Өлең: Жамбыл Жабаев (Жаз жыры)

Өлең: Жамбыл Жабаев (Жаз жыры)



Атымды ертте, балалар,
Күлімдеп міне жаз келді.
Түйе боздап, қой қоздап,
Тізіліп қатар қаз келді.
Жастардың жүзі жайраңдап,
Кең өмірде сайрандап,
Махаббат, мейірім, ән мен күй,
Ойын, күлкі, наз келді.
Тамаша өмір, шаттық жыр
Қала, дала ой мен қыр,
Жабайы жаз ба биыл жаз,
Төгілген көктен алтын нұр.
Назданар адам аз ба енді,
Көйлек көкте, тамақ тоқ,
Eш бенде де уайым жоқ,
Жасармас қай жан жазда енді.
Отаным байтақ мәңгі бақ,
Гүл, бәйшешек толған жер.
Он бір жұрт—он бір туысқан
Қанаттас қатар қонған жер.
Он бір жұртым—он бір бақ,
Ішінде еркін сайрандап
Мәуесін тәтті сорған ел.
Шағаласы шаңқылдап,
Қаз, үйрегі қаңқылдап,
Көкорай шалғын, орман, көл;
Шалқып жатқан ен дәулет,
Салтанат, шаттық, сән, сәулет,
Аймағым асқар қорған бел.
Жауың мен дауыл, бораннан
Жасқанбай шалқып тасамыз,
Жауды жайқар жарақ сай,
Табанмен таптап басамыз.
Қыздырып еңбек дүкенін,
Желпілдетіп жер бетін,
Жемістен шашу шашамыз.
Жер қазынасын талқандап
Көзіне жете ашамыз.
Болаттан сұңқар ұшырып
Мұхиттан әрі асамыз.
Мініп алмас тұлпарды
Баспаған жерді басамыз.
Қуаттан дария ағызып,
Ерліктен ерлік туғызып,
Өрге өрлеп, тасамыз!
Жайнай бер жазым жылдан жыл,
Жаңарып дүние түрленсін.
Алтын бақша ұлғайып
Бұдан да қызық түрге енсін.
Ен бахытқа еркіндеп
Жайлаған елің гүлденсін.
Сталин атты алтын күн
Себелеп рахмет сәулесін
Бұдан да жарық нұр берсін.
Бұлбұлың дулап сайрасын,
Еңбегің қызып қайнасын,
Нұрыңды әлем, ел көрсін,
Бұғаудан қолын шешуге,
Сенімен таңға ілесуге
Өнеге болсын, дем берсін!


Комментарии для сайта Cackle