Шығарма: Қожа Ахмет Ясcауи + Диуана хикметтері

Шығарма: Қожа Ахмет Ясcауи + Диуана хикметтері



Кіріспе
Қожа Ахмет Яссауи (1093 ж.ш., кейбір деректерде 1103, 1041, Сайрам (Исфиджаб) — 1166 ж. Түркістан (Иасы)) — түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының, байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орыны бар ұлы ақын, пәлсапашы.

Негігізгі бөлім
Қожа Ахмет Яссауи – түркістандық ғұлама, әулие. Қожа Ахмет Яссауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Яссауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады.Қожа Ахмет Яссауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. 9 ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Иасы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағыда басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, 10 ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Яссауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Яссауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Яссауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жылы қызмет еткендігі туралы мәлімет береді.

Шығарма: Қожа Ахмет Ясcауи + Диуана хикметтері

Яссауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб жиі ауызға алынады. Қожа Ахмет Яссауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Яссауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Яссауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Яссауидың шәкірттері саналады. А.Беннигсон Қожа Ахмет Яссауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Яссауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Яссауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайкылардың бірі болған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, ақынның 149-хикметінде оның шыққан тегі туралы төмендегі сыр шертеді.

Қорытынды бөлім
Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қайшы келмейтін діни-мистикалық мектептің негізін қалаған Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. “Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады” деген түсінікті теріске шығарып, сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі әдеби тіл – шағатай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітаптың арабша мағынасын толықтай түсіндіру, шариаттың қыр-сырын, дін қағидаларын қалың қауымға өз тілдерінде тереңнен таныту мақсатында хикметтерін жергілікті халыққа жақын айшықты поэзия тілімен жазды. Қожа Ахмет Яссауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Сөйтіп, бұрыннан дидактикалық сипаты басым түркі әдебиеті насихаттық ой тұжырымдармен толыға түсті. Ол фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығармашылық әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Қожа Ахмет Яссауи шығармашылығы түркі-мұсылман әлеміне кеңінен танылып, Яссауи ше хикмет жазу дәстүрге айналды. Кіші Азияда Қажы Бекташ, Жүніс Әмре, Сүлеймен Бақырғани хикметтерінен Қожа Ахмет Яссауи сарыны байқалды. 12 ғасырдан бері түркі халқының дүниетанымына елеулі ықпал еткен Қожа Ахмет Яссауи сарыны Асан Қайғыдан Абайға, сондай-ақ, күні бүгінге дейінгі қазақ ақындары шығармаларында көрініс тапқан.


1 - Хикмет

"Бісміллә" деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен "дәптер сәни" сөзін аштым, міне.

Сөзді айттым кімдерге де етсе талап,
Ашық сөйлеп жақын жанды жанға балап.
Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне.

Қайда жүрсең көңіл жұмсақ, сыпайы болғыл,
Көре қалсаң мүсәпірді дәмдес болғыл.
Махшар[1] күні құзырына жақын болғыл,
Менменсінген халайықтан қаштым, міне.

Ғаріп, пақыр, жетімдерді Расул білді,
Сол кеште миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғаріп, пақыр, халін білді,
Ғаріптердің жайын ұғып келдім, міне.

Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғыл,
Аят, хадис айтқандарға құлақ салғыл.
Ырзық берсе, тағдырға қанағат қылғыл,
Қанағат қылып сауық шарабын іштім, міне.

Мәдинеге Расул барып, болды ғаріп,
Ғаріптікте бейнет тартып, болды ғашық.
Жапа тартып, жаратқанға келгені анық,
Ғаріп болып, ауыр жолда бастым, міне.

Ақылға ерсең ғаріптерді мейіріммен сүй,
Мұстафадай елді кезіп, жетімді жый.
Дүниеқоңыз, пасықтардан бойыңды тый,
Бойым тыйып дариядай тастым, міне.

Ғашық есігін Мәулім[2] ашты, маған сыйлы,
Топырақ қылып әзір бол деп мойнымды иді.
Қара нөсер қарғыс оғы келіп тиді,
Найза алып, жүрек, бауырым тестім, міне.

Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып бойұсынбас жалған ғалым.
Жаным құрбан, аямаймын жоқ дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне.

Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл,
Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаһил.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне.

Уа, дариға, махаббат шарабынан дәмін татпай
Қатын-бала, үй-мүліктен түгел қашпай,
Қылмыс, күнә айыбын мұнда шашпай,
Шайтанға еріп жан берерде састым, міне.

Иманыма қол ұрып, қайғы салды,
Пірмұған әзір бол деп апиын шашты.
Шайтан қарғыс мұндан қашып кете барды,
"Бихамдилла"[3] нұрлы иман аштым, міне.

Пірмұған қызметінде зыр жүгірдім,
Жұмыс қылып көзімді ілмей әзер тұрдым.
Медет қылды: әзәзілді қуалап ұрдым,
Одан кейін қанат қағып ұштым, міне.


Пақыр мен жетім болсын шат-шадыман,
Мойныңда тұзақ, ғазиз жаның болсын құрбан.
Туыс тапсаң, жан тәніңмен қылғын мейман,
Хақтан естіп бұл сөздерді айттым, міне.

Ғаріп, пақыр, жетімдерді әркім сұрар,
Разы болар ол пендеден Пәруардігәр[4].
Ей, бейхабар, сені ол себепсіз-ақ өзі асырар,
Хақ Мұстафа уағызымен айттым, міне.

Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым салам,
Мұстафаның аманатын бер деп маған.
Сол мезетте мың бір зікір еттім тамам,
Нәпсім тыйып Аллаға бет бұрдым, міне.

Құрма беріп, басым сипап, назар салды,
Сол сәтте ол дүниеге сапар салды.
Қоштасып бұл әлеммен кете барды,
Мектеп көріп, қайнап толып тастым, міне.

"Инна фатахнаны"[5] оқып мағына білдім,
Нұрын төкті: естен танып дидар көрдім.
Молдам ұрып, - тыныш, - деді көз жазбадым,
Басым қатып, мең-зең болып тұрдым, міне.

Ей, надан, мағына осы деп айтты, білдім,
Одан кейін шөлдер кезіп қияқ жедім.
Қуат берді, әзәзілді ұстап міндім,
Салмақ салып, белін басып, жаныштым, міне.

Зікір салып мүсәпір-дуана болдым,
Хақтан өзге бір сөз де сөйлемес болдым,
От іздеген көбелектей шәкірт болдым,
Шоқ болып күйіп-жанып ұштым, міне.

Жалған атақтан арылып сәби болдым,
Алла атын айта-айта ашық болдым.
Аллаға бар жаныммен адал болдым,
"Фанафи Алла"[6] мақамына салдым, міне.

Сүндет емес кәпір болса, берме азар,
Көңілі қатты, діл азардан Құдай безер.
Ондай құлға Алланың азабы даяр,
Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне.

Сүндеттерін бекем ұстап үмбет болдым,
Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым.
Сопылардың мақамына жақын болдым,
Нәпсіні көңіл найзасымен шаныштым, міне.

Нәпсім мені жолдан бұрып қор етеді,
Телміртіп халайыққа зар етеді.
Зікір салдырмай шайтанға "жар" етеді,
Әзірмін деп нәпсі басын жаныштым, міне.

Құл Қожа Ахмет, надандықпен өмірін өтті,
Қасіретпен тізе, көзден қуат кетті.
Қайғы менен өкініштің уақты өтті,
Амалым жоқ, керуен болып көштім, міне.

2 - Хикмет

Иә, достар, құлағың сал осы кепке,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.
Меғражда хақ Мұстафа рухымды көрді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Хақ Мұстафа Жебірейілге қылды сауал,
Бұл неткен рух тәнге кірмей тапқан жамал?
Көзі жас, халыққа бас, жаны адал,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Жебірейіл айтты: үмбет ісі сізге бір хақ,
Көкке шығып періштеден алар сабақ.
Жылаушыға сыйға берер жеті табақ,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Перзентім деп хақ Мұстафа қылды кәләм,
Одан соңыра барша аруақ берді сәлем.
Рахметіне дария толып жетті хабар,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Төрт жүз жылдан кейін шығып үмбет болғай,
Неше жылдар жүріп халыққа жол көрсеткей.
Он төрт мың мүжтаһиттер[7] қызмет қылғай,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Рахымменен пида болды, хабар жетті,
"Зікір айт", - деді, жан дүнием балқып кетті.
"Перзентім", - деп, хақ Мұстафа үлес берді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,
Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым.
Ғаршы-күрсі[8] баспалдағын барып құштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Ғарыш үстінде намаз оқып, тізе бүктім,
Разы болып хаққа қарап жасым төктім.
Жалған ғашық, сопы көрдім оны сөктім,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Жаннан кешпей "үһ-үһ"[9] деген бәрі жалған,
Жалталақтардан сөз сұрама жолда қалған.
Хақты тапқан: өзі бостан, сөзі шаттан,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Бір жасымда аруақ маған үлес берді,
Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді.
Үш жасымда шілтен келіп, халім білді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Төрт жасымда хақ Мұстафа берді құрма,
Жол көрсеттім, адасқанды салдым жолға.
Қайда барсам, Қызыр бабам бірге, жолда,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Бес жасымда шариғатқа белім будым,
Дін жолында ораза ұстап әдет қылдым.
Күндіз-түні зікір айтып, тәубә қылдым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Алты жаста тұра қаштым халайықтан,
Көкке шығып, дәріс үйрендім мәләйіктан[10].
Киім киіп, ынтық болдым шын көңілден,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Жеті жаста Арыстан Бабам іздеп тапты,
Әр сырымды көрген сайы бүркеп жапты.
"Бихамдиллаһи көрдім", - деп, ізімді өпті.
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Әзірейіл кеп, Арыстан Бабам жанын алды,
Хорлар келіп, торғын тоннан кебін қылды.
Жетпіс мың періштелер жиылып келді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Жаназасын оқып, жерден алып, көтерді,
Бір мезетте ұжмақ ішіне жеткізді.
Рухын алып, аспанға ұшып жөнелді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Алла-Алла жер астынан мекен қылды,
Мүңкір-Нәңкір "Раббың кім?" – деп сұрақ қылды.
Арыстан Бабам Ислам дінін баян қылды,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Ақылың болса, жарандарға қызмет қылғыл,
Әмір Мағруф[11] тұтқындарға ізет қылғыл.
Нәһи мүнкәр[12] ұстағанға құрмет қылғыл,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,
"Хикмет айт", - деп басыма нұр шашылды.
Бихамдиллаһи Пірмұған шарап ішкізді,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Пірмұған хақ Мұстафа шәксіз білгін,
Қайда барсаң сипатын айтып тағзым қылғын.
Жалбарынып Мұстафаға үмбет болғын,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Тоғызымда толғанбадым тура жолға,
Тәбәрік деп алып жүрді қолдан қолға.
Қуанбадым бұл сөздерге, шөлге қаштым,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Он жасыңда ұлан болдың, Құл Қожа Ахмет,
Қожалыққа негіз қойып, қылмай тағат.
Қожамын деп жолда қалсаң, міне қасірет,
Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

3 - Хикмет

Әр таңда хабар келді құлағыма,
Зікір айт деді, зікірді айтып жүрдім, міне.
Құдайсыздарды көріп едім жолда қалды,
Сол себептен ғашық дүкенін құрдым, міне.

Он бірімде рахмет дариясы толып тасты,
"Алла!", - дедім: шайтан менен жырақ қашты.
Әуестік кетіп, менмендік жылжып көшті,
Он екімде бұл сырларды көрдім, міне.

Он үшімде құштарлықты қолға алдым,
Басыма жүз мың пәле қармап салдым.
Тәкәббарды жерге ұрып басып алдым,
Он төртімде топырақ сипат болдым, міне.

Он бесімде хор қызы мен жігіттері келді,
Бас ұрып, қол қусырып, тағзым қылды.
Фардус атты жаннаттан хабар келді,
Дидар үшін баршасын қойдым, міне.

Он алтымда барлық аруақ үлем берді,
Айхай, сізге мүбәрак деп Адам келді.
Перзентім деп мойным құшып, көңілім тапты,
Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне.

Он сегізде шілтенменен шарап іштім,
Зікір айтып, әзір боп көкейім тесті.
Несібе берді, жаннат кіріп хорлар құштым,
Хақ Мұстафа дидарын көрдім, міне.

Он тоғызда жетпіс мақам айқын болды,
Зікір айтып іш сарайым таза болды.
Қайда барсам Қызыр Бабам әзір болды,
Рахым етіп шарап берді, тойдым, міне.

Жиырмаға жасым жетті, еттім мақам,
Құдайға шүкір, қызметін қылдым тамам.
Ұшқан құс, құрт-құмырсқа етті сәлем,
Сол себептен хаққа жақын болдым, міне.

Мұсылман емес хикмет айтып жыламаса,
Жарандардың айтқан сөзін тыңдамаса.
Аят, хадис мазмұнын аңдамаса,
Кереметті ғарыш үстінде көрдім, міне.

Кереметті көріп Хақпен тілдестім мен,
Жүз мың түрлі періштемен жүздестім мен.
Сол себепті хақты айтып іздедім мен,
Жан-тәнімді оған пида еттім, міне.

Құл Қожа Ахмет, жасың жетті жиырма бірге,
Не қылғайсың күнәларың таудан да ауыр.
Қиямет күн азап берсе Раббым Қадір,
Ей, достарым, не деп жауап айтам, міне.

4 - Хикмет

Хош, ғайыптан хабар келді құлағыма,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.
Барша әулие жиылып ырзық берді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Мен жиырма екі жаста толысып жігіт болдым,
Шипа болып, шын дертке дауа болдым.
Жалған ғашық, шын ғашыққа куә болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Ей, достар, жасым жетті жиырма үшке,
Тағатым жоқ, жалған іс пен даукестікке.
Қиямет күн жалаңашпын, көзім соқыр,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Мен жиырма төрике кірдім Хақтан жырақ,
Ақыретке барар болсам, қане жарақ?
Өлгенімде жиылып ұр жүз мың таяқ,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Жаназамның артынан тас атыңдар,
Аяғымнан сүйрелеп көрге атыңдар.
Хаққа құлдық қылмадың деп тепкілеңдер,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Жазуменен жасым жетті жиырма бес,
Сұбхан ием, зікіріменен көкейім тес.
Көкірегімдегі түйіндерді сен өзің шеш,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Жиырма алты жасымда “сауда” қылдым,
Мансұр сипат дидар үшін талас қылдым.
Пірсіз жүріп дерт пен шерді пайда қылдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Жиырма жеті жаста пірді таптым,
Әр сыр көрдім, перделеп бүркеп жаттым.
Астанасын жастанып, ізін өптім,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Мен жиырма сегіз жасымда ғашық болдым,
Жаннан кешіп, мехнат тартып, садық болдым.
Одан кейін дидарыңа лайық болдым,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Жиырма тоғыз жасқа кірдім, халім харап,
Ғашық жолында бола алмадым мысал топырақ.
Халім – харап, бауыр – кәуап, көз бұлдырап,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Отыз жаста отқа қақтап күйдірді,
Күллі әулие жиылып, дүниеқорлықты қойдырды.
Ұрып-сөгіп дүние қызығынан бездірді,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

Құл Қожа Ахмет, дүние қусаң, ісің бітер,
Көкіректен шыққан даусың көкке жетер.
Жан кетерде Хақ Мұстафа қолын берер,
Сол себептен Хаққа сиынып келдім, міне.

5 - Хикмет

Төтеннен тұрарымда барша әулие,
Хақ сүйспендігін көңіліме салды, достар.
Қызыр бабам дайын мейірін төге,
Медет қылып қолымды алды, достар.

Отыз бірде Қызыр бабам шарап ішірді,
Көңілімнен әзәзілді хақ қашырды.
Сауда қылдым, жазығымды Құдай кешірді,
Содан кейін Хақ жолына салды, достар.

Отыз екі жасымда жетті Хақтан пәрман,
Пенделікке қабыл еттім, қылма арман.
Жан кетерде бергем саған нұрлы иман,
Кәріп жаным шадман болып күлді, достар.

Халқымнан хабар жетті, риза болдым,
Әркім сөкті, яки тепті, сабыр болдым.
Бұл әлемде көзімді ілмей, әзір болдым,
Әуестік пен менмендік кетті, достар.

Отыз үште сақи болып, шарап үлестім,
Тостаған толы шарапты тоя іштім.
Әскер түзеп, шайтанмен мен ұрыстым,
Шүкір Алла, екі нәпсім өлді, достар.

Отыз төртте ғалым болып дана болдым,
Хикмет айт деп Сұбхан айтты, күйіп жандым.
Шілтенменен шарап ішіп дос-жар болдым,
Жан дүнием Хақ нұрына толды, достар.

Отыз бесте мешіт кіріп, дәурен сүрдім,
Шәкірттерге ғашық дүкенін шексіз құрдым.
Теріс жолға әркім кірді – сөктім, ұрыстым,
Ғашықтарға Хақтың нұры түсті, достар.

Отыз жеті жасқа кірдім – оянбадым,
Ынсап қылып, Алла мейірін толғалмадым.
Таңсәріде зар илеп, еңіремедім,
Тәуба қылдым, қожам қабыл қылды, достар.

Отыз сегіз жасқа кірдім, ғұмырым өтті,
Жыламай-ақ өлер уақытым жуық жетті.
Ажал келіп, шектеулі уақтын тосты,
Білмей қалдым, ғұмырым ақыр болды, достар.

Отыз тоғыз жасқа кірдім, қылдым қасірет,
Уа, дариға, өтті ғұмырым, қане тағат?
Қанағатшыл Хақ қасында хош-сағадат,
Қызыл жүзім, тағат қылмай солды, достар.

Шаш пен сақал ағарды – көңілім қара,
Махшар күні рахым еткін, халім нашар.
Саған аян: амалсызбын, көп дүр күнәм,
Бар періште жазығымды білді, достар.

Пірмұған шарабынан тамшы таттым,
Жол таба алмай бас айналып, түндер қаттым.
Бихамдилла, ізгілік берді, нұрға баттым,
Көңіл құсым жеті қат көкке жетті, достар.

Қияметтің азабынан ақылым қайран,
Көңілім қорыққан, жаным үріккен, көкірек – ойран.
Ділім шошып сират атты қыл көпірден,
Ақылым кетіп, естен танып қалдым, достар.

Құл Қожа Ахмет, қырыққа кірдің, нәпсіңді тый,
Мұнда жылап, ақыретте есіңді жый.
Иман – шариғат, мәні – тариқат,
Құдай деген Хақтан үлес алды, достар.

6 - Хикмет

“Иә иләһи” сенің даңқыңа хикмет айттым,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.
Тәуба қылып, күнәмнан қорқып қайттым,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық бірімде ықылас қылдым жол табам деп,
Жарандардан әр сыр көрсем, мен табам деп.
Пірдің ізін тауып мен өбейін деп,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық екімде шәкірт болып жолға кірдім,
Ықылас қылып жалғыз Хаққа көңіл бердім.
Ғаршы-күрсі лаухыдан[13] өтіп ғалам кездім,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық үшімде Хақты іздеп зар еңіредім,
Жағамды ұстап жылап жүрдім гүлзарымда.
Мансұр[14] сипат бас тіктім ғашық дертіне,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық бесімде сене қажет тілеп келдім,
Тәуба қылдым, әр іс қылдым, қате қылдым.
Иә Иләһим, рахметіңді ұлық білдім,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық алтымда зауқым асып, толып тасты,
Рахметіңнің нұры тамып шайтан қашты.
Хақтан шабыт жолдас болып есік ашты,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық жетімде жеті жақтан шабыт жетті,
Сақи болып жам-шарапты Ием тұтты.
Шайтан өліп, нәпсі құйын өзі кетті,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық сегізде ғазиз жаннан безер болдым,
Күнә дерті ауру қылды, кесел болдым.
Сол себептен Хақтан қорқып көз ілмедім,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Қырық тоғызда ғашық болып күйіп жандым,
Мәжнүндей туған-туыстан қашып тындым.
Түрлі-түрлі жапа көрдім – мойынсұндым,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Елуімде ермін дедім, дәрменсіздік,
Қан төкпедім көзімнен бауырымды езіп.
Нәпсім үшін жүрер едім иттей кезіп,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.

Құл Қожа Ахмет, ер болмасаң, өлген жақсы,
Қызыл жүзің қара жерде солған жақсы.
Топырақ сипат жер астында болған жақсы,
Заты ұлық Ием, сиынып келдім саған.



1-6 хикметтер қазақ тіліне аударған М. Жармұхамедұлы

[1] Махшар (ар.) – Адамдарды о дүниеде жазалайтын күні жиналатын орын.
[2] Мәулім (ар.) – Молда, мәртебелі тақсыр. Алланың бір сипаты.
[3] Бихамдилла (ар.) – Құдайға шүкір.
[4] Пәруардігәр (пар.) – Хақ, Жаратушы.
[5] Инна фатахна (ар.) – Құран Кәрімнің 48-ші “Әл-Фатх” сүресінің бірінші аяты. Мағынасы: Шын мәнінде Біз саған нағыз жеңіс сыйладық.
[6] Фанафи Алла (ар.) – Құдайшылық жолында Аллаға беріліп, сіңіп кету.
[7] Мүжтаһид (ар.) – ыждағат, ынта, ықылас.
[8] Ғаршы-күрсі (ар.) – Ислам фәлсафасындағы Алланың әміріне бой ұсынылатын ғалам.
[9] Үһ-үһ, дұрысы һү-һү (ар.) – "Ол, ол!" деп сопылардың Аллатағаланы меңзеп айтқан зікірі.
[10] Мәләйік (ар.) – Періште.
[11] Әмір Мағруф (ар.) – Ислам дініндегі қырық парыз, немесе орындалуға тиісті Аллатағаланың әмірлері.
[12] Нәһи мүнкәр (ар.) – Тиым салынған қырық парыз.
[13] Лаух, дұрысы Лаухул-махфұз (ар.) – Алланың құдіретімен адамдардың болашақ тағдыры жазылатын тақта. Бұл туралы Құранның 82-ші “Әл-Бұруж” сүресінің 22-ші аятында жазылған.
[14] Мансұр, Әл-Халлаж – һижри санауымен үшінші ғасырда өмір сүрген сопы. Өзінің әйгілі “Әнәл-Хақ” (мен Хақпын) деген сөзімен кең танымал.


Полную версию материала можете скачать на сайте zharar.com через 10 секунд !!!


Теги

қожа ахмет ясауи шығарма қожа ахмет ясауи шығармалары қожа ахмет яссауи шығармалары қожа ахмет яссауидің шығармалары қожа ахмет яссауидің өмірбаяны қожа ахмет яссауидің шығармалары қожа ахмет яссауи шығарма сочинения на казахском языке про кож қожа ахмет ясауи шығарма, қожа ахмет ясауи шығармалары, қожа ахмет яссауи шығармалары, қожа ахмет яссауидің шығармалары, қожа ахмет яссауидің өмірбаяны, қожа ахмет яссауи шығарма, сочинения на казахском языке про кожа ахмет яссауи, қожа ахмет яссауи шыгарма, кожа ахмет яссауи шыгарма, Қожа Ахмет Йасауи туралы шығарма, сочинен, қожа ахмет яссауи туралы қазақша реферат, жаяу муса туралы казакша реферат, жаяу муса туралы казакша омирбаяны, қожа ахмет яссауи туралы қазақша өмірбаяны, реферат на казахском языке жаяу муса, биография на казахском языке жаяу муса, биография на казахском языке, жаяу муса, реферат на казахском языке, қожа ахмет яссауи туралы, қазақша реферат, қожа ахмет яссауи, кожа ахмет яссауи туралы казакша реферат, кожа ахмет яссауи туралы казакша омирбаяны, реферат на казахском языке кожа ахмет яссауи, биография на казахском языке кожа ахмет яссауи, кожа ахмет яссауи, диуани хикмет өлеңдері, қожа ахмет яссауи хикметтері, кожа ахмет яссауи хикметтер
Комментарии для сайта Cackle