Тарих | Моғолстанның қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына ықпалы

Тарих | Моғолстанның қазақ хандығы мен қазақ халқының қалыптасуына ықпалы

ХІV-XV ғасырларда Қазақстан территориясын мекендеген халықтарға байланысты «Қазақ» атауымен қатар кейбір деректерде «өзбек», «өзбек-қазақ», «моғол», «ноғай» сөздері қолданыста болды. Бұл терминдер сол кезде Қазақстан территориясында өмір сүрген Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы мемлекет-терінің халықтарына, олардың этносаяси қоғамдастығына байланыс-ты айтылып жүрді. Көшпелі қоғам жағдайында мемлекеттердің шекаралары сол рудың, тайпаның этникалық топтардың шекаралары-мен сәйкес келе бермеді. Этникалық топтардың бірігуіне бірлесіп шаруашылық жүргізуіне, мәдениетінің дамуына бірде құрылып, бірде жойылып жатқан мемлекеттердің шекараларының өзгеруі әсіресе, қазақ халқының қалыптасуының соңғы кезеңінде әсерін тигізбей қоймады. Қазақстан территориясындағы этносаяси бірлестіктер бүкіл қазақ халқының қалыптасуына тұтастай әсер ете алмады. Тек оның бір бөлігіне әсері болған.
Қазақ халқының қалыптасуы Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы және Моғолстан құрамындағы этникалық топтарға байланысты. Моғолстандағы этникалық топтасу Ақ Орда, Әбілхайыр хандығына қарағанда әлсіздеу болды. Моғолстан құрамында қазақ және қырғыздардың кейде тіпті ұйғырлардың да саяси бірлестігі болған. Бұл жағдай бұл топтардың этникалық дамуын қиындатты. Моғолстан халқын Моғолдар деп атағанмен, зерттеушілер бұл сөздердің этникалық бірлестік немесе тайпалар одағы, тіпті халықтар деген мағына жатыр деп ойлайды. Тіпті осы Моғол сөзінде Жетісу қазақтарының, Тянь-Шянь қырғыздары да аталған. Ол туралы Мұхаммед Хайдар да Қырғыздар Моғол тайпаларынан шыққан деп айтады. XIV-XV ғасырларда Қазақстан жеріндегі этносаяси даму тарихы Ақ Орда Әбілхайыр хандығының саяси әлеуметтік шаруашылық дамумен ғана байланысты емес, сонымен қатар Моғолстан мемлекетінің дамуымен тығыз байланысты. Өйткені оның құрамындағы халықтар, әсіресе Жетісу жерін мекендеген, кейіннен Ұлы жүздің құрамындағы ірі рулар құрап отыр.
Моғолстан XІV ғасырдың ортасына қарай пайда болды. Шағатай ұлысы ыдырап, Шағатай ұлысының шығыс бөлігі – Оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Моғолстан мемлекеті құрылды. Ал ұлыстың келесі бөлігі – Мауараннахрдың батысында Әмір Темірдің мемлекеті құрылған. Моғолстан мемлекетін кезінде Шағатай ханға адал қызмет еткен Дулат тайпасының әмірі Поладшы басқарған. Әмір Поладшы бастаған дулат ақсүйектері Поладшының хан болуға құқы болмағандықтан, өздерін тыңдайтын, Шағатай ұрпағы Дува ханның немересі, он алты жасар Тоғылық-Темірді 1348 жылы Моғолстан ханы етіп сайлайды. Ал негізгі саяси билік осы Әмір Поладшының қолында болған. Әмір Поладшы Моғолстанды Мауараннахрдан біржола бөліп алып, тәуелсіз, жеке хандық құруға бар күшін салды. Дулат тайпасы шонжарларының жаңа құрылған бұл өкіметте беделі бұрынғыдан да күшейген. Жалпы, дулаттардың беделі Шағатай ханның кезінен белгілі. Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Шағатай хан өз мемлекетін үлестерге бөлгенде, өзіне адал қызмет еткен дулат әмірі Поладшыға Маңлай-Сүбе жерін берген. Маңлай-Сүбе Шығыс Түркістаннан Ферғанаға дейінгі кең-байтақ жерді алып жатқан. Осы аумақта Шағатай кезінен бері өз биліктерін жүргізіп келген дулат тайпасының өкілдері Моғолстан хандығының құрылуына да белсене араласқан.
Моғол хандығының тағына негізінен Шыңғыс тұқымдары мен монғол ақсүйектері отырған. Әрине, монғол шапқыншылығы кезінде келген арлат, чорас, калучи сияқты тайпалар алғашқы кезде өздерінің басымдылығын көрсеткенмен, уақыт өткен сайын жергілікті түрік тілдес тайпалар басымдылық алып, монғолдарды өздеріне сіңіре бастаған. Ал қалғандары Шығыс Түркістанға, ұйғырларға қоныс аударып, соларға араласып, өздерінің монғол атынан мүлде айырылған.
Моғол мемлекетіне Қазақстанның Оңтүстік және Жетісу аймақтары да кірген. Жетісу аймағы Моғолстанның Солтүстік-шығыс жағын алып жатты. Ал бұл аймақтағы түрік тілдес үйсін, қаңлы тайпалары біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларда өмір сүрген. Одан кейін V-VI ғасырларда да бұл аймаққа түрік тілдес тайпалар келіп қоныстанды. Сондықтан да орта ғасырдың дамыған кезінде құрылған Моғолстанның негізгі халқы түрік тілдес тайпалар: дулат, қаңлы, үйсін, арғын, баарын, барлас, бұлғашы т.б. ертеден осы өңірде өмір сүрген тайпалар еді. Бұлардың қатарында осы жергілікті халықтармен араласып, түркіленіп кеткен монғол тайпалары да болды.
Саяси тұрақсыздық орын алған күрделі кезеңде билік басына келген Тоғылық-Темір хан елдің ішкі-сыртқы жағдайын жақсартуға тырысты.
Тоғылық-Темір өзінің сыртқы саясатында Шағатай ұлысының кезінде орныққан Орта Азия жеріндегі билікті қалпына келтіруге әрекет жасайды. 1360-1361 жылдары Мауараннахрға екі рет сәтті жорық жасап, баласы Ілияс-Қожаны Мауараннахрдың хан тағына отырғызып қайтады. Моғолстанға оралған Тоғылық-Темір хан қаза болады. Өзінің мұрагерлік хұқын реттеп қайту үшін Ілияс-Қожа Моғолстанға кеткен кезде Орта Азиядағы жағдай күрт өзгереді. Тоғылық-Темірдің тірі кезінде оған тәуелділікті амалсыздан мойындап жүрген Әмір Темір енді Мауараннахрдағы билікті өз қолына алу үшін, Ілияс-Қожаға қарсы шығады. Әмір Темір мен Ілияс-Қожа арасында бірнеше рет қақтығыстар болады. Сөйтіп, Шағатай ұлысы кезіндегі билікті қайта қалпына келтіру ісінің алғашқы қадамы сәтсіздікпен аяқталады. Бұл сәтсіздіктің басты себебі, билеушілер арасындағы алауыздық, саяси феодалдық бытыраңқылық еді. Ақыр соңында Ілияс-Қожа хан да осы феодалдық талас-тартыстың құрбаны болады.
Бұдан кейін де Моғол хандығындағы билікті дулат тайпасының атақты әмірлері Қамар ад-динмен оның інісі Шамс ад-диндер жүргізген. Қамар ад-дин де өзін тыңдайтын, жас Тоғылық-Темірдің соңғы ұрпағы Қызыр-Қожа оғланды хан тағына отырғызып, дулат тайпасының әмірлері мен шонжарларының жағдайын жақсартуға күш салады.
Моғол хандығын осындай саяси бытыраңқылық жайлап жатқанда Мауараннахрдағы билікті өз қолына алып, күшейген Әмір Темір енді Моғолстанды жаулауға кіріседі.
XIV ғасырдың аяғында Әмір Темір Моғолстан жеріне бас көтертпей, дүркін-дүркін жорықтар жасайды.
Әмір Темір Моғолстанға 1371 жылдан 1390 жылға дейін он шақты рет жорық жасаған. Оның алғашқылары 1371-1377 жылдары Сайрам, Талас арқылы жүрген. Әмір Темір 1376 жылы көктемде Моғолстанның атақты қолбасшысы Қамар ад-динді талқандау үшін 30 мың адамдық әскер аттандырып, оны жеңеді. Қамар ад-дин Шығыс Түркістанға, Үш Тұрфанға қарай қашып құтылады.
Әмір Темір Моғолстанға 1380-1390 жылдары да бірнеше рет жорық жасаған. Бұл жолғы жорықтың жойқындығы соншалықты, Әмір Темір өзінің балаларының қолындағы әскерлермен қосқанда 120 мың адаммен аттанған.
Сонымен, Әмір Темір шабуылдары әбден титығына жеткен Моғол хандығы мүлде әлсірейді. Хандық бірнеше иеліктерге бөлініп, саяси жағынан бөлшектенеді. Қызыр-Қожа хан Темірге өзінің тәуелділігін мойындайды. Моғолстан Әмір Темір өлгеннен кейін (1405 жылы) ғана Қызыр-Қожаның мұрагері Мұхаммед ханның кезінде (1408-1416) тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды. Моғол ханы Темір өлгеннен кейінгі оның әулетінің ішіндегі талас-тартысты пайдаланып қалады. Мұхаммед хан Темірдің немерелері Ахмед мырза мен Ұлықбектің арасындағы Ферғана үшін таласта ол өзінің әскер күшімен Ахмед мырзаға көмектесіп, жеңіске жеткен еді. Осы кезден бастап Моғолстан өз тәуелсіздігін ала бастаған. Мұхаммед хан қаза болған соң, Моғол хандығының ішіндегі талас-тартыс қайта басталады. Бұл талас-тартысты Темірдің немересі Ұлықбек пайдала-нып, өзін жақтаушы Қызыр-Қожаның немересі Шер-Мұхаммедтің хан болуын қолдайды. Енді одан тәуелді болуын талап етеді. Бұған наразы болған Моғол шонжарлары Қызыр-Қожаның екінші бір немересі Уәйісті хан тағына отырғызады. Наразы болған Ұлықбек 1425 жылы Моғолстанға шапқыншылық жасап, халықты тонайды.
Моғолстандағы жағдай 1428 жылы Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін де сол баяғы бытыраңқы күйінде қалады. Хандыққа оның балалары Жүніс пен Есен-бұға таласады. Нәтижесінде дулат әмірлерінің қолдауымен 1433-1462 жылдары Есен-бұға хан болады. Жүніс Темір әулеті Әбу Саидтан көмек сұрап, 1462 жылы Есен-бұға қаза табады. Ферғана жерінде – Жетікентте билік құрып отырған Жүніс дереу Моғолстанға оралып, өзін хан етіп жариялайды. Моғолстан хандығы Жүніс ханның немересі Абдар-Рашид ханның кезінде ыдырай бастайды. Оның Жетісу аймағы қазақ хандығының құрамына енеді.
XV ғасырда қалыптасқан саяси- тарихи жағдайлар қазақ халқының ұлттық мемлекет болып құрылуына елеулі ықпал етті. Тілі, материалдық және рухани мәдениеті жағынан өзара жақын этникалық топтардың бір-бірімен тығыз қатынасы орнады. Қазақ халқының бірігуінің, құрылуының іс жүзінде аяқталуының алғышарттары пайда болды. Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарының бірі сол кезде Қазақстан жеріндегі екі мемлекеттің- Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан хандығының ішкі-сыртқы жағдайындағы оқиғалар болды. XV ғасырда Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан хандығының күш қуаты әлсіреп, күйреу дәрежесіне жетті.
Бұл хандықтардағы билік басында отырған ақсүйектердің күш-қуаты артып, олардың жоғары билікке деген үміт, талпынысы күннен-күнге арта түсті. Жетісу мен Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларының неғұрлым ықпалды, беделді көсемдері саяси тәуелсіздікке ұмтылыс жасады. Билікке таласушылар тәуелсіздікке қол жеткізу үшін өздеріне қуатты одақтастар іздестірді.
XV ғасырдың басында жайылымдық жерлер іздестіріп, олжа табуға ұмтылып, сауда орталықтарына шығуды көздеген ойрат тайпалары Әбілхайыр хандығы жеріне шапқыншылық жасады. Әбілхайыр хан ойраттармен шайқаста жеңіліс тауып, көп шығынға ұшырады.
Әбілхайыр ханның ойраттардан жеңілуі оның ел ішіндегі беделін түсірді. Осындай жағдайда Әбілхайыр хан Қазақстанның Оңтүстігінде өз билігіне мойынсұнбағандарды жазалай бастады. Елде қатаң тәртіп орнатты. Ойрат ойранынан кейінгі алауыздық және ашу мен ыза белең алған жағдайда Әбілхайырдың бұл әрекеттері сұлтандар мен бұқара халықтың наразылығын бұрынғыдан бетер өршітіп жіберді.
Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр хандығындағы осы бір саяси-тарихи жағдайды өз мүдделеріне тиімді пайдалануға ұмтылды. Әбілхайыр ханның үстемдігіне қарсы наразылық күреске шыққан қазақ тайпаларының басын қосып, олардың көсеміне айналды. Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы, Қаратау баурайындағы, Сырдария бойындағы, Түркістанның солтүстік бөлігіндегі тайпалардың басым көпшілігі XV ғасырдың 40-50 жылдардың өзінде-ақ Керей мен Жәнібек сұлтандардың төңірегіне топтасқан еді. Әбілхайырға қарсы шыққан қалың қазақ тайпаларын бастап, Жетісуға, Моғолстанға қоныс аударды. Моғолстан ханы Есен-бұға Керей, Жәнібек сұлтандарды Әбілхайыр ханға қарсы пайдалану үшін құшақ жая қарсы алады.
Моғолстан ханы Есен-бұға Керей мен Жәнібек сұлтандарды не себептен құшақ жая қарсы алды? Моғолстанның ханы Есен-бұға өзінің інісі Жүністі қолдап отырған Әбілхайыр хан мен Темір әулетіне қарсы күресінде Моғолстанның батыс шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылды. Осы тұрғыда ол қазақ билеушілері Керей және Жәнібек сұлтандармен одақ құруға ынталы еді. Есен-бұға хан, сондай-ақ XV ғасырдың басында Жетісу мен Моғолстанның басқа да аудандарын мазалай бастаған ойраттардың шабуылына тойтарыс беру үшін қазақтардың күшін пайдаланбақ болды. Сұлтандарға Моғолстанның батыс аймағы – Шу бойынан қоныс бөліп берді. Керей мен Жәнібек сұлтандар Есен-бұға берген Батыс Жетісуды құтты мекен ете отырып, Қозыбасыға қазақ хандығының ұлттық туын тігіп, 1465-1466 жылдары Қазақ хандығын құрды. Әбілхайыр хандығынан, Моғолстан хандығынан, Ноғай Ордасынан және Сібір хандығынан Қазақ хандығының құрамына ағылып келіп қосылушы қазақ тайпаларының саны ешбір толастама-ды. Бұл жағдай қазақ хандығының нығайуына және хандықтың жер көлемінің кеңейіп, ұлғаюына ықпал етті.
Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты шығармасында: «Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Керей, Жәнібек хандар Моғолстанға көшіп барды. Есен-бұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді...»
Керей мен Жәнібектің Шудағы Қозыбасыға Орда тігуі ең алдымен, көшпелі қазақтардың ел болып, еңсе көтерсек деген ынта-үмітін жүзеге асырды.....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі