Түркі дәуірі

Түркі дәуірі


Оғыздар

Оғыздарға түрікмендер (Түрікменстан), трухмендер, терекмелер (Ирак түркілері), азерилер (Иран азербайжандары), азербайжандар (Азербайжан), және селжұқтар, османлылар (тарихи халықтар), түріктер (Түркия), гагауздер (елі қазіргі Молдавияда) сонымен бірге қазіргі кавказ бен қырымдағы түркі халықтары (қарашай, балқар, құмық, қырым татарлары) ҚЫПШАҚТАРМЕН аралық топ ретінде жатады. Оғыздардың қазір үш тәуелсіз ірі мемлекеті бар: Түрікменстан, Әзірбайжан, Түркия. Үшеуінің де туында ай таңбасы бар екен. Ендеше осы ай таңбаның өзі олардың Ұлы атасы Оғыз қағаннан таралғандығын да әйгілеп тұрғандай.
Оғыз қаған деген кім? Ол - Оғыздардың аңызға айналып кеткен арғы атасы. Алғаш рет Оғыз мемлекетін құрған кісі. Ертедегі скиф тайпаларының грекше айтылуы Ишкуза (Ашкуз) Мен көне заман тарихшысы Геродот еңбектеріндегі скифтердің атасы болып есептелетін "Таргитай" деген адам осы Оғыз қаған болар деп ойлаймын. Скифтер - Қара теңізден Алтайға дейінгі аймақты аймақты мекен еткен негізінен түркі-иран тілдес көшпенді тайпалар. Оғыздардың ата мекені - қазіргі Амудариядан Шығысқа қарайғы жерлер. Оғыз халықтарының бәрі қазір еуропалық нәсілдегі (монголоид белгілері аз) халықтар. Оғыз халықтарың 5 мың жылдық тарихы бар. Кейін олар скифтер мемлекеттерінің, одан хун империясының, одан соң Батыс Түрік қағанатының құрамына енді. Көк Түріктердің (Білге қаған құрған империя) Оғыз тайпаларын қалай бағындырғаны жөнінде көне тас жазбаларла нақтылы жазылады. Осы кезеңнен бастап, олардан ығысып, біртіндеп батысқа қарай жылжи бастайды. Қазіргі Түркия жеріне қарай. Ал Орталық Азиядағы Оғыз мемлекеті қайта бөлініп, 9-11 ғасырларда қыпшақтар мемлекеті орнағанша Орталық Азияда іргелі мемлекет болып тұрды. Осы кезеңде (9-11) қазіргі жоғарыда аталған Оғыз халықтары тілі жағынан бөлініп, (түрікмен, түрік, азербайжан) негізінен қалыптасып болады.
Оларды арабтар ғуз-дар деп атаған. Оғыз сөзі ус, ғұз деп аталады да "өзен, су" деген мағына береді (Мысалы: Ая+гөз-алақан+өзен, су-мағынасы: кішкене өзен). Қазіргі Азербайжандар - оғыз тайпалары мен ирандықтардың араласуынан шыққан түркі тілдес халық болса, түріктер оғыздар мен кавказ халықтары және гректердің араласуынан шыққан түркі тілдес халық. Ол жерлерге түркі халықтары Осы Орталық Азиядағы ата мекенінен барған. Ал өз мекенінде қалып қойған Түрікмендер - Оғыздар мен Үндіиран (арий) тайпаларының тоғысқан тұсынан қалыптасқан түркі тілдес халық. Тілдік деректері мен тарихи қалыптасуы, салт-дәстүрі мен дүниетанымы жағынан Оғыздар Түркі халықтарың ішіндегі ҚАРЛҰҚТАРҒА (Өзбек, Ұйғыр) жақын.
9-11 ғасырларда құрылған Оғыз мемлекетінің қазіргі мұрагерлері Түрікмендер. Ал түріктер мен әзірбайжандар ол кезде қазіргі қоныстарына - Кавказ бен Кіші Азияға жетіп тұрақтаған болатын. Оғыздардың мемлекеті Қазіргі Каспий мен Аралдың Солтүстік-Шығысын алып жатты. Кейін қыпшақтар оларды біртіндеп оңтүстікке ығыстырады. Соның ішінде қазіргі қазақ халқының кіші жүзінің негізін құраған тайпалар олардың орнына келіп орналастын (Жайық, Маңқыстау, Қарақалпақстан, Сыр бойы). Оғыз жырларында олардың дұшпандары ретінде қыпшақтар көп аталатыны сондықтан. Осы тайталас кешегі Түрікмендер мен адайлардың арасында да жалғасқан еді. Түрікмендер нәтижесінде қазіргі аймағынан (Қарақұм, Амудария) табылды, Азербайжандар Батыс Кавказда, Солтүстік Иранда қалыптасты, Түріктер Кіші Азияға барып, әйгілі Осман империясын құрады. Одан кейінгі тарих белгілі.
Оғыздардың тарихы көне скифтердің (сақтардың), массагеттер, печенегтер, ирандықтар, парсылар, кавказ елдері және көне мемлекеттер Шумер, Ассирия, Хет, Элам, мен Үнді халықтарының тарихымен ұштасып жатады. Енді оғыздар туралы сөз соңында осы халықтан шыққан әлемге әйгілі тұлғалардың аттарын атай кетуді жөн көрдім. Көбін қамтып атап шығу мүмкін болмағандықтан тек он шақты адаммен шектегім келіп отыр. Оғыз халқының ұлы перзенттері:
1. Афрасиаб, Оғыз қаған, Таргитай, Алп Тоңға - оғыз халқының қалыптастырған, дәуірлеткен аты аңызға айналған хандары. 2. Ишпакай - скифтердің (ішқұздардың) әгілі ханы - б.з.б. 7 ғасырда Ассирияға шабуыл жасап ежелгі дүниенің іргесінен өз патшалығын құрған. Бұл патшаның оғызша атын "Бақай" десе де болады ("Іш" сөзі өзі де басшы дегенді білдіреді. Ал ішқұздар - "царственные скифы" деп аударылған). 3. Томирис - скифтердің аңызға айналған (массагет тайпасы) әйел ханшайымы - б.з.б. 6 ғасырда Ахеменид империясының негізін салушы парсы Кир ІІ патшаның солтүстікке жорығын тоқтатқан. (кейде "Тұмарқыз" деп балама береді). Бұл патшайымның Оғызша атын "Тамыр" (Томир) десе де болады. Себебі "-ис" Геродот қосып отырған грек тілінің жұрнағы қосымшасы. Ал Еуропа елдеріне бұл есім кейін (Грузин дастанына байланысты) Тамара патша (царица Тамара) ретінде жетті (Tomiris жоғарыда Тамыр патшайымның сыртқы келбеті туралы сұраған еді. Мен оны қазіргі түрікмен, әзірбайжан, түрік қыздарынан көп айырмасы болмаған деп ойлаймын). Бұлардың бәрі де қазір еуропаоид нәсілге жататын халықтар). 4. Ширак (Сирақ, Шырақ) - сақ тайпасының жауынгері - 5 ғасырда Парсы Патшасы Дарийдің қоластындағы көшпенді тайпалардың азаттығы үшін күресуші сақ жауынгері - жолбастаушы болған ол Дарий патшаның әскерлерін қалың құмның арасына бұрып алып кетіп қырғынға ұшыратқан. 5. Спитомен - скиф (массагет) тайпаларының көсемі - б.з.б. 4 ғасырда Александр Македонскийдің Орталық Азияға жорығына қарсы күрескен - zhad96-ның жоғарыдағы дастанында аталғандай "-мен" қосымшасын алып тастағанда Ыспатай (Сыпатай) түрінде дыбысталуына талас болмас деп ойлаймын. 6. Короглы (Көроғлы) - оғыз жұртының аңыз бен жырға айналған батыры - Оның есімі еуропаға Геракл түрінде жетті (Жалпы "Гера" және "гора" және "көр", "кор" сөздері "жер" дегенді білдіреді). 7. Қорқыт (Коркуд) - оғыздардың ұлы ойшылы, киелі өнер иесі (қобызшы) (Бұл атаудағы "Кор" сөзі де жоғарыдағыдай). "Қорқұт" түрінде дыбысталады 8. Низами (1141-1209) - азербайжан халқының ұлы ақыны. 9. Тогрулбек (1038—63) - Селжұқтар империясының негізін қалаушы, сұлтан. 10. Осман Ертогрул (1288—1326) - осман империсының негізін қалаушы сұлтан.
Найман

Найман - қазақ халқының құрамындағы байырғы тайпа,көне жұрттардың бірі. Найман туралы деректер оны әуелде Хинганнан Қарпатқа дейін созылып жатқан Ұлы Даланың Ертіс пен Орхон өзендері аралығында ежелден көшіп жүрген тайпалар қатарында таниды. Ол – сонау жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырлардан бастап дәуірлеп, Орта Азиядан Сары өзенге дейінгі байтақ аймақты жайлаған Хунну (ғұн) ұлысының, біздің жыл санауымыздың бастапқы ғасырларында қытай жазбаларында «теле» деген атпен әйгеленген байырғы киіз туырлықты қандас тайпалар қауымдастығының кесек бір сынығы. Әбілғазы жазуынша: «Наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». Бұл ел VI-VII ғасырлардағы айбынды Түрік қағанаты заманында дүниеге келген ата жазуымызда Моңғолиядағы қазақ ғалымы әрі қайраткері Қ.Сартқожаұлының дәлелдеуінше, «Байырқу», «сегіз оғұз» тайпасы түрінде көрініс береді. Бірсыпыра ғалымдардың дәлелдеуінше, «оғұз» сөзінің көне Түрк тіліндегі бір мағынасы тайпа дегенге келеді. ( «оқ» - тайпа, «з» - жиынтық сан есім). Ал «найман» моңғолша сегіз деген сөз. Сегіз оғұз жұртын әуелі «найман аймақ» ( «сегіз тайпа») деп Х ғасырда моңғол тілдес қидандар атай бастаған екен. Кейіннен моңғол империясының дүниеге келіп дәуірлеуі, бұл сөздің негізгі атау орнында қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған еді. Зерттеушілер бұл тайпа Х ғасырдан «найман» деп атала бастаса да, ХІІІ ғасырға дейінгі бұрынғы «сегіз» аты да қосарлана байқалып келгенін де ортаға тартады. Кезінде Жапон теңізінен Шығыс Түркістанға дейінгі байтақ өңірді қоластына бағындырып, наймандарға да біраз уақыт билік жүргізген Лияу әулетінің (Ұлы Қидан мемлекеті тарихы туралы жазылған жылнамаларда (Х ғасыр) наймандар батысында (Ертістен ары) қанлы, қыпшақ, шығысында (Орхон, Тола және Оңғын өзенлерінің алқабы) керей, меркіт, теріскейінде (Селеңгеннің салалары) қырғыз, оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоңсылас болғаны айтылады.
Рәшид-ә-диннің «Жылнамалар жинағы» мен «Моңғолдың құпия шежіресінің» көрсетуінше, Арғұн өзенінің Хайлар деп аталатын саласы мен Халқын гол өзені алқабында қоңыраттар мекендеді. Екінші мыңжылдықтың бас кезінде осы қоңыраттардан батысқа қарай Керей, Меркіт жеріне дейінгі аралықта (Онон, Керуленөзендерінің алқабы) хунну, дунхулардың бір сынығы болып табылатын түрк-моңғол жұрттары да қанатын жайып өсіп жатты. Ол тайпаларға өздерімен іргелес, кейіннен моңғол тілі деп ен тағылған тілде сөйлейтін Қидан (осы сөзден «қытай» атауы шыққан) мемлекетінің үстемдігі мен ықпал-әсері тым етене байқалатын. Түрк тайпаларының қақ ортасында жатқан осы жұрттардың соңыра моңғол тілді атанып кетуінің де бір себебі – түп-тегі Ішкі Моңғолиядан шыққан сол қидандардың жегі құрттай дендеп кеткен жойқын ассимиляйиясына тығыз қатысы бар болуы да ғажап емес. (Мұндай мысалды алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Орыс тілі шыңдап ене бастаған жарты ғасыр ішінде, қазақтың жартысына жуығының орыс тілді болып шыға келгені көз алдымызда ғой). ХІІ ғасырдың басында Ұлы Қидан (Лияу( мемлекеті ыдырап, қидандардың біраз бөлігі Жетісу мен Орта Азияға өтіп, Қарақытай мемлекетін құрғаны белгілі (1140-1213). Олар кейінірек жергілікті халықтарға сіңісіп кетті. Ал сол ғасырдың соңына таман Онон, Керулен алқабын жайлаған тайпалардың арасынан Темүжин сынды жас көсем бастаған қият тайпасы лау етіп көтнріліп, «тарыдай шашыраған моңғолдың басын қосып», аз уақытта-ақ маңындағы елді ұйыстыра алған моңғол мемлекетіне айналды. Моңғолиялық қазақ ғалымы И.Қабышұлы Темүжинге Шыңғыс (Жеңіс, Жеңгіз) деген есімді еншілеген сол кездегі керейлердің ханы Торы (Торғыл( екенін айтады. (Торыны оған қытайлар берген «Уаң» яки, бір елдің әміршісі лауазымы бойынша Уаң хан деп те атайды. Өзі үлкен бір елдің билеушісі, әрі әкесі Есукейдің андасы болғаннан кейін Торы бұл есімді «жақсы тілек», жарым ырыс» қылып айтса айтқан шығар. Алайда Шыңғыс хан шапқан сайын төске өрлеп, маңайындағы Татар (тата, тетан) мен Қоңыратты қоластына бағындырып алғаннан кейін, Керей елінің өзіне ауыз салды. Әкесіндей болған Торыны (Уаң ханды) туған жерінен безіндіріп, ақыры ол найман қарауылдарының қолынан кездейсоқ қаза тапты. Ал ауқатты Найман мемлекетінің Шыңғыс ханмен шайқастары тарихи жылнамаларда жан-жақты жазылып қалған бір хикая.
Темүжиннің әкесі Есүкей батырдың тұсында Найманелін Инанығ Білгі қаған билеген еді. «Инанығ» - сенімді, «білгі» - білгір, кемеңгер деген сөз. Сол Инанығ білгінің заманында наймандар Қидан мемлекетінің (қарақытайлардың) қармағынан құтылып, бостандығын алады. Ол өлгеннен кейін Найман ұлысы екі баласы байбұқа (қосалқы аты – Тай, Таян. Қидандар оған Дауаң) «үлкен әмірші» (деген атақ берген, сол сөз келе-келе Таянға айналған) мен бүйректің таласына түседі. Ақыры ағайынды екеу арасындағы араздық ұлысты екіге бөліп тынады. Тай хан үлкені болғандықтан, әкесінің орнында жазық аймақты, Бүйрек таулы өңірді мекендейді. Наймандар мен шыңғыс хан әскерінің алғашқы шайқасы 1199 жылы Алтай өңіріндегі Үліңгір көлінің маңында өткен еді. Онда Шыңғыс керей ханы Торының шақыруымен одақтас ретінде көмекке келген. Сол жолы Бүйрек хан ойсырай жеңіліп, өзі Енесай қырғыздарына қашып құтылады. Арада үш жыл өтпей жатып, олар тағы да шайқас даласында бас қосқан. Бірақ бұл жолы да Шыңғыс хан мен Уаң ханның тізе қоса қимылдауы Бүйрек ханның ойсырай жеңілуіне мәжбүр етті. Ол басын әзер сауғалап, тағы да қашып құтылды. Бұдан кейін Шыңғыс ханның керейлермен жауласып, Торы ханның (Уаң ханның) түбіне жеткенін жаңа айттық. Оны өлтірген Бүйрік ханның ағасы Тай ханның жасауылдары болатын. Сол хабарға көзі анық жеткен Тай бойын ашу-ыза кернеп: «Күншығыстағы аз моңғол қыр көрсететінді шығарды. Атасынан асыл жаралған Уаң ханды алуан түрлі қырмен қорқытып, безендіріп, өлімге душар етті. Сөйтіп олар бәрін иеленіп, қаған болмақшы ғой, тегі? Күн мен ай аспанды үнемі жарық етіп тұру үшінжаратылған болар. Ал жерде екі қаған бола алмайды. Ендншн сол аз моңғолды байлап әкелейік», - дейді. («Моңғолдың құпия шежіресі»). Сонда Тай ханның кіші шешесі Кербез: «Қайтпексің, ол моңғолдар қоңырсыған иісті, қомыт-қомыт киімді емес пе? Әкеліп қайтесің. Аулап жүргенің жөн ғой. Тек өңі түзу қыз-қатындарын әкеліп, қол-аяғыңды жуындарап, мал сауғызса жетпей ме?» - дейді. Тай хан маңайындағы әлі де моңғолдарға бағына қоймаған меркіт, қатаған, дүрбет тайпалары және бұрын талқандалғанкеррейлер мен татарлардың біраз блігімен одақ құрып, Шыңғыс ханға қарсы жорыққа қамданады. Алайда бұл хабарды алысымен, Шыңғыс ертерек қимылдап, одақтастар әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды тас-талқан етеді. Тай хан соғыста қаза тауып, оның ұлы Күшлік аман қалған жұртын бастап, бұл кезде Алтайдың түстігінде жүргенағасы Бүйрек ханға келіп паналайды. Осыдан кейін бүкіл найман елінің қонысы моңғолдың қоластына қараған. «Құпия шежіреде» Тай ханның кіші шешесі Кербез (Күрбесу) ханымды Шыңғыс хан алдына әкелдіріп: «Сен моңғолды сасық депсің ғой. Қандай екен», - деп өзіне тоқал етіп алғандығы жазылады.
Қанаттас отырған ірі көршілері наймандар мен керейіттерді осылайша жеңгеннен кейін бұл өңірде енді Шыңғыс ханды тоқтата алатын күш те қалмаған еді. Аз уақытта ол қазіргі моңғол жеріне сәйкес келетін аймақты түгел бағындырып алды., 1206 жылы киіз туырлықты көшпелілер Онон жағасына құрылтайға жиналып, «тоғыз сирақты ақ ту көтеріп», Шыңғысты Моңғол империясының ұлы ханы етіп көтерді. (Тарихшы И.Қабышұлы сол империя құрылар қарсаңында моңғолдар 200 мың, керейлер 600 мың, наймандар 800 мың болған екен деген дәйек айтады). Осы құрылтайдан кейін Шыңғыс хан Алтайдың күнгейінде әлі де найманның атамекенін қайтарып алуды ойлап жүрген Бүйрек ханға жорыққа аттанады. Ол бұл кезде ештеңеден хабарсыз Ұлық тау қойнауындағы Сақсу өзенің бойында аз адаммен аң аулап, сейіл құрып жүрген еді. Қас қылғандай нөпір әскер дәл оның үстінен түседі де, тұтқынға алынып, ата жауы сол жерде оның басын қағады. Оған паналап жүрген Күшлік аман қалған елді ертіп Ертіске қарай қашады. Алайда Шыңғыс хан наймандарға бұл жерде де тыныштық бермейді. 1208 жылы Ертіс жағасында наймандар мен меркіттердің бірлескен күшін тас-талқан қылады. Одан кейін бұл тайпалар Жетісуға қарай босады.
Күшлік хан Бесбалық, Тұрфай аймағы арқылы айналып, бір кезде наймандарды да билеген Қидан мемлекетінің Орта Азияға келіп жаңғырған түрі Қарақытай империясының астанасы Баласағұнға жетеді. Бұл дәуірде Жоңғар тауынан Иранға дейінгі аймақ осы Қарақытай Гөрханына (ұлы ханына) қарайтын. Наймандардың Таян сынды ханының баласы Күшлікті Гөрхан сарайында ілтипатпен қарсы алады. Жилугу Гөрхан оған қызын беріп, жақын адамдарының бірі етеді. Бұл шамада Қарақытай мемлекетінің әлсіреп, бұған дейін оған бағынышты боп келген Хорезм елінің елінің дәуірлей бастаған да кезі еді. Шамасы Гөрхан Күшлік төңірегіне жиналуға тиіс наймандарды өз мүддесіне пайдалануды көздеген де болуы керек. Әрі Күшліктің де оған осы тектес уәде бергенін біз Рәшид-әд-диннің «Жылнамалар жинағынан», Қытайдың «Жол қатынас тарихының материалдары» атты еңбегінен ұшырастырамыз. Күшлік хан Жилугуге: «Менің тайпам көп, олар қазір Еміл, Қойлық, Бесбалық жерлеріне келіп қоныстанып отыр. Маған рұқсат берсеңіз, оларды жинап, олардың күшін мен сіздерге көмек беремін», - дейді. Гөрхан мұны мақұл көріп, оған қару-жарақ, қаражат береді. Әрине Таян ханның ұлы Күшлік хан Түркістан аймағына келіпті деген хабар осы маңға Шыңғыс ханның қаһарынан ығысып келген наймандарға қатты әсер етті. Олар тез арада Күшлік ханның қоластына жиналып, жойқын күшке айналды. Бұл жағдай енді Күшлікті Гөрхан билігін тартып алу ниетіне итермеледі. Және сол кезде талайдан андысулы Мұхаммед Хорезмнің Гөрханға қарсы шыққанын естуі мұң екен, Күшлік те ойын жүзеге асырмақ боп Қарақытай әміршісіне қарсы қымилды бастап жіберді. Жасанған әскер қойсың ба, Күшлік көп ұзамай-ақ өз қайын атасының тағына отырды. Осылайша Шыңғыс хан әскерінен күйреген (1204 жыл) Найман мемлекетінің соңғы ханы арада сегіз жыл өтпей жатып, Қарақытай империясының билігін өз қолына алған. Тарихи деректерде наймандар мен керейлердің несториан дінін (христиан дініндегі бір ағым) ұстанғаны айтылады. Күшлік хан Жилугудің қызы Күнкеге үйленгенннен кейін несториан дінінен шығып, будда дініне (пұтқа табынушылық) кіреді. Ол кезде Қарақытай мемлекетіндегі жұрттың дені мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан, Күшлік хан тарапынан олар «не несториан, не будда дініне кірсін» деген зомбылық талаптар да қойылып тұрған көрінеді.
Атамекенінен көтере қуып жіберген найман ханы Күшліктің байтақ Түркістан аймағында бұлайша дәуірлеп отырғанынан Шыңғыс хан сірә хабарсыз емес-тін. Тек ол бұл кезеңде Қытайды жаулап алу жорықтарының басы-қасында жүрді. Сол жорықтан қайтысымен, Шыңғыс хан 1218 жылы Күшлікке қарсы әйгілі қолбасшысы Жебе ноян басқарған күшті әскерін жіберді. Жебе ноян Қарақытай еліне жетісімен, баршаға дін, сенім бостандығын жариялады. Бұған дейін де өзіне мұсылмандарды қарсы қойып алған Күшлік шайқастарда шыңдалып келген моңғол әскерлерінің екпініне төтеп бере алмады. Тас-талқан болып жеңіліп, Алтай тауларына қарай қашты. Бірақ Жебе ноян оны қойммай қуалап жүріп, ақыры Сарыкөл маңында қолға түсіріп, өлтіріп тынады. Найман елінің Шыңғыс ханға қарсы жиырма жылдай уақытқа созылған қан кешті күресі осылайша аяқталды. Найман мемлекетінің күйреуі атамекендерінде қалың отырған бұл елдің құрамына кірген рулардың жан-жаққа кең ыдырап кетуіне, басқа тайпалар арасына сіңуіне әсер етті. Олардың біраз бөлігі байырғы қоныстарына жақын Ертіс, Алтай алқабында орнығып қалып, Шыңғыс ханның баласы Үгедей ханның қол астына қарады. Шапқыншылықтан ығысқандары Балқаш төңірегіне, Алакөл маңына, Сыр, Ырғыз алқабына орналасты, оңтүстікте Орта Азия хандықтары жеріне дейін жетті.
Бұл өңірде қоныстанған наймандар ХV ғасырдың соңында Мұхаммед Шайбани ханның ықпалында болды. 16 ғасырда Марыға найманнан шыққан Қобыз би, Жолым билер әмір жүргізді. Найман Назар би Балхты биледі. Нұраталық көшпелілерді найман Ахметәлі басқарды. Шайбан тұқымы Бабаханның бір әскербасысы найман Жанмұхаммед би болды. Шежіреші Әбілғазы найман Сопырмырзаның 1604 жылы оның әкесі Араб Мұхаммед ханды өлтіру үшін қастандықұйымдастырушылардың бірі болғанын тілге тиек етеді. Осы мысалдардан-ақ наймандардың Орта Азия аймағында қабырғалы күштердің бірі ретінде әрекет еткенін байқау қиын емес. Бұл наймандар біртін-біртін жергілікті халыққа сіңісіп, өзбек, қарақалпақ қауымдастығының бір тармағы болып кетті. Өзбектерде қазақ-найман, қарақалпақта бағаналы, терістаңбалы, қырғызда бүйе найман, күн найман, мырза найман, жуанбұт найман руларының кездесуі сол араласудың бір нышаны.
Қазақ наймандары 1720 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығынан кейін Орталық Қазақстандағы Тоқырауын алқабынан Алтай мен Жоңғар тауларына дейінгі аралыққа орналасты.. М.Тынышбайұлының айтуынша, наймандардың 1810 жылы Қарқаралы мен Шыңғыстайды тастап оңтүстікке қарай сырғуы олардың соңғы қоныс аударуы болған еді. Осы тарихшы наймандардың саны 1917 жылдың қарсаңында Бұқара мен Қытайдағы руластарын қосқанда 830 мың адам төңірегінде деп көрсетеді. Орта жүз елдері арасында дәл наймандардағыдай мол таңбаны кездестіре алмайсың. Олардың ірі рулық бірлестігі ғана емес, кейде жеке руларының өзі де дербес ұран-таңбаға ие. Дәл осы ерекшеліктің өзінде оның сонау бірінші мыңжылдықта «сегіз-оғұз» деп көрініс берген сипатының әсері болуы да ғажап емес. «Сегіз тайпа» - демек, найман жұрты осынша тайпадан құралған. Алайда ғылыми деректерде олар туралы анық мәлімет жоқ.
Тарихи деректерге сүйенсек, «Найман» - қазақ шежірелерінде айтылғандай жеке адамның аты емес. Алайда халық шығармашылығы оны түп бабаның есімі етіп, өзін найманбыз дейтін бар руды (олардың арасында баяғы аласапыран замандарда басқа елдерден келіп сіңіскен жұрттар бар болса да) сол «шалдан» ғана тарқатып қояды.
Қария сөздер бойынша Найманның кешігіп көрген Тоқпан деген ұлы ер жеткен кезде Ұлы жүз Дулат бидің қызы Ақсұлуға үйленген екен дейді. Содан аз уақыт өтер-өтпесте Найманның кемпірі мен ұлы Тоқпан қатар қайтыс болады. Ақсұлу өзі түскен шаңырақтың болашағын ойлап, еліне барып, жақын сіңлілерінің бірі Әлпешті сұрап әкеліп, атасына қосады. Найман Қызейнемен алты айдай ғұмыр кешіп көз жұмады. Екіқабат қалған Әлпеш күн жетіп босанады. Баланың атын Найманнан қалған белгі ғой деп Белгібай қояды. Оның екінші аты - Өкіреш. Найманның әулие келіні Ақсұлу атасының жылын бергеннен кейін Қызынейді Найманның ұлы атасы делінетін Сарманаймен бір туысқан Шумақ дегеннің немересі Елтайға қосады. Оған атамның орнына атам болды деп Ел ата деген ат қояды. Қызыней одан Серкібай деген ұл табады. Ақсұлу Белгібайды тәрбиелеп өсіріп, он бес жасқа толғанда қайным деп оған өзі тиеді. Одан Сүйінше, Сүгірше деген екі ұл табады. Немере сіңлісі Тоқсұлуды кейіннен әпкеме қолқанат болсын деп бір сіңлісі Қаракөзді Белгібайға қосады. Қаракөзден Өтеген туады. Қазақ шежіресінде бар Найман осы төртеуінен тарайды да, тоғыз таңбалы найман аталады
Қыпшақ хандығы

Қыпшақ хандығы (11 ғ.б.-1219 ж.). "Қыпшақ" атауы 760 ж. ежелгі түркінің руна ескерткіштерінде аталады. Араб географы Ибн хордадбехтың (9 ғ.) түркі тайпаларының тізімінде көрсетілген.
656 ж. Батыс түркі қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір топтары кимектердің басшылығымен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талаптары сәтсіз болып, 9-10 ғғ. Қимақтар тарихымен бірге болды. Қыпшақтар қимақ қағанатына саяси тәуелді болды.
11 ғ. басында қимақ қағанаты тарағаннан кейін, кимек, қыпшақ және куман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Олар Сырдың орта және төменгі бойларынан, Арал мен Каспий өңірі далаларынан оғыз жабғыларын ығыстырады. Енді "Оғыздар даласы" (Мафазат әл-гуз) орнына Дешт Қыпшақ (Қыпшақ даласы) атауы пайда болады. 11 ғ. ортасында қыпшақтар Еділ бойымен, батысқа қарай жылжиды. Ертістен Днестрге дейінгі бүкіл аридтік зонаны алып жатқан Дешті Қыпшақтың тарихи-географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы екі үлкен этникалық -территориялық бірлікке бөлуге болар еді: басында Тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті тұрған Шығыс Қыпшақ қағанаты.
Оның даму жолы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең: қимақ тайпалық бірлігі өзегінің құрылуына байланысты, онда 7 ғ. 2 жартысынан бастап, 8 ғ. соңына дейін қыпшақтар елеулі роль атқарады. Осы кезеңде қыпшақтар мен теле тайпалары өзара тығыз этникалық-мәдени байланыста болып, жақындасып кетеді.
Екінші кезең - 8 ғ. соңынан 11 ғ. басына дейін. Қыпшақтар бұл кезеңде, шығысында Алтай мен Ертістен бастап, батыстағы оңтүстік Орал таулары мен Еділ бойына жетеді. Қыпшақтармен бірге Батыс Қазақстанды, орталыпы Мұғаджар тауларында болған кумандар жайлайды. Негізгі үш этникалық-саяси бірлестік -қимақтар, қыпшақтар мен кумандар өзара бір-біріне ықпал етті. Сондай-ақ теле, угро-финн, сармат-алан сияқты этникалық компоненттерде қыпшақтана бастады. Қыпшақ этносы қандас туыстар байланысы емес, территориялық-шаруашылық қарым-қатынасы принципінде біріккен, көптеген рулар мен тайпалар негізінде құралды.
Үшінші кезең: 11 ғ. басынан 13 ғ. басына дейін қыпшақтардың этникалық қауымдастығының қалпытасуы. Көптеген тайпалар мен этникалық топтар өздерінің бір этносқа жататынын мойындап, күшейіп келе жатқан қыпшақтардың атын алады. Алайда қыпшақтардың құрылып, қалыптасып болуының соңын монғол басқыншылығы тоқтатып тастайды.
Қоныстануы. 11 ғ. ортасында қыпшақтар Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, батысындағы Еділ мен Оңтүстік Оралға дейін, оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі оңтүстік-батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі территорияны мекендеді. 11 ғ. 2 ж. қыпшақтар Маңғыстау мен Үстірт жерлеріне орналасты, олармен бірге оғыздар да көшіп-қонып жүрді. Қыпшақтардың 11 ғ. ортасында батысқа қарай жылжыуының бастапқы кезеңі Махмұд Қашқари картасында бейнеленген, ол картада қыпшақтардың мекені ретінде Еділдің ар жағы мен Каспий теңізінің арғы бетіндегі солтүстік-батыс жерлері көрсетілген. Еділ өзені қыпшақ елінің ішінде қалған. Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек бекінісін салады. Қыпшақ билеушілері мен Қарахандар арасындағы табиғи шекара Балқаш көлі мен Алакөл шұңқырының көлдері болады. Олардың шығыс шекарасы Ертістің оң жағалауындағы алқаппен Алтай тауларының жоталарын қамтыған. 12 ғ. Алтай мен Ертістің жоғарғы бойындағы қыпшақ тайпалары наймандармен, қаңлы, керейттермен шектесіп жатады.
хандықтың құрылуы. Қыпшақ хандарының өкімет билігі мұралық жолмен берілді. Хандар шығатын әулеттік ру ел- бөрілі болды. Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түркі дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанат қосынымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат қосынымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Хандықтың орталыпы Торғай даласында болса керек. Билевші ақсүйек топтың (хандар, тархан, басқақ, бек пен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған. Рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай бөлінген.
Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан да тең болмады. Малға жеке меншік, сондай-ақ жайылым жерлерде ақсүйектер меншігінде болған. Қоғамның қатардағы ерікті мүшелері малшылар болды. Құлдар соғыс тұтқындарынан құралды. Олардың бірқатары сатылып, жартысы жалшы, малай ретінде пайдаланылған. Қыпшақтардың өзара саяси қарым-қатынасы. 1065 ж. салжықтардың билеушісі Алп Арслан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға жорық жасайды. Нәтижесінде қыпшақтардың бір бөлігі хорасан салжықтарына тәуелді болып қалады. 11 ғ. соңы мен 12 ғ. басында Жент, Янгикент, төменгі Сырдың тағы басқа қалалары да қыпшақ көсемдернің қолына қараған. 1133 ж. Жент қаласынан Дешт қыпшақ даласына тереңдетіп соққы жасаған Атсыз (хорезмшахы) қыпшақтарды талқандайды. Осы 12 ғ. ортасынан бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады, оған себеп болған басты жайттар: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында хорезмге бейімделушілер қатарының молаюы, қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өзара әулеттік қырқыс күшеюінен болды.
12 ғ. 2 жартысынан әсіресе Текеш (1172-1200) билеген дәуірден бастап, хорезм Қыпшақ ақсүйектерімен жақындасуды мақсат етті. Қыпшақ хандары мен хорезмшах әулеті өзара туысқандық неке байланысын орнатуға көшті. Қыпшақ ханы Жанкеші -қызы Теркенхатынды хорезмшах Текешке береді. Қаңлы тайпалар бірлестігі 13 ғ. басында саяси тәуелсіздікке ұмтылып, қыпшақ хандығының саяси бірлігіне нұсқан келтірген. Хорезмшахтардың басты әскери күші қыпшақтар мен қаңлылар болды. 13 ғ. басында хорезмшахтар сарайында қаңлылардың басшысы Әмин Мәлік маңызды роль атқарған. Хорезмшах Аладдин Мұхаммед соның қызына үйленген болатын. Қыпшақ ақсүйектері хорезмшахтар мемлекеттік және әскери қызметпен қамтамасыз еткеннен кейін, олардың мүддесін қорғап отырды. Бұл қыпшақ қоғамында шиеленістерді күшейтті. Бүкіл мұсылман Азиясы ішінде бірінші орын алуға ұмтылған хорезмшах Мұхаммед (1200-1220 жж.) мемлекеті құрамына 13 ғ. басында Сығанақ облысы да кіреді. Сығанақтан айрылып қалса да, қыпшақ хандары хорезмге қарсы күрестерін жалғастыра береді. Жент қаласынан солтүстікке қарай Дешт-қыпшақ еліне Мұхамед хорезм шах көп рет жорық жасайды. 1216 жылы Қадырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетіп, Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуып келе жатқан Шыңғысхан қолымен кездесіп қалады. Монғолдар түн жамылып шегініп кетеді. Бұл монғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді. Қыпшақтардың хорезмшахтармен бәсеке соғысы тоқтап қалды. Монғол басқыншылығы келіп қалды....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі