Өлең: Жамбыл Жабаев (Қайта келген жастық)

Өлең: Жамбыл Жабаев (Қайта келген жастық)



Бұл Жамбыл жасап отыр тоқсан жасты,
Тоқсаннан әрі кетіп, жүзге де асты.
Шебер сөз, асыл меруерт, шаттық күйі
Жамбылдан енді сірә құтылмасты.
Бұл Жамбыл көрген бұрын талау-таран,
Кез болды енді оған алтын заман,
Кең жатқан байтақ ұлан шежіремін,
Тарихтың домбырасын қолыма алам!
Қатардан шал болсам да қалғаным жоқ,
Досқа күй, дұшпаныма өлеңім оқ!
Жасартқан Сталиннің дәуірінде
Қарт жырым — енді сенің арманың жоқ!
Жамбылдың ардақталып бұлбұл сөзі, —
Гауһардай нұрын төккен екі көзі
Тоқсанда қайтып алып жыйырма бесті,
Жасарып қарт бабаңның тұрған кезі.
Жиырма бес маған тағы қайтып келді.
Сәлемін алтын күннен айтып келді.
Қалайша жыр төкпесін, ән соқпасын,
Шаттықтан нөсер төккен дәуірде енді!
Па, шіркін! Қайтып келді маған жастық.
Дәуірде өрге ерлеп гулеп-тастық;
Кавказдан, Алатаудан ағындатып,
Шаттықтың бұлағының кілтін аштық


Комментарии для сайта Cackle