Ұлттық және саяси процестер мен технологиялар

Ұлттық және саяси процестер мен технологиялар

“Қазақ қоғамының саяси әлеуметтік дамуы саяси лидерлік құбылысының қалыптасу іргетасы” деп аталатын бірінші бөлімде саяси лидерлік мәселесіне теориялық-методологиялық талдау жасалынып, қазақ хандығының саяси әлеуметтік құрылым ерекшелігі мен ХҮІІІ ғасырдағы саяси процесс қайшылықтарының саяси мазмұны және бүгінгі Қазақстанның саяси өмірімен сабақтастық принциптері
Ежелгі антик жылнамашылары Геродот, Плутарх, Светония, Ливия сияқты тарихшылар көсемдерді таңғажайып қасиеттердің иелері деп суреттеген. Аристотель еңбектерінде, мемлекет билеушілерінің қызметі адам бірлестігінің ұйымдастырылған түрі деп түсіндіре отырып, “мемлекеттік тұлға”, “патша”, “отбасы”, “билеуші” ұғымдарының аражігін ажыратады.[4] Платон мемлекеттік билік пен саяси философия қабыспайынша мемлекеттік құрылыс адам баласына мүмкін болмайтындығын атап өткен.
Күрделі әлеуметтік жағдайларда саяси лидердің қалыптасуына, саяси лидерлік теориясына, жетістіктеріне кеңінен Н.Макиавелли тоқталды. Саяси лидердің қандай жолдарымен жетістікке жеткенін, соның ішінде саяси жүйе арқылы ма,әлде өзіндік тәжірибесіне жүгінумен немесе белгілі бір топтың әсер етуі көмегімен келгені туралы мәселелерін теория тұрғысынан қарастырады.
Лидерлік туралы түсініктер ғылымда біркелкі емес. Мысалы, “саяси лидерлік бір немесе бірнеше адамдардың билігі, ұлт мүшелерін қозғалысқа оятушылар”-деген Блондельдің көзқарасы болса, екіншіден лидерлікті статус тұрғысынан әлеуметтік бағдар және әлеуметтік рөльдер қатарынан қарастырған жүйелік-құрылымдық көзқарастар болды. Лидерлікті әсер ету қабілеттілігі тұрғысынан түсіндірген пікірлермен қатар, лидерлік құбылысын кәсіпкерліктің бір түрі және лидерлікті халық символы ретінде қарастырған бағыттарда кездеседі.
Лидерлік құрылымының негіздеріне лидердің жеке қасиеті, билік ресурстары құралдары, саяси жағдай жатады. Егер саяси лидердің билік бағдары мен рөлі тұрақты болса, ол радикалды өзгерістерге сирек ұрынады. Диссертацияда лидерлік феноменге тоқталып, түсіндіріп келген бірнеше теорияларға талдау жасалынды. Соның бірі “теория черт” идеалды лидерлердің жеке қасиеттеріне тереңнен мән бере отырып, бүгінгі таңда лидердің жеке қасиеті (ақылы, еріктілігі, мақсатқа жетушілігі, ұйымдастырушылық қабілеті, дер кезінде жауапкершілікті өзіне алуы) күрделі саяси жағдайда маңызды орын алады. Нақты жағдайларға қатысты міндет түсінігін енгізген факторлық-аналитикалық концепция лидердің жеке қасиеттері мен алдына қойған мақсатына жетуде мінезінің стилі қалыптасады деген көзқарасты ұстанады.
Лидердің әлеуметтік жағдайға тәуелділігін, оны белгілі жағдайдың функциясы деп түсіндірген Стодильдің жағдайлық концепциясы лидердің қоғамға қатысты функциясын анықтайды. Саяси лидерлік мәселесін саяси билік, мемлекеттілік туралы түсінікпен, билеу формасының меншіктің бөлінуімен анықталатындығын, меншік пен билікке ұмтылу олигархияны дүниеге әкеледі, саяси үстемдігін құрады деген Мэдисон, Токвиль, Харрингтон, Адамс, Гамильтон идеялары талқыланды.
Саяси лидердің ұйымдастырушылық және басқару рөліне, бұқаралық әлеуметтік қозғалыстар арқылы түсіндіруге тырысқан орыс ғалымы К.И.Михайловскийдің пікірлері ескерілді. Тарихи үрдіс түсінігімен, саяси билік табиғатына саяси үрдістегі саяси жетекшінің рөлін қоғамдық қозғалыстардағы, саяси күрестегі стихиялық пен саналықты үйлестіру проблемасы тұрғысынан қарастырған Маркс пен Лениннің анықтамалыры қарастырылды.
Лидерлік табысқа жету жолындағы билікке ұмтылыс, деп Шопенгауэрмен келісе отырып, қоғамды “лидерге” және“әлсіздерге” тағдыры өзгелердің қолындағы жандарға бөлуге негізделген деген Ницшенің көзқарасы пайымдалды.
Саяси лидерлікті түсіндіруде саяси-философиялық бағыттағы жазбалар, соның ішінде “лидер құбылысы ерік жігер көрінісі”-деп дұрыс шешім табуға ұмтылатын, дұрыс шешім қабылдай алатын тек шын саяси лидер деген Ясперс көзқарасы қарастырылды. “Лидерлік тек тұтас бір адамдар тобы үшін маңызға ие болғанда ғана пайда болады”-деп саяси мәдениеттегі өзгерістермен тығыз байланыстырған Такердің пікірі ескерілді.
Саяси лидерлік құбылысының психологиялық негіздеріне назар аударған Острогорский, Михельс, Брайс, М.Вебер еңбектері болды. Саяси қайраткерді қолдаудағы олигархияның ықпалы мен оның рөліне тоқталған еңбектерде де саяси лидерліктің технологиялық негізі көрсетілді.
Диссертацияда саяси лидерліктің бірқатар функцияларына, олардың қоғам өміріндегі маңыздылығы аталынды. Атап айтсақ; саяси, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, экономикалық, бейімділік, бағалы-бағдарлы, гуманистік, басқару жатады. Саяси лидердің негізгі қызметіне: қоғамды топтастырушы, саяси шешім қабылдау қабілеттілігі, әлеуметтік патронаж, коммуникациялық байланыстырушы, қоғамдық прогресті қамтамасыз етуші және т.б. жатады.
Саяси лидерліктің мәнін терең түсіну бағытында, лидерлікпен ортақ әрекеттес билік, бедел, сенім ұғымдарының негізгі ортақ және айырмашылық белгілерін табу міндеті тұрады. Билік саяси лидерлікті жүзеге асыруға қажетті құқықтық заңдық мүмкіндік береді, бедел саяси лидерліктің мінез-құлық компонентін құрайды, ал сенім діни және психологиялық құрамын бекітеді. Аристотель беделді, топ беделі және тұлға беделіне бөліп түсіндірді. Бедел құрылысын психологиялық тұрғыдан зерттеу теорияларында ерік күші, эмоциялық жеке тұлғалық факторлар қарастырылады. Лидерлік беделдің лауазамдық жеке тұлғалық екі түрі бар, беделді саясаткерге халықтың сенім білдіруі, үміт артуы жеке тұлғаның өткен тәжірибесіне, халқының бағдарлық, құндылық жүйесіне сай келуі.
Лидерлік мәселесіне замана тұрғысынан Абылай, Әбілхайыр, Кенесары сияқты саяси лидерлерге тарихи баға беру арқылы, олардың лидерлік бітім-болмысын ашуға ғылыми сипаттама беруге ұмтылыс жасаған Шоқан Уәлиханов болатын. Ш.Уәлихановтың “Орыс ғалымдары мен әдебиетшілері құрастырған энциклопедиялық сөздік” деп аталатын 1861 жылы шыққан 1-томында жарияланған “Абылай” атты мақаласы орыс және қазақ ғылымында Абылайтанудың іргететасы болып қаланған бірегей еңбек болып саналады”-деп көрсетеді М.Құл-Мұхаммед.[5]
Абай шығармаларында қазақ халқының жауынан ұтылуы халық арасында бірлігі мен татулықтың жоқтығы екенін, ішкі бірліктің негізгі тетігі ел болу екенін айта кетіп, ата-бабаларымыздың артық екі мінезі бар екеніне тоқталады. [6]
Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, М.Шоқай, М.Тынышпаев, Б.Қаратаев, Х.Досмұхамедовтардың мұраты қазақ халқының төлтумалығын сақтау, ұлттық санасын шыңдау, қазақ қоғамын рулық-тайпалық ұстанымдар бойынша бөлінуден арылту, отарлық үстем саясат жағдайында ұлттық бірлікті орнықтыру мәселелеріне арналды.
“Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме! Ел тірегі ері, ер тірегі елі бола білген қауымның басы бағынан кетер ме? ”- Құлтөбедегі Әйтеке бидің айтқан сөз жолдарынан саяси лидердің беделінің халық алдындағы жауапкершілік маңыздылығын танытады [7,190].
“Қазақ хандығының саяси әлеуметтік құрылымы: қайшылықтар мен үрдістерін” қазақ қоғамындағы хандықтардың саяси әлеуметтік құрылымы мен даму ерекшелігіне, қайшылығы мен үрдісін ашу қарастырылады. Соның ішінде қазақтардың рулық тайпалық құрылымы, жүз, ру, тайпа ата баласы бөлімдерін түсіндіре отырып, қазақ халқының этникалық құрылымының басты элементі ру екені атап өтілді.
Қазақ үшін рулық тамырды білу ерекшелігі, қазақ халқының біртұтас рухани этномәдени дамуын қамтиды. Қазақ қоғамының: “ақсақалдар беделі, ақсақалдар институты, жанұя рөльдерінің басымдылығын, рулық құрылымының ерекшелігінің саяси принциптері анықталды. Тап болмаса да, қоғамның үш әлеуметтік бөлімі (ақ сүйектер, қараша, құлдар) болды. Қоғамның аристократиялық тобы, биліктің институтционалдық негізін қалыптастырды [8]. Хан кеңесінің саяси функциясы мен негізгі құрылымы, билікті жүзеге асырудағы амал-тәсілдері көрсетілді.
ХУІІІ ғасырдағы мемлекеттің өзіндік саяси құрылымының ерекшелігі, міндеттері, мақсаттары, рөлі айқындалды. Қазақ хандығындағы басты ұйым жалпықазақ Құрылтайы, жергілікті билік, ру басыларының өзіндік басқаруының саяси ерекшелігі талданды.
Абылай хан билігі тұсындағы саяси институттардың негізгі белгілерінің бірі- мемлекеттің саяси құрылымы: Абылай хан тұсындағы ұлттық мемлекеттің мына белгілерін атап өтуге болады: территориясы, мемлекеттік басқару аппараты, ұлттық құрылымы мен саны, әскері, көршілес жатқан елдерді өзімен санастыра отырып елге, халыққа пайдасы бар халықаралық саясат жүргізуі, салық және сот жүйесінің болуы. Жыл сайын сұлтандар мен ру басыларының, билер мен қоғам аристократиясының жиналысы жалпы мемлекеттік істерді шешу үшін жиналып отырды. Мемлекеттік жоғары билік иесі-хан болды, Абылай хан өлім жазасын кесу, елдің, мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау негізінде әскер ұйымдастыру құқына ие болды, Абылай хан билігінің күштілігі оны қолдаушы батырларының болуы, ал саяси билігінің мықтылығы оның халық ойынан шыға білді, айналасындағы батырлары мен сұлтандары қолдап отырды.
Абылай хан тұсындағы қазақ мемлекеті хандық республика, монархия, аристократиялық және демократиялық белгілері бар әлеуметтік-саяси құрылым болды. Мемлекет басшысын хан тұғырына көтеруде сайлау әдісі орын алды. Сайлау-бұл демократиялық мемлекеттің орталық институты болып табылады. Абылай ханды халық ашық сайлау жолымен сайлады. Әрине, бұл жерде белгілі саяси топтар мен күштер, сұлтандар мен батырлар да үлкен рөль атқарды. Қоғам мен мемлекет басына саясатқа ешқандай қатысы жоқ, далада қаңғырып жүрген кез келгендер өтпеді. Хандық кандидатураның тіркелуінің өзіндік ерекшелігі, тіркелушінің шыңғыс тұқымынан болуы шарт болды, мемлекет басшысы-хан халық алдында заңды жауапкершілікте болды. Егер хан халық алдында күнәланса, оны орнынан алып тастап отырған. Оған мысал “ханды талақ ету”, “хан талау” дәстүрінен көруге болады. Мысылы, “Абылай аспас сары бел” оқиғасының 1779 жылы болғандығын қытай құжаттары растайды. Ботаханнның өліміне себепкер болған хан өзіне қарсы шыққан арғын руы адамдарына ер құнын төлеп, бітім жасауға мәжбүр болды. Өлім жазасын беруге құқылы болғанмен хандық билікке қарсы оппозиция мүддесімен санасуға, өзара келісімділік көзқарас ұстануға мүдделілігі байқалады.
Қазақ халқы өзінің саяси-әлеуметтік ахуалын Абылай тұсында жақсартып отырды. Абылай хан тұсындағы қазақ хандығындағы мемлекеттің басқаруының -хандық республика мен монархия элементтері араласқан формасы, мемлекеттік құрылымның формасы-унитарлы, қазақ хандығының құрамдас бөлімі болып саналатын жүздерде тек саяси автономия болды, мемлекеттік режим формасы-авторитарлы және демократия элементтерінен құралған; Абылай ханның ақылдасып отыратын Хан кеңесі болды, ол төртке бөлінді. Бірінші билер институты- әлеуметтік-құқықтық, сот билігі, саяси атқару қызметтерін атқарды. Хан кеңесінің екінші құрамы аристократиялық кеңес, олар өз ұлысында билік жүргізе отырып, мемлекеттік заң бойынша (“Жеті жарғы”) тәртіп орнатты. Өз құрылымы негізінде заң шығарып, саяси шешім қабылдап отырды. Аристократиялық кеңес жүз басшысына, билер тобына, батырларға көмектесуге міндетті және құқылы болды. Хан кеңесінің үшінші құрылымына- батырлар мен төлеңгіттер институты жатты, олар ханның жеке басын, жан-ұясын қорғауға құқылы болды. Сонымен қатар қорғаныс стратегиясын ұйымдастырды, соғыс жүргізу тактикасын дамытуға, соғыс өнерін үйренуге жауапты болды. Олардың негізгі міндеті-мемлекет шекарасын қорғауға, күзетуге құқылы және міндетті. Хан кеңесінің төртінші құрамы-маңызды идеологиялық бөлшегі жыраулар кеңесі жатты. Ел жағдайын Абылай ханға жеткізіп отырған жыраулары болды. Ханға тоқтау айтып, ақыл-кеңес беруге құқылы болды, жыраулар кеңесі-жалпы мемлекеттік идеологияны насихаттаушы, халықты жігерлендіруші, елінің рухани тірегі болып табылды.
Жоңғар шапқыншылығынан халықтың әбден азып, жат өлкеге ысырылып, қиын өмір сүрген кезінде қазақ елі, бейбітшілікті, тыныштықты, күйзелген шаруашылығын орнықтыруды аңсады. Үш жүзге бөлінген, өз алдына дербес мемлекет құруға талпынған мемлекетте бір орталықтан басқарылған әскердің жоқтығы, күшті биліктің болмауы, билер мен хандардың өзара тартыстары халықтың жағдайын нашарлатты. Осындай ішкі саяси тұрақсыздықпен бытыраңқылықты пайдаланып қазақ жеріне жоңғар тарапынан бірнеше шапқыншылықтар болып отырды.
Қазақ хандығының бірлігін нығайту, біроталықтандыру міндеті өте күрделі процесс болды, себебі қазақ қоғамының ескі қарым-қатынастарының рулық сипаты, сұлтандардың өзара бытыраңқы әрекеттері ортақ мәселені шешуге қиындықтар әкелді. Жүздің билері мен хандарына деген ризашылықтары жоғалып, мықты қазақ хандығын құруды аңсады. Халықтың жағдайының күйзелуі, жоңғарларды қазақ жерінен түпкілікті қуып шығу арманы, батырлардың өз күштеріне деген сенімі, тек Орта жүз ханын сайлау ғана емес, бүкіл қазақ хандығын тұтастырып, ортақ қазақ хандығын тағайындау сайлау болды.
ХҮІІІ ғасырдағы саяси процестер мен қақтығыстарға: Сыртқы шапқыншылықтан (жоңғар-қазақ соғысынан) халықтың бірлігі мен әлеуметтік-саяси жағдайының әлсіреуі; әскер жасағының аздығы, сұлтандар арасындағы алауыздылық; жайық орыстарының қазақ ұлыстарын талқандауы халықты аштық пен ашаршылыққа әкелді; Ресей мен Қытай елінің қазақ жеріне аса саяси қызығушылығы; қоғамдық әлеуметтік жағдайындағы шаруашылықтарда біртұтас механизмінің жоқтығы; әр жүзбен рулардың өз алдына дербестігі болу керек деген оппозициялық топтардың құрылуы; билікке деген тартыс-күресті жатқызуға болады.
ХҮІІІ ғасырда Абылай хан билік құрған тұстағы саяси процесс ерекшелігі мен саяси шешімдері: ХҮІІІ ғасырдағы қазақ елінің саяси процесі өте күрделі құбылыс болды. Онда өмір сүрген рулардың, жүздердің мақсат-мүдделері кейде қабысып, кейде келіспей жатты. Бұл процесс саяси болғандықтан ондағы өзгерістер билікке, оны бөлу, өз алдына жүз, ру болып тұруға бағытталған талпыныстар елдің ішкі саяси жағдайын нашарлатты; Абылай хан атсалысқан саяси процестің басты мәселесі, қазақ халқының мүдделерін, арман-тілектерін біріктіру, халықты бір орталықтан басқаратын билік, саяси шешім қабылдап, оны іске асыру болды; Абылай хан құрған мемлекеттің мақсат-мұратын іске асыруға билер кеңесі, төлеңгіттер институты, жыраулар кеңесі, аристократиялық-сұлтандар институты қатысты. Бірақ, мемлекеттік институт ретінда басты рөльді хандық институт атқарды. Саяси шешімді қабылдап, оны іске асыратын негізгі тетік хан институты болды; Биліктің шоғырлануы, елдің саяси дамуының мақсат-мұраттарын анықтауға билер, ақсақалдар, ауыл басылар, атсалысып отырды. Саяси субьектілердің яғни, ауыл басылардың, ақсақалдардың, билердің, төлеңгіттердің, батырлардың, сұлтандардың өзара қарым-қатынастары, саяси өзгерістің екпіні, олардың саясатқа араласқан іс-қимылдары арқылы айқындалып отырды. Қалың бұқараны қамтитын саяси шешімдер Құрылтайда қаралды. Оны дайындауға бірнеше рулардың өкілдері жиналып, атсалысып үлкен саяси белеске айналып отырды. Мысалы хан сайлағанда қазақ даласында демократияның өзіндік стильдері байқалды. Ханды халық сайлады, ол үлкен халықтық мереке айналып, ”Жеті жарғы” құқықтық принциптерінің негізінде хан халық алдында жауап берді. Абылай хан атсалысқан саяси процестің негізгі мақсаты, мұраты-қазақ қоғамын, халқын топтастыру, біріктіру, шаруашылығы жоғары көршілес жатқан елдермен тең келіссөз, қарым-қатынас орнатып, бірорталықтан басқаратын билік жүйесін енгізу болды.
Осындай алға қойған мақсатын іске асыру Абылай ханның саяси іс-әрекетінен саяси технологиясы айқындалды. Саяси лидердің саяси технологиясының пайда болуының алғы шарттарының себебі-практикалық мақсатты нақты сапалы түрде іске асырудың рационалдылығы мен қажеттілігінен туындайды. Бұл жағдай саяси билікке араласып отырған саяси лидерге тиеселі. Мысалы, Абылай хан алдындағы басты мақсат сыртқы жаудан қорғану үшін халық күшін жұмылдыру болды. Абылай хан елдегі ішкі кикілжіңді соның ішінде жүз арасындағы, рулық дағдарыстарды тоқтатып, өзара келісім, бірорталықтан басқаратын билікті ұйымдастыру сыртқы жаудан қорғанудың басты әдісі деп түсінді. Абылай хан қолданған саяси технологияларға: стратегиялық, тактикалық, бір мезетте қолданған амал-әдістер, циклдік, дипломатиялық, қатаң технология, нормативті әдіс-амалдарды жатқызуға болады.
Абылай ханның саясатта қолданған бұл саяси технологиялары бірнеше саяси шешімдерді іске асыруға қол жеткізді. Күрделі саяси жағдайларға болжам жасап, талдап отырды; саяси шешімдер мен әрекеттерді сұрыптап, жобалауға мүмкіндік алды; саяси процеске әсер берерліктей саяси шешімдерді бағыттап құрастырды.
“Кез келген қоғамның өсуі немесе өшуі сол қоғамдағы адамдардың парасаты мен іс-әрекетіне тікелей байланысты”-деген академик Ә.Н.Нысанбаевтың пікірінің саяси мәні осыған саяды. Осындай күрделі саяси кезеңде халықтың сезімін, мүддесін қолдай білген саяси лидер Абылай ханның алдында тұрған негізгі саяси міндет: ел тәуелсіздігін нығайту, дербестікке жету, тәуелсіздікті орнату қазақ халқына керек бақыт екенін түсінді. “Бірлік болмай-тірлік болмайды”-деген ел мұраты мен мүддесіне айналған саяси ұран бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Бүгінгі кезеңде, ХҮІІІ ғасыр сияқты қазақ халқына күрделі, сындарлы саяси жауапкершілікті жүктейді. Себебі, ғасырлар бойы ата-бабамыз, батырлар мен хандарымыз, билері мен жырауларымыздың, қазақтың ренесанстық тұлғалары мен Алашқа айбын болған арыстарының аманаттаған саяси мұраттары мен армандарын, іс жүзінде жүзеге асырдық, нақты тәуелсіздікке қол жеткіздік. Саяси қиыншылықтарға толы, бірнеше тарихы бар тәуелсіздік халыққа өздігінен келмегенін, алда тұрған негізгі мақсат барлық қазақстандықтардың тәуелсіздік танымын қалыптастырып, оның негізгі принциптері мен даму тенденцияларын ғылыми тұрғыдан дамыту міндеті туындалады.
ХҮІІІ ғасырда Абылай хан саясатының бүгінгі Қазақстан саяси өмірімен сабақтастығын төмендегі принциптермен байланыстыруға болады. Оларға: ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан қоғамының бірлесуі, ұлт ішіндегі бірлікті нығайту; қазақтардың жүзге, руға, аумақтық топтарға бөлінуі ішкі ұлттық ыдырау, рулық таптаурынды жою; қазақстандықтарды отаншылдыққа тәрбиелеу, шынайы отансүйгішті, нағыз азаматтықты қалыптастыру өз Отанын саналы таңдауы; Конституцияны білу, заңдылықты сақтау, заңды сақтамайынша, сыйламайынша қиыншылықтан арылу мүмкін еместігін ұғыну; жастардың жауапкершілігін арттыру, жастарды іскерлікке тәрбиелеу; елімізді, жерімізді, бостандығымызды сақтау перзенттік борыш екенін түсіндіру; біз бәріміз бір атаның - қазақ халқының ұлымыз, туған жерім - біреу ол Қазақ даласы деген ұранды игеру; бабалар алып берген азаттықты баянды ету; қазақ халқы бірлік пен ынтымақтастықтың ұйытқысы болу.
Болашақ Қазақстан ұрпағы осы принциптерді саналық пен парасатылық, байсалдылық пен ұстамдылық арқылы бойына игерген жағдайда дамыған алдыңғы 50 елдің қатарына жетуіне, Қазақстанды тек Орта Азия өңірінің көшбасшысы емес, әлемдік тұғырдан көрінуіне мүмкіндік бар.
Шығыс данасы Аль-Фараби ел басқарудағы саяси сабақтастық принципті “егер елбасы өмірден өткеннен кейін оның бастаған келелі істерін одан әрі жалғастыруға қабілетті орынбасары болса, онда ол кездегі жүзеге аспаған келелі істерді назарына ұстайды және кез келген мәселені ойдағыдай шешудің жолдарын қарастырады, заңдарға өзіндік өзгерістер енгізеді. Ең бастысы, қабылданатын заңдар замана талаптарына сай болуын қадағалайды.Ол мемлекет ісін одан әрі жандануын мақсат етеді. Кезінде жүзеге аспаған, бірақ сол кезеңдегі замана талаптарымен өзара үндестік табатын басты міндеттердің ойдағыдай жүзеге асуына мүмкіндік туады”[10] -деген дана ойлар ХҮІІІ ғасырдағы Абылай жүргізген саясаттың құнды идеяларының қайта жаңғыруына, түрленуіне, заман талабына сай өзгеруіне, жасампаздық рух танытуына, кемелденуіне ықпал жасап отырған Н.Ә.Назарбаевтың іс-әрекеттеріне байланысты айтылған тұжырым деп санауымызға толық саяси негіз бар.
Зерттеудің екінші бөлімі “Қазақ қоғамының тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық лидерлер саясатының ерекшеліктері: Абылай хан және Н.Ә.Назарбаевтың саяси іс-әрекетін салыстырмалы талдау” деп аталады. Бұл бөлімде, қазақ қоғамын тәуелсіз мұраттарына топтастыру бағытындағы тарих мойындаған қос тұлғаның саяси идеялары мен іс-әрекеттеріндегі сабақтастық принциптері мен болашақ Қазақстандағы саяси лидерлік мәселесінің болашағы мен маңыздылығы зерттеліп сараланады.
“Қоғамдық сананы саяси тәуелсіздік мұраттарға бағыттау ауқымындағы Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты” деп аталатын 2.1 тарауда Абылай ханның тектілігінің принциптік жағына тоқтала отырып, лидерлік феноменінің ерекше табиғатын қазақ қоғамының ең сынды саяси кезеңінде халық мүддесін, ой-арманын, ұлт тағдырын тереңнен түсінген, халықты бір саяси идеялық арнаға топтастыра білген саяси лидерлік жеке қасиеттері арқылы Абылай тұлғасының болмысын тарқатуға көңіл бөлінді.
Абылай хан саясатының салиқалы болуына, тез арада шешім қабылдауына, саяси көрегенділігіне сенімділігін арттыруға ықпал етіп, ең соңында оның саяси жеңіске жетуіне рух дарытып отырған батырлары, Абылайдың саяси шешімдері мен әрекететтерін, идеяларын елге тарқатып түсіндірген жыраулары, Ресей, Қытай елдерімен қарам-қатынас орнату мақсатында көмекші бола білген елшілері, аудармашылары мен тілмәштары болғанын Ресей және Қытай деректері, қазақ жырауларының жырлары растайды.
Абылай ханның саяси билігінің өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Оларға: қоғамның саяси жүйесінің құрылуы, оның саяси әрекеттерін атауға болады. Қазақ қоғамындағы мемлекеттік істерді жоғары дәрежелі саяси тұғырда хан басқарды, қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қолдады, руаралық, жүзаралық дау-дамайды, шиеленістерді шешіп отырды; Абылай билігі тұсындағы саяси институттар орта буынды, ауылдық, аймақтық, рулық, жүздік әкімшілік арқылы іске асып отырды; Абылай ханның мемлекеттік билігінің заңдылығы оның легитимділігін білдіреді. Үстемдік етіп отырған билікті халықтың мойындауы Абылай ханның саяси шешімдері мен заңдылығын ескеруі. Мысалы, Абылай хан билігін халық аңсап қалады және заңды деп түсінді. Бұл ХҮІІІ ғасырдағы қазақ саяси кеңістігіндегі ең дұрыс саяси шешім болып саналды. Биліктің екінші түріне харизматикалық билік жатады. Абылай хан ерекше батырлығымен, халық мүддесін тереңнен түсінген даналығымен, көрегенділігімен халық алдында үлкен беделге ие болды. Осы екі билік Абылай хан заманына тән болды. Сонымен қатар биліктің үшінші түрі ақыл-парасаттылық, құқықтық легитимділіктің элементтері толығымен қамтылмаса да, кейбір талаптары орнықты. Мысалы “Жеті жарғы” құқықтық нормалары мен принциптерінің алдында барлығы жауапты және міндетті болды.
Абылай хан саяси билігінің негізгі принциптеріне: легитимділік принципі (“Жеті жарғы” заңына сүйенгенде өзін сенімді әрі еркін сезінуі), қорғау принципі (жер, ұлт қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге келгенде саяси технологияларының алуандылығымен билікті қолда ұстай білуі және дұрыс саяси шешім қабылдауында), ұтымдылық принципі (нақты саяси мәселелерге келгенде өзінің саяси шешімінің табандылығы, өтімділігі, ықпалдылығын айтуға болады), сыр бермеу принципі (мысалы қазақ-қытай соғысында Абылай хан өз саяси күшінің әлсіздігін сезседе сыр бермеді, шындықты уақытынан бұрын ескеру немесе айту билік үшін ең қауіпті нәрсе) жатады; Абылай хан саяси билігін іске асыруда бірнеше саяси-әлеуметтік іс әрекеттер қолданды. Оларға мысалы: сақтық (саяси іс-әрекетті алдын-ала парасатты түрде шешу үшін ақылшылары және кеңесшілерімен ақылдасып отырды), қызметтестік (сұлтандармен, қоғамның аристократиялық топтарымен бірлесе отырып басқара білді), шыдамдылық (төзімділігімен, табандылығымен, кез-келген істі соңына дейін нәтижелі аяқтауға тырысты), ымыраға келушілік (дау-жанжалға бармау, мәмілеге келу арқылы бейбіт амалдармен шешуге тырысты) іс-әрекеттері жатады.
Абылай ханның ішкі саяси қызметінің жетістіктеріне: халық шаруашылығын, оның әр түрлі салаларын, олардың арасындағы байланыстарды реттеді; халқын отырықшылдыққа үндеді; сауда саттық, айырбас мәселелерін мемлекет тұрғысында, көршілес жатқан елдердің тәжірибесінің жетістіктерін енгізуге әрекет етті; халықтың әл-ауқатын, өмір деңгейін көтерді, әлеуметтік өмірді ұйымдастырды; қоғамды заңдылықпен қамтамасыз етті, ел ішінде тәртіп сақтау, қылмысқа қарсы заң нормаларын енгізді. Оларға “Жасақ” және “Билер кеңесі” жатады; қарулы әскер күшін құрды; Қазақ хандығының саяси жүйесін орталықтандыруға көңіл бөлді; Сұлтандар мен рубасыларының өз бетімен кетуін тежеді; Билік жүйесінде тұлға қызметіне, оның қасиеттеріне көңіл бөлді; Дәстүрлік қазақы кісілік рухы негізінде орталық буын элементтерін енгізді; өлім жазасын беруді өз құқына иеленді; Абылай ханның сыртқы саяси қызметінің жетістіктеріне: қазақ мемлекетінің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғады; қазақ халқының өз-өзін билеуге, егеменділігін сақтауға ұмтылыс жасады; көршілес жатқан мемлекеттермен тиімді қарым-қатынас орната отырып, тепе-тең саясат жүргізілуін қамтамасыз етті;қазақ халқының құқықтық мүддесінің ықпалдылығын, ұтымдылығын, тиімділігін арттыруға саяси шешімдер қабылдады; көрші елде болып жатқан саяси жағдайды, өз халқына дер кезінде мәліметтер беріп тұратын елшілік саяси қызметін дамытты; саяси проблемаларды шешуде ымыраластық, икемділік, мәмілеге келу принциптеріне көбірек жүгінді; сыртқы саяси проблемаларды шешуде бейбіт, дипломатиялық, араласпаушылық әдістерді қолдана білді. ....


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Су тасқынынан зардап шеккендерге қосымша тағы 553 мың теңге төленеді
» Елімізде TikTok желісі бұғатталуы мүмкін бе?
» Елімізде су тасқынынан зардап шеккендердің қандай мүліктеріне өтемақы төленеді?