Кенен Әзірбаев (Кененнің Шәлипамен айтысы)

 Кенен Әзірбаев (Кененнің Шәлипамен айтысы)

К е н е н:
Мінгенім астымдағы қызыл шолақ,
Қыз байғұс әкесіне аз күн қонақ.
Әй, қыздар, кедейсінбей өлеңіңді айт,
Тұсыңа келіп қалдым «құдашалап».

Ш ә л и п а:
Бағып жүрген ешкімнің бәрі жағал,
Әріптесім сен болсаң, әдіре қал.
Әдіре қал дегенге арсаңдамай,
Жел жағымды мүңсітпей әрі жоғал.

К е н е н:
Мен өзім Алатаудың ителгісі,
Қойшының қызға жақын икемдісі.
Кедейсің деп кемітпе, байдың қызы,
Келіп отыр құрбыңның сүйкенгісі.

Ш ә л и п а:
Көкала үйрек ұшады көл дегенде,
Ешкі емеді қойшылар шөлдегенде.
Сүт сауам деп кеудеңнің бәрі сірне,
Қойың бақпай, ой, сорлы - ау, нең бар менде!

К е н е н:
Қызы едің сен бір байдың өтпей жүрген,
Жиырма беске келгенше кетпей жүрген.
Көрмегендей мақтанба, байдың қызы,
Мен қойшы сендей қызды ептей жүрген.

Ш ә л и п а:
Рас, бізге бозбала болады ашық,
Ашық жайын біле ме қойшы пасық.
Сары майдан дәметкен кеудең құрсын,
Жел жағымда жүрмеші теке сасып.

К е н е н:
Сендей адам емес пе қойшы деген,
Жол үстінде жолықтым тойшыменен.
Көрмегендей мақтанба, байдың қызы,
Жолың болмас сырласпай қойшыменен.

Ш ә л и п а:
Сенің атаң, ей Кенен, жалаң аяқ,
Құртқан екен құдайым аямай-ақ.
Әкең байғұс ұстап жүр қазан-аяқ,
Қойды жөндеп бақсаңшы сандалмай-ақ.

К е н е н:
Сенің атаң, Шәлипа, Байбалақ-ты.
Жиырма беске келгенше бақты - қақты.
Төсіңдегі томпиған екі емшекті
Мендей қойшы мыжғылап аймалапты.

Ш ә л и п а:
Өйт - бүйтпесем, ей байғұс, өйт - бүйтпесем,
Қу шекпенді құржитып отқа үйтпесем.
Жапалақша жарбаңдап қалмай қойдың,
Итаяққа ас құйып «көйіт, көйіт»,— десем.

К е н е н:
Шәлипа, сеп олай деп кесірленбе,
Жүйрік аттай замғаймын көсілгенде.
Адамды итке теңеп шақыратын,
Шешең ит қып өзіңді өсірген бе?

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі