Мағжан Жұмабаев (Оқжетпестің қиясында)

 Мағжан Жұмабаев (Оқжетпестің қиясында)

Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді.
Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей
Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді.
Арқада Бурабайға жер жетпесе,
Алашта Кенекеме ер жетпейді.
Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!
Дариға, жүрегімді дерт өртейді.
Көкшені күндіз-түні мұнар басқан,
Қап-қара бұлттармен құшақтасқан.
Алдында бұйра жалды бөлек тау тұр,
Көкшеге қосылмаққа қойнын ашқан.
Мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек көл ортада,
Жел ойнап, ақ бетіне меруерт шашқан.
Сол көлдің жағасында Оқжетпес бар,
Жасаған мұнарадай құйып тастан.
Найзадай Оқжетпестің қиясына
Жалғыз-ақ Кенекем ғой қадам басқан.
Алашта талай-талай ерлер өткен,
Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?
Сүйремей елін ерге, көрге сүйреп,
Ер емес, «ершіктер» ол елді еңіреткен.
Жалғыз-ақ Кенекем ғой қайрат қылған,
Қазақты құтқарам деп қалың өрттен...
Бір кезде Кенекемді ойлар билеп,
Бір өзі Бурабайды кезіп кеткен,
Артында Оқжетпестің үңгір тау бар,
Сол тауда бірнеше күн мекен еткен.
Бір түні тым құтырып жел ойнайды,
Жынды жел қатты сақ-сақ күле ойнайды.
Бетінен жел кеп сүйіп алғаннан соң,
Көбіктеніп күлегеш көл ойнайды.
Сол түні сонау үңгір тау ішінде
Қабағын қарс жауып Кене ойлайды.
Қамалған қазағына жол таппаққа,
Жүрегін тілім-тілім тіле ойлайды.
«Қазағым, ханың да мен, қараң да мен,
Сен үшін жаным құрбан»,- деп ойлайды.
Кенекем құлаштаған ой теңізін,
Бұлдыртқан бұлдыр заман қыран көзін.
Бір кезде серпіледі, шығарған соң
Ойлардың «уһ» деген у лебізін.
Келеді маң-маң басып Оқжетпеске,
Құмдарға жолбарыстай тастап ізін.
Көзін жұмып, қияға шықсам-ау деп,
Ойлайды жоғарыға жөндеп жүзін.
Сол минут Оқжетпестің қиясында,
Жіберсе көзін ашып, көреді өзін.
Кенекем көзін ашып, таң боп қатты,
Қараңғы, көз көрмейді ешбір затты...
Нажағай маңайында жарқ-жұрқ етіп,
Қарағай, сыпсың біткен шулап жатты.
Төменде, Оқжетпестің етегінде
Толқындар тасты сабап, тулап жатты.
Кішкене сескенгендей болғаннан соң,
Кенекем аузына алды аруақты.
«Аруақ» деп алғанша аузын жиып,
Көреді қарсы алдында әппақ қартты.
Қарт сонда қозғағандай болды басын,
Қолыменен көтерді түкті қасын.
Ойнаған ақ бұлттай денесі әппақ,
Жасаған бұлт ішінде барлық жасын.
Күңіренген көлдердің көбігімен
Жуғандай әппақ қылып сақал-шашын.
Ізгі қарт «а» деп аузын қозғағанда,
Төменде судың шуы болды басым.
Қарт сонда күңіреніп: «Аманбысың,
Кенежан, елдің ері жолбарысым!
Кенежан, берірек кел, сырттан балам,
Ел үшін елсіз жерде жортқан балам.
Сақтайтын қолдан тілден сендей ерді
Ата пір қасиетті мен қарт бабаң.
Өз қолыммен төменнен тартып алдым.
Қияда күтіп сені сансыз заман.
Ел үшін еңіреп туған жолбарысым,
Білемін, жүрегіңде бар бір жараң.
Сені улаған қазақтың қайғысы ғой,
Дариға, қазағыңның күні қараң.
Алаштың алдын қара тұман жапқан,
Мынау орыс обыр ол еміп жатқан.
Заман азған шағында адам азбақ,
Көп ерлер жаумен бірге елін шапқан.
Кешегі Абылайдан азып туған
Уәли анау қарт қатынмен басы қатқан.
Шормаңдай шолтаңдаған шолақ билер
Орыстың шекпеніне елін сатқан.
Кенежан, елің қалды жау қолында,
Алып кет алашыңды осы жақтан.
Тайсалма, тәуекел қыл, батыр балам,
Арсыға дұға асырар мен қарт бабаң.
Еңіреген ерге серік жолдас болар,
Балауса жас жолбарыс - інің Науан.
Жау қалың: азғантай ел, азғантай шақ,
Болғай ед аруақ жар, Құдай панаң.
Мерт болсаң мақсұтыңа жетпей егер,
Сол сағат мен осы жерде тасқа айналам.
Алашта тағы сендей ер тууын
Төбеде тас боп шөгіп күтіп қалам».
Осы сөздерді айтып қарт ғайып болды,
Таудың үсті тамаша нұрға толды.
Тербеліп, күңіреніп қара бұлттар,
Жер мен көк қасиетті жырға толды.
Бұлтты айдап, сылдыратып сумен ойнап,
Ерке жел тасты құшып сақ-сақ күлді.
Аллалап ну қарағай шулай-шулай,
Төменде тулай-тулай толқын өлді.
Тамашадан тас болып біраз тұрып,
Көзін ашып, Кене өзін жерде көрді.
Сол кеткеннен Кенекем кете барды,
Жанына жас жолбарыс Науанды алды.
Алашты алып шығып ел қылмаққа,
Орысқа аш бөрідей ойран салды.
Үйсін, дулат, қырғызбен қол ұстасып,
Қытаймен қатынаспаққа ой ойланды.
Біле алмай надандықпен ердің ойын,
Сорлы қырғыз мерт қылды арыстанды.
Арыстан Алатауда мерт болғанда,
Оқжетпесте тұрған қарт тасқа айналды.
Содан бері бірталай заман өтті,
Алашты улай-улай жаман өтті.
Тұлпар - тулақ, ер арып аруақ боп,
Сарыарқа сайран жердің сәні кетті.
Жолбарыстар жортатын cap далада
Қорсылдаған доңыздар мекен етті.
Жалғыз-ақ Оқжетпестің қиясында
Шөккен қарт күншығысқа түзеп бетті,
Көп заман талмай-тозбай тау басында,
Алаштан Кенекемдей бір ер күтті.
Арқада Бурабайдай жер болмайды,
Алашта Кенекемдей ер болмайды.
Кене Арыстан мезгілсіз мерт болды ғой,
Алашқа бұдан да зор шер болмайды.
Ел азды, арқа тозды, қайғы басты,
Күңіреніп біздей бейбақ жыр толғайды.
Құдай-ау, мәңгілікке қарғамасаң,
Кенедей енді неге ер тумайды?!
Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ,
Дариға, жүрегімді дерт улайды

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі