Жамбыл Жабаев (Сыйлық)

 Жамбыл Жабаев (Сыйлық)

Туған елім, сөз тыңда!
Саған айтар сөзім бар.
Атақ беріп Жамбылға
«Ардақты, ерке—дедің,—шал»,
Ал сөйлейін алдыңда,
Сөз беріп тіл даңғылға.
Сөйлейтін жер келгенде,
Жұртым кезек бергенде,
Мен бөгеліп қалдым ба?
Заман-заман тапталған,
Қалың қазақ баласы,
Ауыр азап атқарған
Көзден ағып сорасы.
Іздегенін таппаған
Бұрынғы ата-бабасы.
Сол азаптан құтқарған
Ленин адам данасы.
Сол есіммен аталған,
Мекені Балтық жағасы —
Ойыңа білім, нұр салған
Бахыттың тұңғыш қаласы,
Қайратына әлем таң қалған
Қалаға сонау қарашы.
Алысып қыстай жауымен
Қаймығып титтей ықпаған.
Жаудырса зомды*5 әуеден,
Жауынан қорқып бұқпаған,
Жәкең бомбаны — «зом» дейді.
Жаудырған сайын ерлеген,
Қаланы қайта мықтаған.
Тыныштық, дамыл көрмеген,
Түні жоқ түгел ұйықтаған.
Аязда, қарда, боранда,
Ауыр күндер болғанда
Қабағын қажып шытпаған.
Ғасырдың мол мұрасын,
Бахыттың сақтап ұясын,
Лениннің туын жықпаған.
Қаймығып қала күшінен
Сескеніп зәрлі түсінен
Өлігін тау-тау қалдырып.
Жынынан әбден айрылып,
Соғылған итше қаңсылап,
Басынан қаны тамшылап,
Қаладан жаулар сырттаған.
Қыстай дамыл көрмеген,
Жауға ырық бермеген,
Төніп келген жаулардың
Талай мыңын жерлеген,
Қаласына Лениннің,
Қамалына елімнің
Халқым, сыйлық тартады.
Шашуы деп жеңудің!
Көк найзалар үйірген,
Мұздай темір киінген,
Алдына дабыл өңгерген,
Артына сауыт бөктерген,
Шеру тартып қол барсын!
Жауды қуған торлаған,
Ерлерден не аяйық —
Жаны қыйып қорғаған
Еліміздің ордасын!
Соларға сый—ет пен май,
Ұн мен күріш, қант пен шай.
Жолдаймыз сан тоннасын.
Ер сыйлаған ел едік,
Ең хұрметті тамағы.
Сары майы, қаймағы,
Елдің соған жолдансын.
Жауға ататын оғың деп,
Жауынгерлік жолым деп,
Жібереміз соларға
Көмір мен мыс, қорғасын.
Сыр мен Ертіс тасқандай
Жауды жаншып басқандай
Қозғалғандай тау, құздар,
Сыйлық артқан поездар
Түйдек-түйдек қозғалсын

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!