Абай Құнанбаев (Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа)

 Абай Құнанбаев (Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа)

Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән - көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?
Көбінесе ән басы келеді ащы,
"Кел тыңда!" деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.

Анықтама

«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа...» - Абайдың 1896 ж. жазған өлеңі. Көлемі 38 жол. 1897 жөне 1898 жылдарда Абайдың өзге өлеңдерімен қатар тапқан тағы бір тың тақырыбы бар. Ол - қазақтың әніне арналған өлеңдері. Біреуі - «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», екіншісі - «Құлақтан кіріп бойды алар». Осы аталған әрі терең толғаулы, әрі әсем және бар сапасы бөлек соны шығармалар қазақтың әні мен күйіне арналған. Бұл да қазақ поэзиясында бұрын жекеше баға беріп, әсіресе Абайша үлкен эстетикалық ойшылдық баға беріліп, қозғалған тақырып емес. Абай бұл жайға өзінің ірі суретші, ойшылдық тұрғысынан қараумен, өз ақындығының қаншалық кең құлашты екенін көрсетеді. Анығында, өз тұсы мен өзіне шейінгі замандағы қазақтың қоғамдық, шаруашылық, үй ішілік, ой-саналық, тіл-өнертудырғыштық, тірлік - барлық - барша тақырыптарын Абай түгел шолады. Осындайлық өзі берген деректер мен мұраларына қарап біз Абайды анық өз заманындағы қазақтың заттық, әлеуметтік және рухани тіршілігінің энциклопедиясын берген дана классик деп, толық бағалай аламыз. Екінші айтылатын бір жай: Абай өз халқының тілі мен өнерін, анық халықтық қазыналық қасиетті жақтарын аса зор бағалаған. Оны сан рет өлеңге арналған шығармаларынан бір көрсек, осы тұста елінің ән-күй қазынасына арналған шығармаларынан, әсіресе, тағы да толық танимыз. Мынау өлеңдерде Абайдың еске алып отырғаны - жалпы ән емес, қазақ халқының өзінің әні

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Қарап көріңіз 👇



Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру

Соңғы жаңалықтар:
» Ораза айт намазы уақыты Қазақстан қалалары бойынша
» Биыл 1 сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 2024 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады.
» Жұмыссыз жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі ҚАЙТЫМСЫЗ гранттар. Өтінім қабылдау басталды!