Өлең: Мұқағали Мақатаев (Түйсік)

Өлең: Мұқағали Мақатаев (Түйсік)



Киген киім, асқа ырза күндегі ішкен,
Жалықтым-ау, осы бір күн көрістен.
Үмітім де үзіліп бара жатыр,
Мына құрғыр мандышай жүрген істен.
He боп барам осы мен күннен-күнге?!
Тіршіліктің мәнісі күн керу ме?!
Ұйықтап кетсем маужырап, қайтер едім,
Мандыта алмай ештеңе жүргенімде?!
Өмір өтіп барады ертеңменен,
Қайтем оны?!
Жанбаған, өртенбеген.
Өзімнен-өзім бүгін жеркенемін,
Өмірде еш нәрседен жеркенбеп ем.
Қараймын жеткеніме, өткеніме,
Өмірім осылайша кеткені ме?!
Алдыма ақ қағазды жайып қойып,
Пышырап құры отырмын текке, міне.
Жырым да, сырым менің кімге керек?
Болмады күткенімнен бір де дерек.
Жан таппай, жарық іздеп түнге қарай,
Мен-дағы отқа түскен бір көбелек


Комментарии для сайта Cackle