Өлең: Жамбыл Жабаев (Үндеу)

Өлең: Жамбыл Жабаев (Үндеу)

Елдің ақын ұлдары,
Егей өңкей тілмәрі,
Ел-елден кеп қостың бас;
Ертіс, Жайық Іле, Сыр,
Ұшан-теңіз сулары
Каспий, Арал, көл Балқаш,
Сабасындай өлеңнің,
Арнасындай өзеннің
Өрен жүйрік кәрі, жас,
Топтарыңа келгенде
Айтатұғын сендерге
Арнаулы бір жырым бар,
Үлкен, кішің құлақ ас!
Адамзаттағы ардақты ұл —
Туғанына алпыс жыл
Толғанында, толғантып,
Жамбыл қартты қозғалтып,
Домбырасын міне, бұл
Колға қалай алдырмас!
Сталин боп ұраным,
Шарықтаса қиялым,
Қанатымды талдырмас!
Қара тасты жібіткен,
Суық мұзды еріткен,
Баққа туған күн кесем,
Соған жырды төкпесем
Мейірімді қандырмас!
Қажыған көп шабыста,
Қарлыққан қарт дауысқа
Сұнқылдатып үн берген
Ақындарды сайратып,
Шежіре жақ тіл берген,
Данышпаным Сталин
Жасағанда алпыс жас,
Қалай қиял шалқымас!
Қалай сүйек балқымас!
Қозғар түгел осы жыр
Алпыс екі жүйені.
Қарт жүрекке құйып нұр,
Кәрі денем иеді.
Сталиннің тойына
Жырдан шашу шашам деп,
Шаттық толқып ойыма,
Төбем көкке тиеді,
Бір соққандай менімен
Елдің ұлы жүрегі.
Қуанышқа бөленіп
Жиі соғып күледі;
Соны сезген кәрі жан
Күш өргізіп тамырдан
Тағы қуат үдеді.
Кәне, Жамбыл, қозғасын,
Кәне даусың самғасын!
Ақтарылсын асыл сөз,
Айтылмай жыр қалмасын
Ақындықты сынар кез!
Уа, Нұрпейіс, қайдасың?
Уа, Орынбай, шырқа сен!
Қалқа, Нартай, Нұрлыбек
Жырларыңды нөсерлет,
Ақтарыңдар арнасын!
Шежіре шешен ақындар!
Дауысыма дауыс қосыңдар!
Тау жаңғыртып жер жарсын,
Сөздің шырын қаймағы
Інжу жырлар қайдағы
Сталинге арналсын!

Новость отредактировал: nurgul95 - 28.05.2019

  • 0


Комментарии для сайта Cackle