Мұхтар Шаханов (1942)

 Мұхтар Шаханов (1942)

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Мамандығы тракторшы, филолог. 1969 жылы Шымкент педагогикалық институтын сырттан оқып бітірген.
КСРО Жазушылар Одағының мүшесі (1969), КСРО Жазушылар Одағының пленум мүшесі (1978), «Жалын» альманахының (1984), «Жалын» журналының бас редакторы (1986), Қазақстанның халық жазушысы (1996), Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының хатшысы (1986), Республикадағы тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс - Арал және Балқаш проблемалары жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы (1988), 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі аясында қазақ халқына «ұлтшыл» деп кінә таққан КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының қаулысына қарсы және сол Желтоқсан кезіндегі шындықты қалыптастыру жөнінде тұңғыш рет Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында (1988), КСРО халық депутаттарының І-ші съезінде (Кремль, 1989) батыл мінез көрсетті. КСРО билігі бұған құлақ аспаған соң белгілі ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты А.Сахаровтың, кейіннен Ресейдің тұңғыш Президенті болған Б.Ельциннің қолдауымен бұл проблеманы КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясында екінші рет қайта көтеріп, КСРО Президенті М.Горбачевты Желтоқсан оқиғасын зерттеу және оған түбегейлі баға беру жөнінде жаңа комиссия құруға мәжбүрледі. Бұл комиссия КСРО билігі жүріп тұрған кездің өзінде-ақ КОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросына Одақта бірінші боп саяси айып тақты... М.Шаханов 1926 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі тойлауға тыйым салған «Наурыз» мерекесінің 62 жылдан соң қайта салтанат құруына мұрындық болды (1988 ж.). 1989 жылы 22-қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі орыс және қазақ тілдеріне бірдей мемлекеттік дәреже берген заңды қабылдап, тіпті оған дүркірете қол соғып қойғанда, екінші рет қайта шығып сөйлеп, депутаттарды қазақ тілін жеке мемлекеттік тіл жасауға үндеді және қабылданған заңның үлкен зардабы болатынын ескертті. М.Шаханов ұсынысы Президенттің қолдауымен дауысқа қайта салынып қазақ тілі жекедара мемлекеттік мәртебе иеленді. Ақын соңғы жылдары «үш тұғырлы тілге» де, тікелей қазақ халқын және республикадағы аз ұлттарды тікелей жоюға алып баратын, бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа» да батыл қарсылық танытып келеді.
М.Шаханов 1989-91 жылдар аралығында КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, 1990-93 жылдары - республика Жоғарғы Кеңесінің, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды.
1992 жылы М.Шаханов Олжас Сүлейменовпен бірлесіп «Халық конгресі» партиясын құрды. Бірақ екі тілде тәрбиеленген екі тұлға арасында ұлттық мүдде мен космополиттік ағым жүйелі көзқарас таба алмағандықтан партия ұзақ ғұмыр кеше алмады. 1993-2003 жылдар аралығында М.Шаханов Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2001 жылдан «ХХІ ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті, 2004 жылдан «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы, 2010 жылдан «Тәуелсіздікті қорғау» атты 50-ден астам қоғамдық ұйымдардың, партиялардың, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық «Жалын» журналының Бас редакторы.
М.Шахановтың «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. Оның шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тілдеріне аударылды. Автордың Ш.Айтматовпен бірлесіп жазылған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабы мен «Сократты ескеру түні» атты драмасы да бірнеше елдің кітап дүкендерінен, сахналарынан орын тепті.
Ақын өз елінің мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарынан, «Халық қаһарманы» атағынан, орден, медалдарынан жүйелі түрде бас тартты. Ол оны былай түсіндіреді. «Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына еткен қызметі үшін жылу дәметпеуі керек. Отан да өзінің дараланған перзенттерін марапаттап отыруы шарт. Бірақ ол өте әділетті түрде шешім табуы тиіс. Қазір елімізде кез-келген заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ұрылардың ең кемі екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді. Ал шет мемлекеттер ұсынған сыйлықтарды алатын себебім, ел перзентіне көрсетілген, есепке құрылмаған риясыз құрмет сәл де болса республикамыздың рухани мәртебесін өсіреді».
Мұхтар Шаханов - «Қырғыз Республикасының халық ақыны», жиырмадан астам шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» атағының иегері. 2002 жылы М.Шахановқа «Жазагер жады космоформуласы» атты шығармасы үшін Калифорния Ғылым, Индустрия, Білім және Өнер академиясының А.Эйнштейн атындағы Алтын медалі мен Түркияның Гебзе қаласында «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағы берілді. «Нобель» сыйлығының 100 жылдығына орай Тамбов қаласында өткен «Нобель» сыйлығы лауреаттары мен нобелшілердің халықаралық конгресінде «Нобель» ақпарат орталығы, «Нобель» қоры, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясы бірлесіп бекіткен «Нобельдің Алтын медалімен» марапатталды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Ораза кестесі 2024 жыл. Астана, Алматы, Шымкент т.б. ауыз бекіту және ауызашар уақыты
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу

Соңғы жаңалықтар:
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!
» 2024 жылы студенттердің стипендиясы қанша теңгеге өседі