Қазақша өлең: Әбіш Кекілбайұлы (Іңір сембей іргеге кеп құлаған)

Қазақша өлең: Әбіш Кекілбайұлы (Іңір сембей іргеге кеп құлаған)



Іңір сембей іргеге кеп құлаған,
Сұр сәскеде "сүт іш" десе, жылаған,
Бұлданумен ғұмыр кешкен бұладан
Көнтерісі көнбіс болған бұл ағаң.
Көнбіс болмай, қайтушы еді бұл ағаң,
Жер түбінде желкектей боп сұлаған,
Қыршын боздақ қылғына алған бір деммен
Қылтасынан қырқылса сан сынбағам.
Қыршын боздақ қылғына алған бір деммен,
Еркеліктен ерте айырылған мүлдем мен.
Ертелетіп кірпігімді шық шылап,
Ертелетіп аяз үрген іргемнен.
Қара басым сау қалғанмен ажалдан,
Қызғалдақтай қыршын солды - ау сан арман,
Соны ойласам - солған гүлдей сазарғам,
Жаңарса тек, иін ғана жаңарған.
Жаңарса тек - иін ғана жаңарған,
Әлі күнге қан шапшиды жарамнан,
Әлі күнге жас шапшиды жанардан,
Қыңсылайды көз ашпаған күшіктей
Көкіректе көктей солған сан арман.
Жаңарса тек - иін ғана жаңарған.
Ерте үрген аяз демін іргемнен,
Әлі күнге ұмытпаймын мүлдем мен.
Қарып жатыр, қамсау болмай тұр әлі
Үстімдегі үлдем менен бұлдемнен.


Комментарии для сайта Cackle