуінен,
Жүргенін не тұрмыста біле алмадым.
Б о п и н а:
Кенеке - ау, екі бауырың келсін аман,
Жауды жеңіп, той болса бар ма арман!
Осы отырған халқыңның тілегі бар,
«Тоғыз келінді айтса» деп шуылдаған.
К е н е н:
Айтайын, айт десеңдер тоғыз келін.
Тоғызға толтырам деп көп іздедім.
Өзімдікі деп жүрсем кей келінді,
Бұзып кетіп, бозбала зар иледім.
Талай-талай шарт қойдым келіндерге,
Келін «кел» деп шақырса ерінем бе!
Табаны таймай тұрар келін болса,
Келіп-кетіп тұруға әзір мен де.
Жеңге менен балдыздан келін қызық.
Келін күрең шай құйса көзін сүзіп.
Бұл өмірде бар ма екен ондай ләззәт,
Қасында отыра алман денем қызып.
Қара торы, қайнар көз, ақшыл келін,
Айтпай білер тіліңді жақсы келін.
Құрт ішкендей құмардан шығар едім,
Бір күн қасып арқамды жатса келін.
Кененнен шал деп күдер үзбе, келіп,
Табылар деді ме екен іздегенім?
Шабады кері тарлан шаршы топта,
Қайтесіз құнан, дөнен іздегеннен?
Келіп келсе май палау, қаймақпенен,
Бура ойнайды қаңтарда тайлақпенен.
Жанға жайлы, жайдары болса келін,
Жақсы әйел еркекке қайрақ деген.
Келінжан «кен» деген сөз — Кенен деген,
Ағаштың ең мықтысы емен деген.
Жетпіске сыр бергем жоқ, сыр сұрасаң,
Сексенде де болмайды жүзім төмен

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі