Өлең: Ғафу Қайырбеков (Бекет ата туралы аңыз)

Өлең: Ғафу Қайырбеков (Бекет ата туралы аңыз)

Әулие Бекеттің қабірі жан-жағы құз-шатқал, жетуі қиын-қыстау бір шыңның басында көрінеді. Қазіргі күнде вертолет болмаса бару мүмкіндігі қиын деседі. Мен де бара алмадым.

Туғанда қауіп-қатер, күн зымыстан,
Немесе кездескенде қиын дұшпан.
Кезінде ер басына бұлт айналған,
Бекетке ел тірісінде-ақ сыйынысқан.

Кісі екен сәлемінің өзі рахат,
Кететін кездескенде шерің тарқап.
Көзінде көкшіл жалын жанады екен,
Қапыда қалса біреу атын атап.

Сондықтан оның атын көп айтпаған,
Күні жоқ қасиетін молайтпаған.
Алдында жатады екен жолбарысы,
Ит-құсты маңайына жолатпаған.

Жалғыз-ақ бір құрдасы тиіп-қашып,
Онымен ойнайды екен иықтасып.
Ел айтқан әруағына сеніңкіремей,
Әр жерде көлденеңдеп жүріпті асып.

Ер Бекет оныменен сөзге ерінген,
Кезі жоқ бір қалыптан өзгерілген.
Өзгеге өзі түгіл, сәукеледей,
Шалынған көлеңкесі көз көрімнен.

...Бір күні сол құрдасы жолға шыққан,
Ауғанда атан түйе арбасынан.
Қатыны баласымен қоса қабат,
Құлдилап құлап кеткен жар басынан.

Сорғалап төмен құзға бара жатып,
Қалыпты «Иә, Бекет!» деп бір тіл қатып.
Дік етіп аман-есен жерге түскен,
Түсінен оянғандай ойға батып.

Қадірін құрдасының сонда аңғарған,
Еңіреп айдалада жылап алған:
«Бекетжан, айналайын, сен болмасаң,
Мен үшін құрып еді мына жалған»...

Депті ол бір жиында Бекет ерге:
– Талай жыл түсіп кеппін текке терге,
Кеш, батыр, кеңдігіңнен шапағат бер,
Кетпесін әзіл тарап шет-бөтенге.

– Ол рас, – депті Бекет, – қолдағаным,
Шырқырап ұшарында сонда жаның,
Маған да әзіл айтар біреу керек,
Обал ғой сенің тірі болмағаның.

Жалма-жан жауырынымды тоса қалғам,
Сары атан белімнен кеп баса қалған.
– Нанбасаң қарай ғой, – деп шешінгенде,
Құрдастың сол арада шашы ағарған.

Түйенің төрт табаны түскен аттап,
Тұр екен жотасында мөрдей қаптап,
«Сабаз-ай!» – деп күрсінген қараған жұрт,
Жөнелген әулиенің атын жаттап.

Осы аңыз естігенде есімді алған,
Сондай бір ел жадында есім қалған.
Адайлар: «Иә, Бекет!» деп сыйынғанда,
Кеңейіп сала берген есіл жалған.

Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен,
Сауында қауіп-қатер шығыпты естен:
Құлдилап сондай құздан құларымда
Арман не, «Иә, Бекет!», – деп тұрып кетсем?



Комментарии для сайта Cackle