Мұқағали Мақатаев (Жар есіне!)

 Мұқағали Мақатаев (Жар есіне!)

Қиял - күш, ашу - батыр, ақыл - шабан,
Аймалап адал жүрек төнген саған.
Төрт бұрышын төңіректің шарласам да,
Сендей жар жанға жайлы қайдан табам?
Жас жүрек өз жұбайын таппады ма?
Адамдық ардан тайып аттады ма?
Қосылған қуанышты қос жүректің,
Сағаты бірге соғып жатпады ма?
Сенсің - күн: тек мен үшін нұрын шашқан,
Сенсің - сусын: көкірек шөлін басқан.
Сенсің - бақыт: менімен душарласқан,
Сенсің - жар: жүрегімнің сырын ашқан.
Мүмкін, ертең айырылар күндер болар,
Махаббатты жүрегім дертке толар.
Ұштасарға дәрмен жоқ, екі жүрек
Бірін бірі шырылдап сырттан шолар.
"Жарым қайда қалды?" - деп аңсармын мен,
Бір секунд кетпессің көңілімнен.
Түсте көріп түріңді жалт еткізіп,
Махаббатың дертіне болармын жем.
Сарғайарсың сен дағы мені ойласаң,
Ойламасаң, атымды ұмытарсың,
Мүмкін, сүйіп көңілің басқа бір жан,
Маған деген жүректі суытарсың.
Бірақ олай етпессің, адалым ең,
Жүрегің - от, дария - ақылың кең.
Аузынан тірі болсам ажал шіркін,
Табармын жер мен көкті алса да сен.
Сағынарсың сәулем деп, жүрегім деп,
Зарығарсың махаббат уытын жеп,
Шын махаббат иесі болсаң егер,
Ет жүрегің елжіреп өртенер тек.
Осы бетін дәптердің сонда сен аш!
Қара көзден бұршақтай төгілсін жас!
Таза шыққан жүректен өлеңімді,
"Алтыным!" - деп, аймалап бауырына бас!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі