Түс сатып алған тазша

 Түс сатып алған тазша


Ертеде бір бай болыпты. Байдың үйінде жүрген бір күң болыпты. Күң жатса, түс көріпті; басынан ай туыпты, аяғынан күн шығыпты, жүрегінің басынан екі жұлдыз туыпты. Ертең ерте тұрыпты. Бір байдың сиырын баққан тазша балаға келіпті.

Бала айтыпты:

— Е, жеңеше, қайда барасың?

Күң айтыпты:

— Сенің байыңа жалданғалы келдім.

Сиыр баққан бала айтты:

— Сен өтірік айтасың, сен бірдеме іздей барасың.

Күң айтты: «Түсімді іздеп барамын».

Бала айтты:

— Айтшы, не қылған түс?

Күң айтты: «Айтайын, ұйықтап жатыр едім, түсімде: басымнан ай туыпты, аяғымнан күн шығыпты, жүрегімнің басынан жұлдыз туыпты. Сол түсімді іздеп келемін».

Бала айтты: «Осы түсіңді маған сатшы». Қүң: «Не бересің?» – деді. «Құнан шығар өгізім бар, сол өгізімд берейін», – деді. Қатын айтты: «Жарайды, түсімді берейін». Бала құнан өгізді берді, қатын алды, үйіне кетті. Бала кешке сиырын айдап үйіне келді. Сиырын қораға қамады. Темірден етік соқтырды, темір таяқ соқтырды, ертең ерте тұрды, беті-қолын жуды. Сиырын жаймады. Темір етік киді, темір таяқты қолына алды, кетті.

Бір уақытта темір етіктен теңгедей қалды, темір таяқтан тебендей қалды. Бір шаһарға келді. Бір ханның есігінің алдында жатты. Түн ортасы болғанда, екі арғымаққа алтынды пәуеске жеккен бір ханның баласы бұл ханның қызын алып қашайын деп келіпті. Екеуі сөйлесті, қыз айтты: «Тұра тұр! Әкем ұйықтасын». Түсін іздеп келген бала бәрін есітіпті. Ханның баласы тазша балаға сүйеніп жатып ұйықтапты. Бір уақытта тазша түрегелді, терезеге келді. Қыз айтты: «Келдің бе?». Бала айтты: «Келдім». «Қоржынды әпер!» – деді қыз. Бала пәуескеден қоржынды әперді. Қыз ішін толтырды. Жігітке айтты: «Екі арғымақты ертте!» Жігіт ерттеді. Екі қоржынды алды, артына бөктерді. Қыз үйінен шықты, екеуі екі арғымаққа мінді, кетті. Манағы ханның баласы ұйықтап қалды.

Қыз жігітті таң атқан соң таныды, ханның баласы емес екенін. Қызға ой түсті, қашайын деп еді, қаша алмады. «Қашсам, мені бұл еркек тірі қоймайды ғой, қашпайын! Мені қосқан Құдай шығар тиейін», – деді. Бір уақытта бір шаһарға келді. Қыз айтты: «Е, жігітім, жерің бар ма? Әкең бар ма? Бауырың бар ма?» – деді. Жігіт айтты: «Елім де жоқ, әкем де жоқ, бауырым да жоқ, қайдан келіп, қайдан тұрғанымды білмеймін». Қыз айтты: «Енді біз осы шаһарда тұрамыз, патшаға мәлімдемейік», – деді. «Жарайды», – деді жігіт. Қыз айтты:

— Бір үй сатып ал,

Үйіңнің сырты жаман болсын,

Үйіңнің іші жақсы болсын,

Ішінен аққан бұлақ болсын,

Ішінде бәйтерек болсын,

Бәйтеректің басында өрік-мейіз тұрсын!

Бірден ауызға түсіп тұрсын.

Осы орамалға ділдә салып берейін, осыған берсе алып кел, мен тұра тұрайын, мен кетеді екен деп ойлама.

Екі арғымақты алып қыз қалды, жігіт жедел жүріп кетті. Таңертеңнен шарлап бесінде бір үй тапты, үйдің ішіне жігіт еніп келді. Еніп келсе, бір жігіт, бір ұрғашы отыр екен.

– Ағеке, үйіңді сатамысың? – деді. Үйдің иесі айтты: «Сатамын! Кір, мында, аққан су - мынау, сүттен аппақ, бәйтерегім - мынау, басыңдағы өрік-мейіз - анау, ауызға тамшылап бір-бірден түсіп тұрады», – деді.

Жігіт айтты: «Не аласың?» Үй иесі айтты: «Сенің әлің келмес». Жігіт айтты: «Осы орамалдағымды берейін, аламысың?» «Орамалыңмен бер, алайын», – деді. Жігіт берді. Үй иесі айтты:

— Қатын екеуіміз шығамыз, аяқ-табақ, төсек-орын сенде қалсын! Маған керегі жоқ, – деді. Жігіт айтты: «Жарайды», – деді. Қатыны мен ері үйден шығып кетті. Жігіт манағы қатынына келді, келсе, отыр екен.

— Жігітім, үй таптың ба?– деді.

— Таптым.

— Жарайды.

Екеуі арғымағын жетектеп, сатып алған үйіне келді, қатыны көрді: «Бәрекелді, жарайды», – деді. Ол күні жатты. Ертесіне тұрды, беті-қолын жуды. Қатыны айтты: «Мен тамақ пісірейін, сен барып шаһардың дуанбасына хабар бер, патшаны шақырсын, біздің үйімізге келсін деп айт», – деді.

Бала кетті, дуанбасына хабар берді: «Патшаны шақырыңыз, біздің үйге келсін және осы шаһардың жақсысының бәрін де шақыр», – деді. Бір уақытта дуанбасы патшаны, бәрін шақырып келді. Жігіт дастарқан жайды, ас әкеліп, патшаның алдына қойды. Патша айтты:

— Апырым-ай, асының тәттісін-ай! – деді. Қасындағы уәзірлер айтты: «Жігіттің қатынын көріп келейін».

Хан айтты: «Тоқтай тұр, ұят болар», – деді. «Не ұяты бар?» – деп, уәзір көруге кетті. Көріп, қайтып ханға келді. «Апырым-ай, хан-ай! Айтса айтқандай көркем екен, сіздің қатыныңыз оның қолына су құюға жарамайды екен».

Хан айтты:

— Апырым-ай, көркем менің қатыным ба десем!»

Хан жұртын жиды, ақыл сұрады. «Бұл жігіттің қатынын қайтып аламын?» – деді. Жұрт айтты: «Алмай несі бар? Сіз шақырып алып айтыңыз: «Шешем менің ауру еді, аю мен жолбарыстың екеуінен екі шелек сүт сауып әкел», – деңіз. Сонда ол барар, содан ол қайтып келмес. Сонда сіз қатынын аларсыз», – деді.

Хан айтты: «Жарайды, жұртым!» Хан жігіт келсін деп шақырды, жігіт келді, хан айтты: «Е, жігітім, не қылып жүрген жансың? Қайдан келдің, қайдан тұрдың, елің бар ма, жұртың бар ма?» – деді.

Жігіт айтты: «Алдияр, тақсыр! Елім де жоқ, жұртым да жоқ, қайдан келіп, қайдан тұрғанымды білмеймін», – деді. «Білмесең менің шаһарымда тұр, адам саған зорлық қылмас. Менің шешем ауру, сені бір жұмысқа жұмсаймын», – деді. Жігіт: «Барайын»,– деді. Патша: «Барсаң, аю мен жолбарыстың екеуінен екі шелек сүт сауып әкел, әкелмесең, басыңды аламын», – деді.

— Жарайды, – деп, жігіт үйіне жылап келді.

— Неге жылайсың? – деді қатыны.

Жыламай қайтейін, хан бір қиын жұмысқа жұмсады. Аю мен жолбарыстан екі шелек сүт сауып әкел, әкелмесең, басыңды аламын, – деді.

Қатыны айтты: «Қорықпай, ханға барып, ханнан қырық күн мұрсат сұра», – деді.

Жігіт жүгіріп ханның үйіне келді.

— Алдияр! Жұмсаған жұмысыңызға барайын, қырық күн мұрсат бер, – деді.

Жарайды, ал, – деді хан. Жігіт үйіне келді. Қатыны:

— Мұрсат берді ме? – деді. Жігіт айтты:

— Берді, – деді.

Қатыны айтты: «Шаһарға бар, мойнында арқаны бар, арқасы жауыр, бір шабдар ат сатып ал».

Жігіт шаһарға келді, бір шабдар атты бір жігіт сатамын деп, жетектеп жүр екен.

Атыңды сатамысың, ағеке? – деді.

— Сатамын, не бересің?

— Қайдан білейін, өзің сұра.

— Екі жүз сом бер.

— Жүз елу сом берейін.

Жүз елу сом беріп, арқасы жауыр, шабдар атты алып үйіне келді. Қатыны айтты: «Сен қырық күн үйде отыр, оразаңды ұста, мен шабдар атты алып кетемін, семіртіп әкелемін», – деді.

— Жарайды, – деп байы қалды. Қатыны шабдар атты жетектеп кетті. Қырық күн болды дегенде шабдар атты жетектеп қайтып келді. Шабдар атты семіртіпті, байына айтты:

— Ер менен тоқым әкел.

Шабдар атты ерттеп кел.

Алдыңғы айылын бос тарт.

Артқы айылын берік тарт.

Шабдар атқа мін!

Тоғайдағы аюды айдап кел,

Тоғайдағы жолбарысты айдап кел.

Тоғайға барғанда, шабдар атты борбайға салып қал, шабдар аттың дауысын естіген соң, аю мен жолбарыс бір жерге жиылар. Сонда алдыңа салып айдап кел, алдыңнан хан кісі жіберер: «Қойсын, айдамасын, шешем жазылды», – деп айтар. Сонда сен болмай, үйіне айдап кел, – деді.

Жігіт шабдар атты ерттеді, алдыңғы айылын бос тартты, артқы айылын берік тартты. Шабдар атқа мінді, бір тоғайға келді. Шабдар атты борбайға салып қалды. Шабдар аттың шыңғырған дауысын аю мен жолбарыс естіді, бір жерге жиылды. Жігіт алдына салып айдады. Жолда көрінген малды да, жанды да жайпады. Алдынан хан кісі жіберді: «Шешем жазылды, айдап келмесін», – депті. Жігіт тілін алмады, үйіне айдап келді, екі темір шелекті қолына алды, аюдан бір шелек, жолбарыстан бір шелек сүтті сауды, ханның үйіне керек болса, «мә» деп әкелді. «Керегі жоқ, төгіп таста», – деді хан. Жігіт шелектегі сүтті төгіп тастады, аю мен жолбарысты жолға салып қуып жіберді. Жігіт үйіне келді.

Хан елін, жұртын жиды: «Ақыл тауып беріңдер, қайтып мен жігітті өлтіріп қатынын аламын?» – деді. Жұрт айтты: «Өлтірмеңіз, бір қиын жұмысқа жұмсаңыз, соны барып алып келсе, келді, келмесе, қатынын аларсыз», – деді. Жігітті хан шақырды: «Әй, жігітім, бір жұмысқа жұмсайын, барамысың?» – деді. «Барамын», – деді. «Барсаң, мен сені өртеймін, сексен арба сексеуіл әкел», – деді. Жігіт айтты: «Жарайды, бармаймын». Хан айтты: «Бармасаң, басыңды аламын». Жігіт үйіне келді, жылады. Қатыны: «Жылама, үш күн мұрсат сұра», – деді. Хан үш күн мұрсат берді. «Сен, жігітім, бар, сексен арба сексеуіл алып келіңіз деп, ханға айт», – деді қатын. Жігіт барды, айтты, хан сексен арба сексеуіл алғызды. Бір жерге үйді. Қатын жігітке айтты: «От жағар, төңіректің төрт бұрышын тұман етермін, сен сексеуілдің үстіне шығып тұр. Сонда көк кептер болып, сені көтеріп алып кетермін».

Сексеуілді хан үйді, жігіт үстіне шықты. Сексеуілді хан өртеді, төңіректің төрт бұрышы тұман болды, жігіттің қатыны көк кептер болып келді де байын көтеріп алып кетті. Қатыны байын үйіне алып келді. Үш күн, үш түн сақтады, үш күн өткен соң, таң атқан соң, күлдің орнына еніп жата қал деді.

Байы ертесіне ерте тұрып, күлге келіп, күлдің ішінде жасырынып жатты. Таңертең хан келді. «Тірі ме екен, тірі емес пе екен, келмес пе екен, көрейін», – дейді. Жігіт күлдің ішінен түрегелді. «Ассалаумағалейкум, алдияр», – деді. «Әлейкумассалам, жігітім», – деді хан.

Хан жұртын жиып алып айтыпты: «Сексен арба сексеуіл әкеліп мені өртеңдер, әкемнің қасына барармын, үш күнде қайтып келермін, үш күнде келмесем, артымда қалған жігіттерім, сендер келіңдер», – депті. Сексен арба сексеуіл әкеліпті, бір жерге үйіпті, ханды өртепті, хан күйіп кетіпті.

Шәрде тәуір, маңызды жігіттер қалыпты, қыз, қатын қалыпты, жігіт шәрді билепті, өлген ханның қызын алыпты, өзі хан болып тұрыпты. Бастапқы қатыны бір ұл тауыпты. Ұлды жігіт төсіне мінгізіп жатыпты. Жігіт солай жатып күліпті. Бастапқы қатыны сұрайды: «Неге күлдің, мырзам?» – дейді. «Әншейін күлдім». «Жоқ, айт, ойыңа бірдеме түскен шығар». Жігіт айтты: «Айтайын саған! Сен сөзімді есті, жас күнімде әкеден, шешеден жетім қалған едім, сөйтіп жүргенімде, бір байдың сиырын жайдым. Жалшы болып сиыр жайып жүргенде, күндердің бір күні бір қатын келді. Қатынмен амандасып, есендестім. «Қайда бара жатырсың?» – дедім. Қатын: «Бір түс көрдім», – деді. «Не түс, айт?» – деп сұрадым. Қатын: «Ұйықтап жатыр едім, түсімде басымнан ай туыпты, аяғымнан күн туыпты, жүрегімнің тұсынан жұлдыз туыпты, осы түсімді іздеп келемін», – деді. «Түсіңді сат», – дедім. Ол қатын маған түсін құнан өгізге сатты. Үйге келіп, кешке темірден етік, таяқ соқтырып, темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанша жүрдім, сөйтіп жүріп сізге душар болдым, соған күлдім».

Үлкен қатын айтты: «Оның несі бар? Басыңнан ай туғаны мені алдың, аяғыңнан күн туса, ханның қызын алдың, жүрегіңнің басынан жұлдыз туса, мынау балаң. Түс қабыл болды», – деді.


Толық нұсқасын 30 секундтан кейін жүктей аласыз!!!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇
  • Автор: Umit
  • 930



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі