«Менің қиялымдағы Қазақстан-2050»

 «Менің  қиялымдағы  Қазақстан-2050»

Кембала Ақбидай
11 сынып, №24 мектеп
Жетекшісі:Жаңабек Д. Ә.

Менің қиялымдағы Қазақстан... Шіркін, адамның қиялында шек болмайды ғой. Қиял — сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективтік образдарын қайтадан жаңартып, өндеп, бейнелеуде көрінетін, тек адамға ғана тән психикалық процесс екен. Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ұлы Әбу Насыр Әл-Фараби былай деген: «...барлық жан қуаттарын, яғни рухани күштерді тек қиял ғана модельдендіре алады». Қиялдың актив және пассив деп аталатын екі түрі болады. Пасив қиялымыз бұл көріп жүрген түсіміз. Ал актив қиял ол «Арман» екен. Әр адамның басында бір арман болады.Ол арманы орындалғаннан кейін оның орнын басқа арман басады. Сөйтіп, адамның арманы ешқашан таусылмайды. Менің ойымша, алдына мақсат қойған адамды сол арманы жетелейді. Армансыз, мақсатсыз болған адамның болашағы бұлыңғыр болады. Ол ертеңіне сенбей жүреді. Сол себептен де әр адамның болашаққа деген көзқарасы анық, жарқын болу үшін алдына қойған мақсаты болу шарт. Оған бізді жетелейтін біріншіден, ата-анамыз, екіншіден, мектептегі ұстаздар.Уақыт қалай зымырап өтеді, осыдан он алты жыл бұрын , бір мың тоғыз жүз тоқсан жетінші жылдың қазанында менің ата-анам, үлкен әпкелерім газеттерден Елбасымыздың Қазақстан -2030 стратегиясын талқылап, мақсаттарымен жіті танысып жатқаны есімде. Ол кезде Қазақстан дамыған елдердің 50 қатарына кіруі туралы түрлі міндеттерді орындау көрсетілген. Енді міне, ол бағдарламаны жоспарлаған мерзімінен бұрын орындап, сонымен тоқтап қалмай, алға қарай ұмтылу мақсатында «Қазақстан -2050» стратегиялы бағдарлама құрылды. Ондағы мақсат Қазақстан дамыған 30 елдің қатарында болу. Елбасымыздың салихалы саясатының арқасында 2050 жылы Қазақстан алпауыт мемлекеттермен тереземіз тең боларына мен кәміл сенемін. Әрине, оған біз де, болашақ жастар, өз үлесімізді қосуда аянып қалмаймыз. Қазақстан туралы айтқанда тамыры тереңде жатқан тарихынан бір шөкім болса да айтпай кету мүмкін емес. Менің естуімше, өткенін білмеген елдің ертеңі көмескі тартып тұрады. Әр қазақ өзінің Отанының тарихын біліп, құрметтеуге міндетті.Қазіргі таңда қазақ елінің, жерінің тарихын қайта жазу қажет немесе қажеті жоқтығы туралы тарихшы-ғалымдарымыз қызу пікір талас үстінде.
XV ғасырда алғашқы хандарымыз- Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп, жеке қазақ хандығын құрғаннан кейін, ешкіммен ісі болмай, алдындағы малымен бірге жусап, бірге өріп жүрген халқымыздың ұлан-ғайыр өлкесіне көз алартып, сұқтана қараған сұғанақтарға ата- бабаларымыз сол өлкенің ұлтарақтайын да тигізбей, ұрпаққа қалдыру үшін бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізді, тақымындағы тер кеппеді. Ата
жұрт үшін, азаттық үшін жан беріп, жан алысқан небір сұрапыл шайқастар өтті.Тамыры тереңге байланған алып бәйтеректей қазақ халқы талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді.
1723 жылы сау ете қалған қалың жоңғар бейқам жатқан бірліксіз елдің тоз-тозын шығарып, ел-жұртынан айырып, «Елім-ай» деп еңіретіп, тентіретіп жіберді.
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел-жұртыңнан айырылған қиын екен,
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді,- деп қайғырып,шөптің тамырың жеп, беті ауған жаққа босып кеткен елі үшін ет жүректері езілген ер жүрек Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Райымбек, Наурызбай сияқты батырлар тізе түйістіре, бірлікті ту етіп көкке көтеріп, ақ білектің күшіне сене, айбарлана жауға ұмтылды. Қалың жоңғарды ойсырата қырғанмен, төр басында шалқая жатып, сары қымыз ішер күндер туа қоймады. Көздің құртын алар ұлы далаға жалаңдай қараған жаулардың жанға тыныштық бермесін сезген ел көрші Ресейдің қолтығына кіруге мәжбүр болды.Пана көріп, иық сүйеген орыс империясының қазаққа көрсеткен «сый-сияпаты»- кіндік қаны тамған, киелі атамекенінен қоқыс құрлы көрмей сыпырып тастап, өздері қоныс тепті,қорған салды. Қазақтың дербестігінің белгісі- хан мәртебесін жоқ етті, бодандық бұғауын мықтап салды.Бұл бұғаудан босанбақ болып, қылыш сермеген Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Амангелді сияқты боздақтарымыз армандарына жете алмай қапыда кете барды...
XX ғасырдың басында тарих төріне шыққан қазақ зиялылары -Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек аймауытов, Тұрар Рысқұловтар қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін пайымдап, еркіндік үшін күресте білім мен білік жолын қару етті. Алайда, бұл қарумен келген жеңіс ұзаққа созылмады. Автономия болып, еркіндік алған қазақтан қорыққан қызыл империя көсемдері сол еркіндікті әперген ел пана тұтар асыл арыстарымызды түгел қырды. Қазақтың ес жиып, етек жауып,дербес ел болғанын көксеп, күн-түн кірпік ілмеген есіл ерлеріміздің мүрделері ана шұңқырда, мына шұңқырда қала берді.
Халқымыздың тәуелсідік алу ісіне зор үлес қосқан тұлғаның бірі Дінмұхамед Қонаев атамыз еді. Бірде ол ұшақпен Мәскеуге қарай жол тартқан сапарында Ақтөбенің үстінен өтіп бара жатып қазіргі Елбасымызға: « Даламыз қандай ұшан теңіз! Шіркін, дербес ел болар ма едік!» -деуі өмір бойғы арманның ұшқыны болғанға ұқсайды.
Мүмкін, ол кезде бұл арман ғана болып көрінген шығар. Бірақ көп ұзамай отарлық жүйеге қарсы кеудесінде ұлттық намыс оты лаулаған жастар үлкен алаңда, сірескен көк мұздың үстінде ездіктерін ерлікке, жасықтықтарын жайсаңдыққа. Ұяңдықтарын ұлағаттылыққа жеңгізіп, шеруге шықты. Мұз құрсанған желтоқсан ызғарын еріткен жастық жалыниелері сол күні тәуелсіздік жолында мерт болған арыстарымыздың аңсаған
арманын ту етіп, халқымыздың намысын кеудесін тосып қорғады. Өкініштісі, шеру кезінде шындық деп шырқыраған Қайрат, Ербол, Сабира, Ләззат сынды аға-әпкелеріміз сол кездері қорлық пен
зорлықтың неше атасын көрді. Осыны ойлағанымда еріксіз өзегің өртенеді, мынау жалған дүниеде әділет дегеннің бар екендігіне шүбә келтіремін. Иә, сонау Кенесарыдан бастап, күні кешегі Қайратқа дейінгі намысын ту етіп көтерген қай азаматымызды алсақ та, Отаны үшін, тәуелсіздік үшін өз өмірлерін құрбан етті. Дегенмен, қандай қайғыдан да серпілетін күн туады. Ежелден аңсаған еркіндігі үшін осыншама қымбат құн төлеген халқымыз «Тәуелсіз» ел болды. «Тәуелсіздік -ғажайып ұғым, мемлекетіміздің өз саясаты бар деген сөз»,- деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.Халқы үшін қызмет етуді бақыт санайтын Елбасымыз тұрғанда Қазақстанның келешекте дамыған, өркениетті ел боларына кәміл сенімдімін.
Әлдилеп дала сырын, сан ғасырын,
Толқыған ұлы өзендер арнасымын.
Осынау қалың елім, жұртым деген,
Тілегі қабыл болсын Елбасының,- деген жыр жолдары періштенің құлағына шалынғай!
«Рухы күшті ел- алынбайтын қамал»-дейді халық нақылы. Мен - елдің ертеңі болар ұрпақтың бірімін. Болашағыма үлкен сеніммен қараймын. Болашағымның жарқын болуына терең білім, жоғары адамгершілік сезім арқылы жетуді мақсат тұтамын. Аздаған жетістіктерім де бар. Ол сапарда қолыма ұстар жолдама, алға бастап, бағыт-бағдар сілтер «Қазақстан- 2050» атты Елбасымыз ұсынған бағдарлама бар.
Елбасы білім беру жүйесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Оған егемен ел болғалы бері жастарға жасап жатқан қамқорлығы ерекше мысал. Қазірде білім саласына бөлінген қаржы жөнінде Қазақстан көптеген елдердің алдыңғы қатарында. Тағы бір айта кететін жәйт, Елбасының тікелей бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы білім мен ғылым қуған жастарға шексіз қамқорлық сыйлап отыр . Бұл бірегей бағдарлама бойынша еліміздің мыңдаған студенті мен жас маманы әлемнің түкпір-түкпіріндегі атақты жоғары оқу орындарында білім алуда. Келешекте олардың Отанымыздың әлеуетті кадрлық резервін арттыратыны анық.
Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні- түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгертеді. 2050 жылға
қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс. Бәсекеге ең қабілетті салаларда біз отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтық тауарлар қалыптастыру стратегиясын белсенді әзірлеуге тиіспіз.Бұл , әсіресе, ДСҰ-ға кіру перспективаларын ескере отырып, кері
индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Елдің мақтанышы – Астана. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады.Егер Астана болмаса, бұл да болмас еді.Мұндай құрмет кез келгеннің еншісіне тие бермейді . Біздің еліміз кеңестен кейінгі кезеңдегі күллі кеңістікте ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел екенін айтсақ та жеткілікті.
Мен Қазақстанның 2050 жылдағы күйін ойласам, қиялым ұшқырлана түседі. Менің ойымдағы, қиялымдағы Қазақстан өз мұнайы мен газын өзі өндіріп, өзі өңдеуге барлыққұрал жабдықтармен толық жабдықталған, жаңа технологияны меңгерген мамандармен толық қамтамасыз етілген Қазақстан көз алдыма елестейді. Қазақстанды екінші БАЭ аталуын армандаймын. Ол елдің байлықтарын халқы дұрыс пайдалануда. Елінің, жерінің байлығы шын мәнінде, өз халқына қызмет етуде.Біріккен Араб Эмиратында жер қойнауынан алынған байлығы сол елдің азаматтарына, белгілі бір пайызы беріледі екен. Сол пайызының қомақтылығы соншалық, әлгі азаматтың өмірінің соңына дейін жетеді екен. Бұл пайыздар елге басқа ұлттан келіп азаматтық алғандар үшін қарастырылмаған. Біздің елде де сондай система қарастырылса игі еді.
Жеңіл көлік шығарудан да өз еліміз Корея мен Жапониядан қалыспайтын болады. Оны шетелде оқып келген жастарымыз, сол жақта қалып қоймай, өз еліне келіп, осы игі істі жалғастыруды өз қолдарына алуына мен сенімдімін. Әрине барлығы келе қоймаса да, «Елім» деп жүрегі езілген азаматтарды ата- анасы, мектеп қабырғасындағы мұғалімдер ұлттық құндылықты санасына құйып тәрбиелеген азаматтар өз еліне келіп, туған жерін өркендетуге өз үлесін қосады. «Болашақ» бағдарламасының мақсаты да осы ғой. Бір қызығы сол бағдарламаны бітіріп келген азаматтар бірден бастықтың орындығына жайғасқысы келеді екен. Жоғарыға жол, төменгі баспалдақтан көтерілу керек екендігін түсіндіру қажет. Барлық үлкен істер кіші бастамалардан басталған ғой. Елбасымыздың өзі де қарапайым металлург қызметінен ел басқаруға дейін көтерілген.
Қазақстан ХХІ ғасырдың басында тәуелсіз әрі өзіне сенімді болып отыр.Жаһандық дағдарыстың жалғасуының әсерінен әлемде болып жатқан өзгерістер бізді үрейлендірмейді. Біз оларға дайынбыз. Біздің ендігі міндетіміз- егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІғасырда орнықты дамуды жалғастыру.Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру.Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ.Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысатынын бәріміз білеміз.
Қазақстан 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына кіреді. Ол кезде біздің демография жақтан да халық саны екі есеге дейін көбеюі ықтимал. Ол үшін біз көпбалалыларға жасаған қамқорлықты көбейту керекпіз. Көп жанұялар қиналғысы келмейді. Бірінші пәтер алып алайық, содан соң екінші бала туралы ойланамыз, ал үшінші бала туралы қалада тұратын жас отбасылар тіпті ойланбайды да. Сол себептен жас отбасыларға бір бөлмелі үй болса да мемлекет тарапынан көмек берілу тиіс. Ал көрші Ресейде бала туылғанда «Материнская плата» деген қомақты жәрдемақы беріледі екен. Оны бала кәмілетке толғанда оқуға пайдалану құқығына ие болады- мыс. Міне, қандай тамаша шешім! Біздің елде неге соған ұқсас бағдарлама жасамасқа. Менің ойымша, егер баланың болашағы анық көрінсе, ата- ана да қатты алаңдап, ертең балаларымның ертеңі не болады деп қатты қамықпайды.Қазіргі таңда баланың оқуына жеке шот ашып, ақша жинауы туралы бағдарлама жасалған. Бірақ оның ұтымды жұмыс істеу механизмі толық қарастырылмаған.
Қазақстан 2017 жылдан соң, яғни әлемге әйгілі Экспо көрмесінен кейін жақсы жағына қарай өзгеретінін көріпкел болмасақ та айтуға болады. Назарбаев университетінің қарама қарсына түрлі ғимараттар салыну үстінде. Басты мақсат табиғи ресурстарымызды сарп қылмау. Энергия көздерінің барлығын экологиялық тұрғыдан табиғаттан алу. Күн энергиясын, желді тиімді пайдалану. Тіпті Астанада көп жауатын қарды да пайдалансақ болады. Астанада үлкен табиғи бақтардан тұратын жасыл қалашық болады. Қалашықтың ішінде қала тұрғындарының қажеттілігін өтейтін барлық іс-шаралар ойластырылған болады. Азаматтар таза экологиялық жемістерді жеп, таза ауада тыныс алатын болады.
Бұның барлығы менің қиялым емес, 2050 жылы шын мәнінде де болатын нәрселер. Ол кезде ауылшаруашылығы да дамып, өз қарқынына түседі. Ауылшаруашылық технологиялардың өзі «НАНО» технологиясы бойынша натуралды өнім шығарады. Мал,сүт, ет өнімдерін сапалы алу үшін, малдарға ерекше күтім жасалады.
Қорыта келгенде, қазірдің өзінде Қазақстан беделсіз емес. Ал осы « Қазақстан 2050» стратегиялық бағдарламасын қолданғаннан кейінгі Қазақстанды тіпті, асқақ көремін.Шикізат пен пайдалы қазбаға бай, халық саны көп, халқының көп ұлттылығына қарамастан, бірлікте өмір сүріп жатқан ел.Жастары дарында, білімді, техниканы игерген.Халқы кедейшілік
дегенді білмейтін өте бай ел.Президентіміздің тапқыр, қайталанбас басқару тактикасы барлық проблемаларды қамтып,оны шеше біледі. Осы бағдарламаның және оны орындаудың арқасында мен 2050 жылғы
Қазақстанды Ресей,Қытай сияқты ірі державалардың қатарында көремін. Қазақстан бүкіл әлемге танылған ел. Осындай елім барда ұлтың кім? Елің кім? Жерің қайда?- дегенде ұлтым - әлемге мәшһүр «Қазақ»,елім – қонақжай, кенпейіл қазақ, жерім – кең байтақ та шұрайлы қазақ жері деп мақтанышпен айтамын!


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!