Мұқағали Мақатаев (Қарлығашым келдің бе қаршығадан саумысың?)

 Мұқағали Мақатаев (Қарлығашым келдің бе қаршығадан саумысың?)

Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?
Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?
Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,
Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?
Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?
Зияны жоқ зиялым, өкпелетті сені кім?
...Түсінікті, сүйіктім, түсінікті айтпа енді,
Тұмар құсым кеткен-ау тырнағында перінің.
(О жылы біз ауылда оңаша үйде түрғанбыз)
Жаз да өтіп барады, қарлығашым жүр жалғыз,
Көзді ашып-жұмғанша көсеуін ап қолына
Жетіп келді бір күні жел үрлеген сырдан күз.
Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,
Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,
Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,
Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.
Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,
- Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.
Әжем менің күйбеңдеп, күбірдеп жүр аулада,
- О, бәтшағар өмір-ай, өмір дейтін осы да!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!