Өлең: Мұқағали Мақатаев (Фантазия)

Өлең: Мұқағали Мақатаев (Фантазия)



Жеті қат жерің мына төңкерілген,
Жеті қат аспанменен көмкерілген.
Адамзат оның бәрін ерте білген,
Ертегіде табысқан ертеңімен,
Ғаламаттар туылған ертегіден.
Ғаламаттар жасалған ертегіден,
Ертегілер қиялын ерте жүрген.
Ғаламдық ақиқатты бұл адамзат,
Галилей, Коперниктен ерте білген.
Ертегіден жаңарып, қала тұрған,
Ертегіден ғұлама дана туған.
Бұл күнгі ғаламаттар, алдыменен,
Адамның қиялында жаратылған.
Барлығын да адамзат қиялдаған,
Қиялдап жер бетіне сыя алмаған.
Ойлап-ойлап, отырып кілеміне,
Аспанға ұшудан да ұялмаған.
Қиялдап, менің дана, байғұс бабам,
Алайда, атқа мініп, Айға ұшпаған.
Бабамның қиялымен қанаттанып,
Бүгін мен Айға қонып, жайды ұстағам


Комментарии для сайта Cackle