Жарлы Сүлеймен

 Жарлы Сүлеймен

Ертеде Сүлеймен пайғамбардың заманында бір Сүлеймен деген жарлы кісі отын арқалап сатады екен. Бір күні отыны өтпей балалары аш қалыпты. Сол күні түнде Сүлеймен пайғамбар әскерлерімен әлгі жарлы үйінің қасына келіп қоныпты. Таң атқасын жарлы Сүлеймен пайғамбарды көріп арызын айтқалы жүгіріп келеді. Есік алдындағы кісілер оны тінтіп көрді де жіберді...

Жарлы Сүлеймен келіп:

— Тақсыр, сенің де атың Сүлеймен, менің де атым Сүлеймен. Сізді Алла тағала бақытты етті, мені кедей етті. Бүгін базарда отыным өтпей балаларым аш жатты. Сізді көргесін қуанып мұңымды айтайын деп келдім, – деді. Жарлыны Сүлеймен жақсы қарсы алып, бір гауһар тас берді. Шал байғұс гауһарды алып қуанып үйіне қайтты. Жолда гауһарды бір бұтаның басына қойып өзі отырып дем алды. Сол уақытта аспаннан бір қара құс келіп жарқырап тұрған гауһарды алып кетті. Сонан шал байғұс Сүлейменге келді. Келіп:

— Тақсыр, берген гауһарыңыздан айрылып қалдым, – деп, болған жағдайды айтты. «Қайыр, бұйырмаған шығар», – деп, Сүлеймен пайғамбар тағы бір гауһар берді. Далаға шыққасын жарлы сақтық жасап гауһарды сәлдесіне мықтап орап алды. Біраз жерге келгенде жарлыға екі жаяу жігіт кездесті. Екеуі де мас екен, басындағы сәлдесін тартып алып қашып кетті. Шал байғұс амалсыздан Сүлейменге тағы келді. Келді де:

— Сәлдеме мықтап байлап алып едім, бір-екі кісі кездесіп тартып алып қашып кетті, – деді.

— Қайыр, бұйырмаған екен, – деп тағы бір гауһар берді. Шал тысқа шығып оны ышқырлыққа мықтап тығып алып, жолға түсіп кете берді.

Біраз жер жүрген соң екі ортада бір өзенге жолықты. Өзеннен өту үшін еңкейіп балағын түріп жатқанда гауһар суға домалап түсіп кетті. Шал гауһардан айрылып Сүлейменге тағы келді.

— Тақсыр, гауһардан тағы айрылып қалдым, – деп, шынын айтты. Сүлеймен тағы да берейін деп, бір гауһарды қолына алғанда, шал:

— Тақсыр, енді маған батаңызды беріңіз! – депті.

Сүлеймен:

— Бұдан былай малың, нәсібің, бақытың арта берсін, – деп, батасын берді. Батаны алып шал үйіне жүре берді. Шал келе жатып жолынан адасып кетті. Жүре-жүре бір терекке кездесті. Теректің басынан бір ұя көрді. Шал: «Осы теректің басына шығып ұяны бұзып алайын. Ауылға арқалап барсам, кемпірім шай қайнатып береді ғой», – деп ойлады.

Сөйтіп теректің басына шықты. Шықса, ұяның ішінде бағанағы құс алып кеткен гауһар жатыр екен. Шал гауһарды тауып алды, теректің басында тұрып аулының жолын болжап алды. Теректен түсіп аулына қарай жүрді. Біраз жер жүргесін жол шетінде тұрған бір жаман тамды көрді. Тамға кірсе бағанағы сәлдесі тұр екен. Екі мас соның ішіне тастап кеткен екен. Оны да тауып алып, шал қуанып үйіне келді. Келсе, кемпірі бір балық сатып алып: «Шалым ашығып келеді ғой», – деп тазалап жатыр екен. Тазалап ішін жарып жіберсе, балықтың ішінен баяғы гауһар шыға келеді. Сөйтіп, жарлы шал үш гауһарды да сандыққа салып қойды. Ауқаттанып болғаннан кейін бір-екі күн демалды, балтасын қолына алып тоғайға барып отын шапты. Екі-үш күн шапқан мол отынын үйіп, үйіне қайтты.

Бір күні Сүлеймен пайғамбар әскерімен сахараға шығып бір жерлерге келгенде, жаңбыр жауып кетті. Үсті-басы су болып, баяғы шалдың үйген отынының үстінен шықты. Сонда Сүлеймен:

— Осы отын кімдікі болса соныкі болсын, жағып, отына жылынып, кептірініп алыңдар, – деді әскеріне. Сөйтіп, барлығы отынды жағып жылынып, кептірініп жауын басылған соң кетіп қалды.

Ертеңіне шал келсе, отынның бәрі алтын мен күміс болып қорып қалған екен. Шал байғұс кемпірімен екеуі үйіне тасып, жинап алып қазынаға қарық болыпты.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 1 020



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!