Фариза Оңғарсынова (Сен мені шынымен осы сағынбайсың ба)

 Фариза Оңғарсынова (Сен мені шынымен осы сағынбайсың ба)

Сен мені шынымен осы сағынбайсың ба,
оған да от болып
беріліп жалындайсың ба?
Оны да мендей елжіреп, аймалайсың ба,
оны да іздеп, төзе алмай, қайдалайсың ба?
Оған да сәби қылықпен еркелейсің бе,
кетейін десе, қиылып "ерте" дейсің бе?
Жанарың ойнап, оған да "Күнім" дейсің
бе,
мені құшқандай, денеңмен дірілдейсің бе?
Оңаша сәтті онымен армандайсың ба,
ол жоқта жетім ботадай қалғандайсың ба?
Оған да: "Сені өмірден іздеп ем...",-
дейсің бе,
"Жүрегім - қырау сен жоқта, мұз -
денем",-
дейсің бе?
Ол барда өзге көздерді жақтырмайсың ба?
оны да бір күн құз-жардан лақтырмайсың ба?
Өте шықтың. Таныс үн!
Тұла бойым дір етті.
Еркелеген дауысың
осып өтті жүректі.
Оған қарап назданып,
сөйлеп бара жатырдың,
ұмтылуға аз қалып,
қарамды тез батырдым.
Кездескендер түріме
таңырқасып қарады.
Елең болмай бірі де,
сен биледің сананы.
Күйге түстім не түрлі -
бір суынып, бір ысып.
Айыпты адам секілді
кете бардым ығысып.
Байқамадың бірақ та,
ақыл да екен бұл ісің.
Керең болғыр құлақта
тұрып қалды күміс үн.
Сені құшып өзгенің жанды бағы,
менің миым соны ойлап қалжырады.
"Бақыт - тапса сүйгенін, қуан" дейтін
-
біреулердің шығарған сандырағы.
Ақылгөйлер соны айтып ұрандайды,
Қу молдадай сандалған құран жайлы.
Шын ғашық жан сүйгенін өзгелерден,
не десең де, қызғанбай тұра алмайды.
Сезермісің:
қанша күн жолықпадық!
Жынданамын кейде оны көріп қалып.
Соны тастап, дәл қазір келсең маған,
баяғыша сүйер ем өліп-талып.
Еш күнәңді бетіңе баспас едім,
мылжыңдарға құлақ та аспас едім.
Су сепсе де лапылдап өршеленген -
бұл не қылған мендегі қасқа сезім?!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!